Астанада «Көрме» көрмелер орталығында қазақстандық халықаралық «Демалыс-Astana Leisure 2011» туристік көрмесі өтті. Осыған орай, көрменің ашылу салтанаты болып, оған Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Қарлығаш Кәкен, Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Евгений Никитинский, Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғамбаев, Сондай-ақ «ITECA» ЖШС-ның туристік жобалар жөніндегі менеджері Виктория Павленко қатысты.
Аталған көрмеге Аргентина, Грузия, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Тайланд, Түркия, Швеция, Украина сынды елдерден алпысқа жуық компаниялар қатысуда. Ал мұндағы экспозиция өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайған.
«Демалыс- Astana Leisure 2011» көрмесінде төрт ұлттық туристік ұйым стендтерін назарға ұсынса, биыл Астанаға тұңғыш рет Грузияның ұлттық туристік ұйымы келіп отыр екен. Сонымен бірге бұл шарада еліміздің барлық өлкелері лайықты көрініс тапқан.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, компаниялардың дені жолдамалардың 40 пайызын осындай көрмелердің арқасында сатады екен. Сондықтан да бұл көрменің түпкі мақсатын бағамдау қиын емес.
«Егемен- ақпарат».