Ғұлама ғалым «Атам заманғы түркілер» атты және бір туындысында адамзат өркениетінің ғажап жазба ескерткіштерінің бірі саналатын ескі түркі жазуларына байланысты: «...Ескерткіштің алғашқысынан соңғысына дейін Тәңірлік дін туралы сөз болады. Томсен оқыған алғашқы сөздің ...tangri – «құдай», «көк» болғандығының мәні өте зор. Барлық жазудың құпиясын ашу осыдан басталады», – деген терең түйіндемесімен алдыңғы пікірін барынша тереңдете түседі.
Ендеше, діндер секілді, жаһандық білімнің бастау көзі де, ең алдымен, жазудан, яғни байырғы әліпбилерден басталғаны дау туғызбайтын шындық. Сосын, жазба тілдері болған байырғы өркениеттердің қай-қайсысы да экономикалық тұрғыдан болсын, саяси-мәдени және өнер-білім тұрғысынан болсын, халықтарының саны мен сапасы жағынан болсын өзгелерден озық болғаны күмән тудырмайды. Өйткені, алғашқы бақуатты да алпауыт империялар әлемнің кез келген аймақтарында емес, керісінше, Африка мен Азия құрлықтарындағы мыңдаған шақырымдарды көктей өтетін Нил, Ганг, Янзцы секілді ұлы өзендердің бойындағы топырағы нәрлі, жасыл-желегі мол әрі егін мен мал шаруашылығына ыңғайлы алқаптарда – Египетте, Месопотамияда, Персияда, Үндістанда және Қытайда ірі-ірі империялар өркен жайып, айналасындағы алыс-жақын аймақтарды өз биліктеріне бағындырған. Сонымен қатар, жазудың алғышарттары да, әлгі империялармен бірге бүршік ата келіп, жазуға, демек, оқуға деген адамзат өркениетінің сұранысы мен құлшынысын да қатар тудырғаны даусыз.
Бұл айтылғандардың дәйекті дәлелдерін жаһандық білім тарихын терең зерттеген әрі бірнеше танымдық туындылардың авторы, сондай-ақ, бүгінде АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Философиялық зерттеулер институтының директоры Чарлз Ван Дореннің «Білім тарихы» (Charles Van Doren. «History of Knowledge», New York, 1991) атты ғылыми құндылығы зор туындысында жинақталған дереккөздерінен де кездестіреміз.
Жоғарыда сілтеме жасалған ғылыми туындыда атап өтілгендей, алып империялардың және бір қозғаушы күші жазу тілдерінің болуымен тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, Қытай жазуының алғашқы үлгілері б.з. бұрынғы XVIII ғасыр мен ХІІ ғасырдың арасында қалыптасқан. Сондай-ақ, б.з. бұрынғы 1400-жылдар шамасында Қытай жазуының жүйесінде 2500-ден аса иероглифтер болған. Ол таңбалар б.з. бұрынғы 221-206 жылдар арасында айналымға түскенімен, көпшілігі бүгінгі таңда да дәл сол қалпында оқылатыны белгілі болып отыр. Қытай иероглифтері, сонымен қатар, жапон және корей тілдеріне де негіз болған, бірақ олардың әлгі тілдердегі ауызша дыбысталуы бөлекше.
Тарихи тұрғыдан, Қытай жазуының тамыры терең болғанымен, әлемдік тұрғыдан қарағанда, ең тұңғыш жазу үлгісі болып саналмайды. Себебі, бастапқы жазу үлгісі б.з. бұрынғы төртінші және үшінші мыңжылдықтар арасында Таяу Шығыста-
ғы Тигр мен Евфрат сынды алып өзендердің аралығындағы Месопотамия алқабын б.з. бұрынғы 8000-жылдарда мекен еткен әрі адамзат өркениетінің бесігі саналған шумер өркениетінің тілінен тамыр алғаны белгілі.
Байырғы шумерлердің сына жазуы, шамамен, 12000 таңбадан тұрған. Олар, негізінен, сан есімдер, есімдер, маталар немесе үй жануарларының атауларын білдіретін таңбаларды құраған. Демек, алғашқы жазу таңбалары, көбінесе, заттың санын тіркеу қажеттілігінен туындап, келе-келе қоғам дамып, жаңа ұғымдардың пайда болуымен байланысты, сол ұғымдардың атауларын белгілеуге ұласқан.
Шумер тілінің таңбаларын кейін Аккад, Вавилон және Ассирия мемлекеттері де қабылдаған және ол жазуды өздерінің төл таңбаларымен байыта түскен. Келе-келе халық сауаттылықтың кез келген азаматтың бақуатты болуына пайдалы екенін түсініп, білімге деген құштарлық пен құлшыныс уақыт өткен сайын еселеп арта түскен. Өйткені, жаза алу немесе жазылғанды оқи алу адамның ой-санасын дамытатын басты құрал екенін күллі адамзат түйсінген де түсінген.
Дәл осы тұста, келмеске кеткен Шумер, Аккад, Вавилон және Ассирия өркениеттерінің өлі тілдері бүгінде қайта тірілгендей әсер қалдыратынын айту парыз. Себебі, осыдан төрт-бес жыл бұрын «Iternational Herald Tribune» газеті Америкадағы Чикаго университетінің баспасынан, осыдан 2000 жыл бұрын қолданыстан шығып, өлі тілдерге айналған байырғы Месопотамия тілдерінің 21 томдық (Chicago Assyrian Encyclopedic Dictionary) сөздігінің жарық көргендігі туралы әлемді елең еткізер ақпарат таратқан еді. Толықтай құрастырып шығаруға тоқсан жыл уақыт жұмсалған байырғы Месопотамия, Вавилон және Ассирия диалектілерінің 21 томдық бұл сөздігі байырғы замандарда қыштан жасалған таблицалар мен сол таблица беттеріне ойып салынған сына жазуларын ғалымдардың үлкен легінің соңғы екі ғасыр бойы жан-жақты зерттеп-зерделеуінің нәтижесінде дүниеге келген. Әлгі газеттегі ақпараттың авторы, Джон Уилфорд, былай дейді: «Бұл тілдер − б.з. бұрынғы XXIV ғасырда әлемдегі алғашқы империяға билік еткен Аккад патшасы, Ұлы Саргон сөйлеген тілдер. Бұл тілдерді, сонымен қатар, б.з. 1700 жыл бұрын ойластырылған заң баптарын жария еткен Хаммураби де қолданған. Әлем әдебиетінің ең шоқтығы биік туындысы Гилгамеш атты эпикалық шығарма да осы тілдерде жазылған. Туған жерін сағынып, егілген жұбайын жұбатпақ болған әрі оған Вавилонда аспалы бақтар салдырып беруге уәде берген Навуходонсор да осы тілдерде сөйлеген».
Түйінделген осы ғылыми тұжырымдарға қарағанда, әлгі тілдердің қолданылу аясы өте кең болған. Кәсіпкерлер де, ирригациямен шұғылданатын мамандар да, өңделген астық өнімдерін кемемен тасымалдайтын саудагерлер де, тіпті, астрологтар да, қала берді, шипалы дәрі-дәрмектердің рецептерін жазып беретін дәрігерлер де осы тілдерді пайдаланғаны байқалады.
Осы тақырыпқа бағышталған арнайы бір ғылыми конференцияға қатысқан тарихшылар мен археологтар мен байырғы Семит тілдерінің мамандары аталмыш энциклопедиялық сөздікке өте жоғары баға берген. Мәселен, Чикаго университетінің Шығыстану институтының директоры Гил Штайн: «Бұл сөздік Месопотамия өркениетін зерттеумен айналысатын әр ғалым үшін баға жетпес құрал болып табылады», − дейді. Және бір ғалым, атап айтқанда, Джонс Хопкинс университетінің Семит тілдері кафедрасының құрметті профессоры әрі өз зерттеулерін 1960 жылдардан бермен қарай, аталмыш сөздікке негіздей жүргізіп келе жатқан Джеррольд Купер бұл энциклопедиялық еңбекті таптырмайтын құндылық дей келіп: «Бұл сөздік» б.з. 5000 жыл бұрын Месопотамияны мекендеген шумерлердің сына жазуларын зерттеуге үлкен жол ашады», дейді. Демек, бұл лингвистикалық туынды байырғы замандарда Тигр мен Евфрат өзендерінің қойнауында бой көтерген қала-мемлекеттердің, яғни бүгінгі Ирак пен Сирия жерінің біраз аймағын қамтыған ұлы өркениеттердің жазу жүйесінің 2000 жылды артқа тастап, бүгінгі таңда қайта түлеуінің басы болмақ. 28000 сөзден тұратын әрі олардың сан қилы мағыналары мен астарлы бояуларын толық ашатын әлгі сөздік б.з. бұрынғы 2500-жылдар мен б.з. 100-жылдар аралығын қамтиды. Бірақ өте терең зерттеу жұмысына өзек болған бұл сөздіктің «Чикагода басылған Ассирия тілінің сөздігі» («Chicago Assyrian Dictionary») деген атауында үлкен жаңсақтық бар сыңайлы. Өйткені, бұл жобаны 1921 жылы Чикаго университетінің Шығыстану институтының негізін қалаған Джеймс Генри Брестед (James Henry Breasted) қолға алған кезде, жинақталған жазба материалдардың көпшілігі байырғы Ассирия патшаларына тән мұра деген екіұшты пікір қалыптасқан. Оның үстіне, Библияда көрсетілген кейбір сілтемелерде де «ассириялық» деген термин байырғы Семит тілдерінің синонимі секілді әсер қалдырады. Ал шындап келгенде, әңгімеге арқау болып отырған ең негізгі тіл – байырғы аккад тілі.
Бұл ғажап туындыны құрамындағы сөздер мен олардың анықтамасын беретін жай ғана глоссарий ретінде қарастырғаннан гөрі одан әлдеқайда ауқымы кең энциклопедиялық ғылыми еңбек деп бағалаған лазым. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені, көп мағыналы сөздердің барлығының дерлік семантикалық астары мәдениетпен, тарихпен, әдебиетпен, заңдармен, дінмен, сауда-саттықпен және күнделікті дәстүрлі өмір салтына қатысты нақты деректермен жан-жақты ашылып отырады. Мысалы, «күн» деген ұғымды білдіретін «umu» деген сөзге 17 бет арналыпты. Немесе басқа мысал: аталмыш ақпаратта «құл» деген ұғымды білдіретін «ardu» деген сөздің мағыналық аясын ашу үшін сол байырғы заманда қалыптасқан өркениетке тән құл иеленушілік үрдісті бүге-шігесіне дейін сипаттайтын өте ауқымды материал келтірілгені байқалады. Сөздіктегі байырғы қоғам өмірінде ерекше орны болған көп мағыналы сөздердің бірі – «kalu» деген етістік. Бұл сөз әртүрлі контекстерде әртүрлі мәнге ие болып, кейде «бөгет болу» (detain), кейде «кешігу» (delay), кейде «кідіре тұру» (hold back), кейде «тұтқында ұстау» (keep in custody), кейде «сөзді бөлу» (interrupt) немесе өзгеше құбылатыны жан-жақты сипатталған. «Di nu» деген сөз тіркесіне қатысты жоғарыда аты аталған ғалым Купер былай дейді: «Кейде бұл сөз «сотта қаралатын істі» (a leagal case or lawsuit) білдірсе, кейде «вердикт» (a verdict), ал кейде «шешім» (judgement), ал енді бірде жалпы «заң» (law) деген ұғымдарды білдіреді». Ал Чикаго университетінің Гуманитарлық факультетінің деканы әрі осы жобамен 1979 жылдан бері айналысып, аталмыш сөздіктің жауапты редакторы ретінде 1996 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан профессор Марта Т. Рот (Martha T. Roth): «Әрбір термин немесе әрбір сөз мәдениеттің терезесі іспеттес,» – дей келіп, «толыққанды сөздік болашақ ғылыми жұмыстарға баспалдақ болады, сондықтан соңғы нүктені мен қойдым деуге болмайды» деген парасатты пікір білдірген.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сөздік жобасының жұмысы қайта жанданып, жаңаша ұйымдастырылады. Сөйтіп, энциклопедиялық туындының бірінші томы 1956 жылы жарық көреді. Алғашында, әлемге аты әйгілі ғалым А.Л.Опенгеймнің (A.L.Oppenheim) пәрменді басшылығының, соңыра, одан кейін басшылық тізгінін ұстаған Эрика Райнер (Erica Reiner) мен жоғарыда аталған профессор Рот жалғастырған ірі жұмыстар өте нәтижелі болып, бас-аяғы 55 жыл ішінде, сөздіктің 20 томы басылып шығады. Ал бүгінгі таңда ғылыми орта мен оқырман қауымның қолына энциклопедиялық туындының 21 томдық толық нұсқасы тиіп отыр.
Бірден атап айту керек, бұл туынды семит тобына жататын, осыдан 2000 жыл бұрын айналымда болған, бірақ Месопотамия өркениетінің күйреуімен байланысты өлі тілдерге айналып кеткен Ассирия, Аккад және Вавилон тілдерін қайта тірілткендей әсер қалдырады. Бұл сөздіктің жарыққа шығуы лингвистика ғылымының жаңа арнасын ашатыны сөзсіз. Себебі, осы уақытқа дейін басы ашылмай келе жатқан: «қай тіл қай тілмен тамырлас немесе туыстас?» деген жауабы әлі табылмай жүрген риторикалық сұрақтың түйіндерін шешуге бұл туындының көмегі аз болмайтыны дау туғызбайды. Мәселен, аталмыш энци-
клопедиялық сөздіктен бүгінгі таңда шумер тілі мен түркі тілдеріне тән ондаған параллельдерді кездестіруге болады. Олар төмендегідей:
Шумерше Түрікше/Қазақша
gadun hatun/қатын
Gik-Anu Gok Ana/Көк Aна
tammuzi temmuz/тамыз
altun altin/алтын
tengiz deniz/теңіз
En-gur-ra Ankara/Анкара
anu ana/ана
davga damga/тамға
me-en men/ben/мен
agil akil/ақыл
bar var/бар
aga aga/аға
kes-da kesmek /кесу
et et/ет
sin sin(e)/сен
karra kara/қара
bira bira/сыра
Аталмыш энциклопедиялық сөздіктен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Енді міне, 21 томнан тұратын сол заманауи туындыны мұқият зерттеп, сүзіп шығатын ғалымдар тобы білек сыбана іске кіріссе, бүгінге дейін шешуі табылмай жүрген көптеген лингвистикалық құпия жұмбақтардың сырын ашуға үлкен мүмкіндіктер туатыны талас тудырмайды. Ендеше, еліміздің университеттері мен ғылыми орталықтарындағы әртүрлі сала мамандары мен ғылымға ден қойған жас талапкерлері мен ізденушілеріне үлкен ғылыми арнаның есігі айқара ашылды деуге толық негіз бар. Бұл айтылғанның түркология ғылымының өркендеуіне де тікелей қатысы бар.
Ұлы өркениеттер туралы сөз қозғағанда, Ацтек және Инка өркениеттеріне соқпай өту мүмкін емес. Өйткені, бұлай деудің толық негізі бар. Бірден айта кету керек, алғаш рет испандық конкистадорлар, алдымен, 1519 жылы Мексика алқабына баса көктеп кіріп, соңыра, 1532 жылы әлемдегі ең ұзын Анд тауларының биік аңғарларына енген кезде, олар еуропалық қалалармен тең түспесе кем түспейтін, сәулеті мен дәулеті жарасқан Мексика мен Перудің сұлу қалаларын көріп, кереметтей таңғалғандарын жасыра алмаған болатын. Өйткені, Мексикадағы Ацтек пен Перудегі Инка империялары, шынымен-ақ, биік мәдениетті өркениеттер болатын. Алайда олардың сан жағынан келімсектерден әлдеқайда басым, бірақ садақ, найза, қалқан, балта және шоқпармен ғана жарақтанған қарулы күштері конкистадор Хернан Кортес пен Франсиско Писсароның зеңбірек және мылтықпен қаруланған шағын, бірақ өте азулы армияларына төтеп бере алмай, бас-аяғы үш жылдың ішінде жауларына тізе бүгіп, бастарын июге мәжбүр болған.
Өкінішке қарай, ацтектер өз жазуы мен озық математикасына негізделген заманауи күнтізбелері бола тұрып, дөңгелектен бейхабар-тын. Ал перуліктер болса, адам аспас қияндағы құз шыңның төбесіне Мачу-Пикчу секілді ғажайып қала тұрғызған. Сондай-ақ, жаяу жолаушылар үшін қия беттерді қиып өтетін әрі күллі империяның елді мекендерін бір-бірімен жалғайтын жол тораптарын да салған. Олар, сонымен қатар, Наско секілді алып тас жотаның жазық бетіне тек аспан биігінен қарағанда ғана тұтас көрінетін, адам, жабайы аңдар мен ғажайып құстардың алып бейнелерін айнытпай салған. Алайда осылардың бәрі қолдарынан келсе де, перуліктер жазудан мүлде мақұрым болатын.
Ал ацтектердің мұрагерлері − майялар жазуды да, астрономия мен үш өлшемдік математика үлгісін де шегіне жеткізе меңгерген. Ноль, нүкте және сызықша секілді үш қана математикалық таңбаның көмегімен миллиардқа дейінгі кез келген есепті шығарған. Сәулетті пирамидалар мен обсерваториялар тұрғызуды да, 17 түрлі күнтізбелер жүйесін, оның ішінде, аспан денелерінің циклдарын дәл есептеп шығаратын ғажайып жүйелерді де шебер құрастырған.
Ал әліпби тарихына келетін болсақ, бастапқы әліппе Месопотамияда пайда болды деген жорамал бар, бірақ алғашқы жүйелі әліппенің үлгісін финикийліктер құрастырғаны тарихтан мәлім. Сондықтан да бүгінгі әлемде қолданыста жүрген латын әліппесіндегі әріптердің көпшілігі б.з. 1100 жыл бұрын финикийліктер қолданған әліппеден алынғаны анық. Бірақ аталмыш әліппенің басты кемшілігі – оның тек дауыссыз дыбыстардың таңбаларынан ғана тұратындығы. Сондықтан бұл әліппе күллі үндіеуропа тілдеріне үлкен қолайсыздық тудырған болатын. Алайда бұл кемшілікті б.з. бұрынғы сегізінші ғасырдың ортасында гректер жойған-ды. Олар айналымдағы бұрынғы әліппеге дауысты дыбыстарды таңбалайтын a, e, i, о және u әріптерін енгізіп, адамзат өркениетіне баға жетпес үлес қосқан. 26 әріптен ғана тұратын бұл қолайлы әліппені бүгінде тек христиан әлемі ғана емес, Шығыс әлемінің де бірнеше мемлекеті пайдаланады. Өйткені, бұл әліппенің басты құндылығы – ондағы әріптер санының қысқалығы мен нұсқалығы. Кәдімгі миллиондаған ән шығаруға қабілетті жеті нота мен миллиард есепті шешуге жеткілікті майялардың үш таңбасын еске түсіреді. Сондықтан біздің мемлекеттің латын әліпбиіне өту туралы нақты шешім қабылдағаны − қай тұрғыдан болса да оң қадам.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері