1991 жылғы 16 желтоқсан – ел тарихында алтын әріптермен жазылған күн. Еліміз тәуелсіздігін алғанда халқымыздың бостандығын аңсаған азаматтарымыздың шынайы қуанғанын көзіміз көрді. Әрбір ұлтжанды адам қазақтың тілі мен ділі, діні қайта оралғанын, азаттыққа қол жеткенін анық сезінді.
Өзім де ел ішінде халықпен бірге еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де «Жетісай» агрофирмасына басшылық жасадым. Біраз уақытқа дейін агрофирма ұжымын сақтап отырдық. Шаруашылықта жүгері, бақша, көкөніс, жібек пілләсін, ет, сүт, мақта өндірдік. Мал азығына қажетті жем-шөп қорын дайындадық.
1990 жылдардың орта тұсында өзге өңірлерде ішкі экономикалық дағдарыстар орын алып, өндірістер тоқтап қалып жатты. Сол кезде мақта өндірушілер көп қинала қойған жоқ. Өйткені, мақтаның бағасы жоғары болды. Соған орай халықтың табысы да жаман емес еді. Әрине, туындап жататын мәселелерді уақтылы шешіп отырдық.
Еліміздің мемлекеттік жоспарлы жүйеден нарық экономикасына көшкен кезеңін халықпен бірге бастан өткердік. Мемлекетпен есеп-қисабымызды ажыратып алғаннан кейін, халықтың тиесілі жер үлесі мен мүлік пайын таратып бердік. Барлығы әділ жүргізілді. Ол үшін шығарылған Министрлер Кабинетінің мүлік пайын, жер үлесін қалай есептеу туралы арнайы ережесі болды. Шаруашылықтың жалпы жиналысында кімге қанша үлес тиесілі екендігі шешіліп, 43 адамнан тұратын комиссия құрылып, аса ұқыптылықпен бөліс жасалды. Біздің ұжымда ешқандай артық-кем сөз болған жоқ. Кейбір өңірлерде жер дауы айқай-шуға ұласып жатқанын естіп жүрдік. Алайда, біздің шаруашылықта қанша жыл өтсе де «Менің үлесім дұрыс берілмеді», деген ешкім болған емес. Әрбір тұрғын әлі күнге дейін ризашылығын айтады. Себебі, барлық есептеу елдің алдында жариялылық жағдайында өтті.
Айта кетуім керек, 1990 жылдардың басында бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы жүйе де, байланыс та үзілді. КСРО бойынша әр зауыт өзі мамандандырылған құрал-жабдықты ғана шығаратын еді. Әр республикадан келген құрал-жабдықтардан тұтас бір техниканы құрастырып жасайтын зауыт тағы бір қалада болатын. Орталық билік Қазақстанды негізінен шикізат өндіруші ретінде пайдаланып келді. Ескі технологиямен өнім шығаратын зауыттар тоқтап қалды. Елде жұмыссыздық белең алды. Айлап еңбекақы, жылдап зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, жарық өшіп жатты. Көптеген елді мекендер жарықсыз отырды. Көгілдір отын да жоқ. 1992-1993 жылдары рубль сабан ақшаға айналды. 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз қолданысқа еніп, халқымыздың мерейі бір өскен еді. Барлық проблемаларымен жеке-дара қалған Қазақстанды Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бүкіл қиындықтан алып шықты. Ішкі экономикалық жағдайды дұрыстап алуға баса мән берді. Елдің жағдайын көтерудің бір жолы – инвестиция тарту екені белгілі. Осы орайда Елбасы көрші және көптеген алыс шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатты, қаншама сапарларға шығып, келіссөздер жүргізді. Қазақстанға инвестиция тарту жолында Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған қызметі ұшан-теңіз. Өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қажетті тауарлар шығаруға бейімдеді. Саяси-экономикалық реформалар сәтті жүзеге асырылды. Біз соның арқасында үлкен қиындықтарды жеңе білдік.
1998 жылдың соңына қарай еліміз экономикалық табыстарға қол жеткізе бастады. 1997 жылы жаңа ел орталығын таңдап, Алматыдан Ақмолаға – қазіргі Астанаға көшірілді. Сол кезеңде халықтың да болашаққа деген сенімі нығайып, үлкен серпіліс басталды. Мемлекетіміз құқықтық, саяси-экономикалық тұрғыда жан-жақты қалыптасты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақ елінің қол жеткізген табыстары да аз емес.
Қазақстан – демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет. 20 жыл ішінде осы мақсатта іргелі істер атқарылды. Жаңа елордамыз – Астана қаласы әлем елдері санасатын, пікір алмасатын саяси-мәдени орталыққа айналды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 126 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылғанын, Қазақстанның халықаралық резервінде бүгінде 74 миллиард долларға жуық қаржы бар екенін айтты. Сонымен қатар, біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз. Ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы – 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26-сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асатын болса, биыл бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларына жетті. Елбасы әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын атап көрсетті. Елімізде өткен жылдан бастап жеделдетілген экономикалық жаңғыртуға бағытталған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда.
Соңғы жылдары өңірлерді көгілдір отынмен қамту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Айталық, осы күнге дейін Өзбекстан газын пайдаланып келген оңтүстік өңірдің бірқатар аудандары Қазақстанның өз газымен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда «Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл – Елбасы назарындағы маңызды жоба. Осы жобаның арқасында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары көгілдір отынмен қамтылады.
Елбасы 17 сәуірде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық сала бойынша нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін санамалап қайталап айтпай-ақ, атқарушы билік оны орындауы керек. Арада үш ай, алты ай өткенде «Елбасының осындай тапсырмасы болды, оның осыншасы орындалды, әлі күн тәртібінен түспегені мұншама» деп есеп беріп отырғаны жөн. Айталық, ауыз су бағдарламасын жүзеге асыруға мұнша қаражат бөлінді, оның осынша көлемі игерілді. Нақты қайсы өңірде, қандай елді мекендер сумен қамтылғанын республика бойынша жариялап отыруымыз керек. Сонда жариялылық болады. Әйтпесе, мына облыста 25 ауыл сумен қамтылды, оған мұнша ақша жұмсалды дегендей жалпылама мәліметтердің қажеті жоқ. Сондықтан қазір республикалық бюджеттен қомақты ақша бөлінуде. Ал оның қалай жүзеге асып жатқанынан бүкіл халық хабардар болуы керек. Мәселен, еліміздің қай қиырындағы болса да бір ауыл таза ауыз суға қолы жетіп жатса, ол бәріміз үшін, қазақ халқы үшін қуаныш. Бүгінгі таңда ауыз суға жарымай отырған ауылдар оңтүстікте де, солтүстікте де, батыс пен шығыста да жеткілікті. Өйткені ертеде тартылған су құбырлары тозған немесе бұрын су алып келген аймақтармен қарым-қатынастары үзіліп қалған.
Елбасымыз 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық бағдарламасын белгілеп берді. Ол жүзеге асқан кезде Қазақстан халқының әл-ауқаты мен экономикалық жағдайы әлдеқайда жоғары болады. «Дүниежүзілік стандарттарға сай өмір сүру көрсеткіші орындала ма?» десек, міндетті түрде орындалады! Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығын алға бастыру жөнінде қаншама бағдарламалар қабылданып жатыр. Өңірлерге барғанда 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық бағдарламасын халықпен бірге талқыладық. Халқымыз бұл бағдарламадан үлкен үміт күтіп отыр. Әр кезеңге бөлінген, қай жылы қандай кешенді істер атқарылатыны көрініп тұр. Алайда, бағдарлама қабылданды екен деп ешкім арқаны кеңге салып, қарап отырмауы керек. Ол – бүкілхалықтық іс.
Ертеректе екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев Жазушылар одағында жарыссөзге шыққанда: «Диқан кетпеніне, қойшы таяғына, жазушы қаламына ықтият болсын», деп үш ауыз сөзбен сөзін доғарған екен. Не деген терең мағыналы сөз?! Әр адам өзінің істеп жатқан жұмыс орнында көзделген межеге үлес қосса, жүзеге аспайтын бағдарлама болмайды.
Біздің еліміз 20 жылдығына, Аллаға шүкір, ауқымды жетістіктерімен келіп отыр. Қазір барлық жерде өзгеріс көп. Қала да, аудан орталықтары мен ауылдар да жаңа ғасырдың технологиясын пайдалануға көшті. Оның барлығын халық көріп отыр.
Жанымды қинайтын бір жәйт бар. Қазақ елінің жетістіктері туралы айта қалсаң, кейбіреулер ағат пікір айтып жатады. Елдің өсіп-өнгенін көрмеген адамның ой-өрісі төмен деп ойлаймын. Өзіңіз қандай болсаңыз, айналаңыздағыны солай көресіз. Дүние – ішіңіздегіні көрсететін айна. Ойы келте адамдар ойына келгенін айта береді.
Қоғамның дамуына Парламент депутаттары да айтарлықтай үлес қосып келеді. «Нұр Отан» партиясы депутаттыққа сайлау кезінде өз қызметінде аудан мен өңірде абыройға бөленген азаматтарды таңдап іріктеп алды. Мүмкін тәжірибелері жетпей жататын тұстары да бар шығар. Негізінен теріс жағынан мінездеме алмаған азаматтар. Мұғалім, экономист, заңгер немесе ғалым болсын, өндіріс орындарында істеп келгендер. Ауызбіршілік бар жерде жұмыс жүреді. Бірлік, ынтымақ болмаса, кез келген ұжымда жұмыс жүрмейді. Өмір мен еңбек жолымда мұндай жәйтке әбден көзім жеткен. Ұжымда айтыс-тартыс болса, жұмыс жүрмейді, тек қана бір-бірін аңдиды. Бір-бірін сүріндіретін оқиға іздейді.
Депутаттардың да алда тұрған мақсаты заң шығармашылық ісі арқылы елімізге қажетті заңдарды дер кезінде шығарып, 20 жылдықты еңбек өнімділігімен қарсы алу. Басты заңдардың барлығы қабылданды деуге болады. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңдарға толықтырулар мен өзгерістер көбірек енгізіліп жатыр. Ең бастысы, халыққа тиімсіз жағын болдырмау. Қоғамға, халыққа, экономикаға тиімді заңдық нормаларды қолдап, мемлекетіміздің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына жағдай жасайтын заңнамалық актілер қабылдануы тиіс.
Біздің қоғамды теріс жағынан көрсетіп тұрған көріністің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен арнайы күресу үшін заң да қабылданды. Айталық, депутаттар, білікті заңгерлер әрбір заң қабылданғанда оның бір нормасынан сыбайлас жемқорлыққа жол берілетін тұсы жоқ па деп мұқият қарап отырады. Сыбайлас жемқорлық әрекетке құлқұнын шектеуді білмейтін, имандылықты бойға жимаған, қанағатқа тоқтам жасай алмайтын, тек қара басының қамын күйттейтін адамдар барып жатыр деп ойлаймын. Ондай адамдар бүкіл қоғамға кір келтіреді.
Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезде және осы халықаралық беделді ұйымның Астанада Саммитін өткізген тұста біздің елдің бейбітшілікті мақсат еткен басты бағыты, Елбасының абыройы әлемге айқын көрінді. Астанаға шетелдік меймандар да жиі келіп жүр. Шетел парламенттерінің депутаттары да келіп, қазақстандық әріптестерімен жүздеседі. Сондай басқосуларда Қазақстанның Орталық Азиядағы беделді мемлекет екені, өміршең бастамалары арқылы әлем назарын өзіне аударып отырғаны мәртебелі меймандар тарапынан жиі айтылады. Соның барлығы мемлекетіміздің өркендеу жолына берілген әділ баға деп білемін.
Мен Қазақ мемлекетінің дүние жүзі құрметтейтін абыройлы ел атанып, экономикалық-әлеуметтік жағдайы жоғары болуын, ел тұрғындарының денсаулығы мықты, ертеңгі күнге деген сенімдері нық, мәдениетті, адал еңбекті жаны сүйетін азаматтар болуын тілеймін. Тұрақтылығы сақталған, ынтымағы жарасқан Қазақстанды, өркениет биігінен орын алған мемлекетімізді көргім келеді.
Мысалы, тіпті шетелдердегі қандастарымыз қиындықтарды бастан кеше жүріп, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпаған. Солақай саясат жүргізілген Кеңес өкіметі тұсында тілімізді, ділімізді әлсіретіп алған шығармыз, енді тәуелсіздігіміз қолға тиген тұста ұлттық рухымызды жоғалтпауымыз қажет. Қалыптасқан салт-дәстүрімізді сақтаған халық болғанымыз жөн. Әсіресе, ислам дінінің негізгі қағидаларын ұстана білуіміз қажет. Осы ұлттық ерекшеліктерімізді қадірлей білсек, еліміз де өркендейді, халқымыз да аман-есен жаңа ғасырларға жете беретіні сөзсіз. Бар арман-тілегіміз – осы.
Өстемір БЕКТӨРЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясының мүшесі.