01 Қазан, 2011

Елеусіновтің екпіні

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Бакуде бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатының бесінші күні біздің құрамадан шаршы алаңға 64 кило салмақтағы Данияр Елеусінов шығып, шотландиялық Джош Тэйлормен қолғап түйістірді. Осы кездесуде қолына был­ғары қолғап кигелі бері алғаш рет әлем чемпионатына қаты­сып жат­қан біздің боксшы қар­сыла­сын айқын басымдықпен жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Бұ­ған дейін жасөс­пі­рім­дер арасын­да әлем чемпио­ны, жастар ара­сын­дағы әлем біріншілігінің кү­міс жүлдегері, былтырғы жылғы жазғы Азия ойын­дарының жеңім­пазы атан­ған астаналық бокс­шы­ға ұлт­тық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бекер сенім артпапты. Кездесуде ол өзін ер­кін сезініп, бірінші раундтан бас­тап-ақ соққылар жасауға көшті. Шотландиялық та осал бокс­шы емес екен, біздің боксшы­ның шабуылына жауап қайтару­ға ұм­тылып отырды. Бірақ екінші раундта Елеусінов қарсы­ла­сын нок­даунға жіберді. Алайда, Тэйлор есін тез жинады. Осы кезде ұлттық құраманың бапкері Мырзағали Айтжанов пен өзі­нің жеке бапкері және әкесі Марат Елеусіновтің шар­шы алаң­ның сыртынан Данияр­ға кеңестерін беріп, қамшылап жат­қанын да көзіміз шалды. Бапкер­лерінің айт­қан сол ақыл-кеңесімен боксшы да алға ұмтылуын жалғас­тырып, қарсыласына бірнеше әдемі соқ­қы­лар жасап үлгерді. Қазақ бокс­шы­сының қаһарына іліккен Тэй­­лор кездесудегі есепті теңес­тіру­ге тырысқанымен, онысынан ештеңе шықпады. Ал үшінші раунд таза тәуел­сіздіктің төл құрдасының басым­дығымен өтті десе болады. Сөй­тіп, кездесудің соңында осындай так­тиканы ұстанған боксшымыз шот­ландиялық қарсыласын 11 : 5 есебімен айқын жеңді. Біздің боксшының салмағында кубалық Рониел Солотонго, ағыл­шын Томас Сталкер, әзербайжан Гайбатулла Гаджалиев, мажар Гуила Кате, моңғол Мункх Ердене Уранчимес бар. Дегенмен, бокс­шы­ның әкесі және бапкері Марат Елеусіновтің айтқанындай, әр ай­қасқа дұрыс тактика ұстанып шы­ғатын қазақстандықтың биылғы әлем чемпионатынан дәмесі зор. Соңғы кездері елішілік жарыс­тар­да қарсыластарын шыдатпай жүрген боксшымыз былтырғы Азия ойындарында алтын тұ­ғыр­дан қол бұлғап, өзін жақсы қырынан көрсеткен болатын. Жалпы, осы жолғы әлем чем­пионатында Олимпия ойын­дары­ның 92 жолдамасы сарапқа салы­ну­да. Бұл сында Лондонға жолдама алу үшін боксшылар 49 кило, 91 кило және +91 кило салмақ дәрежелері бойынша үздік алты боксшының қатары­нан көрінуге тиіс. Ал өзге сал­мақ­тарда ширек финалға шықса да жеткілікті. Бүгін Баку рингіне 60 кило салмақта Ғани Жайлауов пен 75 килодағы Данабек Сужанов шығады. Екеуі де Қазақстанның бір емес, бірнеше дүркін чем­пио­ны. Жайлауов Жамбыл об­лы­сының өкілі. Команда сапын­дағы тәжірибелі боксшылардың бірі. Ол студенттер арасындағы әлем чемпионаты мен Азия чемпио­натында жеңіс тұғырына көтеріл­ген. 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатына да қатысты. Бірақ, сол кезде оның жолы бол­мады. Қазақ­стан­дық­тың биылғы чемпионаттағы ал­ғашқы қарсы­ла­сы – жапон Шота Накаяма. Данабек Сужанов ересектер арасындағы әлемдік додада ринг­ке алғаш рет шыққалы отыр. Оның қарсыласы – тайпейлік Янг Ю Тинг. Осы бәсе­кеге Өске­мен­нен Данабектің әкесі Жұмағұл Сужанов та келіпті. Баласына жанкүйер болу үшін ғой. Әкесі­мен күн сайын кездесеміз. «Жеңе ме? Жолдама ала ма?» деп сұраймыз. Өзі де кезінде төрт жыл бокспен айналысқан Жүкең: «Әзірше ештеңе айтпаймын. Бәрін ринг көрсетеді», дейді тура жауаптан қашқақтап... Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Бакуден.