Медицина • 14 Маусым, 2017

Биыл Атырауда 128 экологиялық заң талаптарын бұзу ісі тіркелген

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраудағы табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға келтірген зияндары үшін жыл басынан бері 4 млрд 855 млн теңге айыппұл салынды.

Биыл Атырауда 128 экологиялық заң талаптарын бұзу ісі тіркелген

Әзірге өндірілгені 9 млн теңге ғана, қалған қаражатқа қатысты сот процестері жүріп жатыр. Облыстық  экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай мәліметтерді келтірді.  Биылғы бес айда департамент тарапынан 47 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 128 экологиялық заң талаптарын бұзу фактілері анықталыпты.

-Өткен жылы облыстағы табиғат пайдаланушылар шаруашылығына 382 тексеру жүргізілді. 278 бұзушылық анықталып, 48 млн теңгені құрайтын 248 әкімшілік айыппұл салынды. Қоршаған ортаға келтірген залалын өтеу үшін 135 нұсқама берілді, - дейді облыстың бас экологы.

Мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат құжатынсыз қызметін жүргізген «Сабиров Б.», «Ермеков Ж.» жеке кәсіпкерліктері мен «Жылыой су» МКК-нің шаруашылық қызметі сот шешімдері негізінде тоқтатылған.

Мұнайлы аймақтың экологиялық ахуалы сын көтермейтіні жайлы бұған дейін де айтылып жүр. Әсіресе облыс орталығының тұрғындары ауадағы жағымсыз иіске жиі шағымданады. Департамент басшысының айтуынша, мекеме қызметкерлері ауа құрамын қолда бар жабдықтармен бақылап отырады. Алайда, ауа ластанғанын анықтайтын технология жоқ. Жабдықтар соңғы төрт жылда жаңартылмаған. Қаржы министрлігі бұл мақсатқа қаражат бөлмей келеді.  Енді ғана облыс әкімдігі қаржы қарастырып, тендер жариялады. Сол арқылы экология департаменті жылжымалы зертхана ашуды жоспарлап отыр. Өткен жылдың өзінде ғана күкіртті сутегі атмосфераға 81 рет рұқсат етілген мөлшерден артық шығарылған. Өндірісті өлкедегі ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген ірі кәсіпорындардың экология мәселесіне салғырт қарайтыны өкінішті.   

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ