30 Қыркүйек, 2011

Зауыт өніміне сұраныс жоғары

306 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының «Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауын­да айтылып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен жүзеге асқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сының құнды жобалары ел игілігіне қызмет етуде. Осылайша индустриялық даму арқылы еңбек өнімділігі артып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағыты айқындалды. Экономиканың шикізаттық емес секторына салынған отандық және шетелдік инвестиция көлемі артуымен жұмыссыздық мәсе­лесі де шешімін тауып келеді. Осы орайда шағын және орта кәсіпкер­лік­пен айналысатындар еңбегі қат-қабат тірлікке ұласқан. Өйткені, биылғы міндет ау­қымы күрделі. Жетісуда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 8 жобаны пайдалануға беру жоспарланса, оның бесеуі алғашқы жарты жылда жүзеге асты. Мәселен, халықаралық стандартқа сай құрылысқа қажетті профильді құбыр шыға­ратын «Sonik», битум өндіретін «Юр­Инвест­Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқа да кәсіпорындар өз жұмыстарының тиянағын келтірген. Атал­ған жаңа жоба барысында жүздеген адам жұмыспен қамтылып, халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайы көтеріліп келеді. Астанада өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» атты индустриялық-ин­новациялық форумда Елбасы телекөпір арқылы еліміздегі жобалардың халықтың жарқын болашағы үшін жұмыс жасайтынын атап өтті. Жаңадан іске қосылған кәсіп­орындар қатарындағы Іле ауданындағы «Sonik» кәсіпорны өз мүмкіндіктерін, бағы­тын айқындап, рынокта сұранысқа ие металл өнімдерін өндіруге тәуекел жасаса, бұл өз жемісін бергенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Байсерке селолық округі аумағындағы «Даму» индустриялық-логистикалық орта­лы­ғы­ның маңынан 3,15 гектар жер телімін алған кәсіпорын металдан тұтынушылар сұранысын қанағаттандыратын халықара­лық стандарттарға сай төрт қырлы, әр түрлі мөлшердегі құбырлар, сым темір­лердің алуан түрін шығарып отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары «Sonik» компания­сы­на, өндіріс­тік цехты тиісті қондырғы­лар­мен жабдық­тау міндеті «STS Сталь центр» компа­ниясына тиесілі. Компания мамандарының қатысуымен алғашқы кезекте құрал-жаб­дық­тар толық орнатылып, қондырғылар Қытай Халық Республикасы­нан жеткізілген. Құрылғыларды орналас­тыру, ав­то­матты жүйе­ге қосу және компьютерлендіру жұмыс­тарына қытайлық мамандар тартыл­ған. «Sonik» компаниясының директоры Сергей Сон кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен та­ныс­тырған сәт әлі де көпшілік есінде. Сәлеметсіз бе, құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, деген еді толқып тұрған зауыт бас­шысы сол жолы. Біз бүгін профильді құбыр шығаратын зауытты іске қосамыз. Бұған дейін мұндай өнімдер тек таяу және алыс шетелдерден тасымалданып келді. Бүгін біз жылына кемінде 10 мың тонна өнім өнді­ретін зауыттың алғашқы кезегін іске қос­пақпыз. Алдағы екі жылда екінші кезегі іске қосылады. Сол тұста өнім өндіру көлемі төрт есеге ұлғаймақ. Осының бәрі «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарламасы аясын­да мүмкін болып отыр. Ұжым мүше­лері мемлекеттің  қолдауын жан-жақты сезінуде. Сіздің жүргізіп отырған саясатыңызды шы­найы қолдаймыз. Біз индустрияланған қуат­ты Қазақстан жағындамыз. Нық сенім, батыл қадаммен зауыт жұмы­сын бастап кетті. Негізгі өндірістік цехта 60-қа тарта адам еңбек етуде. Олардың орташа айлықтары 70 мың теңгені құрайды. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскен жағдайда жұмысшылар саны 150-ге жеткізілмекші. Зауыт ұжымы ИСО-9001 сериялы халықаралық сапа жүйесіне ену үшін ізденіспен еңбек етуде. Елімізде бұған дейін бұл тектес жоба болмаған. Демек, жаңаға бет алған кәсіпорынның ертеңінен үлкен үміт күтуге болады. Қазіргі кезде негізгі өндірістік цех жұ­мыс істегенімен алдағы ке­зеңде темірді жону және дә­некерлеуге арналған қосым­ша цехтар салынбақшы. Бұ­ған қоса дайын өнімдер қоймасы, әкімшілік ғимараты, асхана салу мәселелері бар. Кәсіпорын іргесінен тұр­мыстық кешендер бой көте­ріп, оның болашағынан бағдар бергендей. Ауқымды жобалардың қата­рын­дағы кәсіп­орында өндірілетін өнім мөлшері де жыл сайын артатыны анық. Болашақта құбырлар мен сым темірлерді өндіру жылына 40 мың тоннаға дейін жеткізілмекші. Сол кезде компания өз өнімдерімен еліміздің оңтүстік өңір­лерін толықтай қамтамасыз етуге қабі­летті болады. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанға өз өнім­дерін шығарып, экспорттау міндетін алға қоюда. Кәсіпорын өнімі әртүрлі мөлшердегі төрт қырлы темір құбырлар, металл конс­трукциялары, үстел, орындық, тақта сияқты тұтыну заттарын жасауға кеңінен қолда­нылады. Сондай-ақ азаматтық әс­кери құ­рылыс және басқа салалар  көп­теп тапсырыс берген. Жиһаз жа­саушыларға да таптыр­майтын өнім. Алысқа барма­ғанның өзін­де, соңғы бірер ай көлемінде Ал­ма­ты­дағы «ZETA» жиһаз фабри­касы үлкен мөлшер­де тапсырыс беріп, келісім-шарт жасасқаны осының дәлелі. Өндірістің дамуы көбіне шикізат көзіне байланысты. Тоқырау жылда­рын­да көптеген отандық өндірістер осы мә­селеден зардап шегіп, жұмыстарын тоқтат­ты. Кәсіпорын бұл жағынан тапшылық көрмейді. Негізінен Қарағанды металлургтеріне үлкен сенім артылып отыр. Тіпті, түйінді мәселелер туындаған жағдайда Ресейдегі Магнитогор, Батыс Сібір металлургия комбинаттарының көмегіне жүгіне­тін­діктерін айтады. Қазірдің өзінде осы бағытта келісімге қол жеткізілген. Жастар туған жерінде тер төгіп, еңбек етуге қашанда дайын. Зауыттағы қайнаған еңбектің ортасында жалынды жастар да бар. Бізге мұнда барлық жағдай жасалған. Айлық уақтылы беріледі. Денсаулықты нығайтуға да мүмкіндік бар. Біз Президентті қолдаймыз. Еліміздегі саяси тұрақтылық, ел дамуы басты байлық екенін түсінеміз. Тәуелсіздік тойына деген ұжым мүшеле­рінің еңбектегі құлшынысы ерекше, деді Елдос Қадырбеков әңгіме арасында. Іледегі кәсіпорынның жалпы құны 1 млрд. 885 млн. теңге. Қысқа мерзімде таза пайдаға шығу да ойда бар. Елбасының қолдауымен жұмысын бастаған жаңа кәсіп­орындағы еңбек көрігі осылай жалғасуда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.