ЭКСПО-2017 • 14 Маусым, 2017

ЭКСПО-ға бес күн ішінде 10 мыңнан астам турист келді

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ЭКСПО көрмесін өткізу аясында туристер ең көп келетін күндер анықталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

ЭКСПО-ға бес күн ішінде 10 мыңнан астам турист келді

«Көрмені өткізу кезінде келушілер саны көп болатын 17 күн анықталды. Бұл ауқымды мәдени бұқаралық шаралар өтетін күндер, дәлірек айтсақ, Еуразиялық медиа форум, Димаш Құдайбергеннің концерті, ТМД елдерінің ең үздік командаларының қатысуымен КВН ойындары. Әрине, осы күндері туристер легі көп болатыны сөзсіз», - деді «Астана Конвенш Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбеков. Ол сондай-ақ Астанада ЭКСПО-ның ашылғанына аз болғанымен, туристер легі тұрақты екенін атап өтті. «Қай елдерден екенін нақты айта алмаймын. Бұл шекара қызметіне қойылатын сұрақ. Белгілісі, бес күн ішінде 10 мыңнан астам турист келді. Ал соңғы екі күндегі нақты санды айтсам - 5670 турист. Бұл 180 қонақүйден алынған мәлімет. Дегенмен, қонақүйлер мен хостелдерде бос орындар жеткілікті. ЭКСПО көрмесі енді басталды, сол себептен, алдағы уақытта туристер легін күтеміз», - деді ол.

А.Адамбековтің айтуынша, қазіргі таңда елордада 197 қонақүй мен 91 хостел бар. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарын орналастыратын 18 жатақхана қарастырылған. Олардың тәуліктік бағасы екі мыңнан бес мың теңгеге дейін. Жатақхана орындарын брондау үшін 8 (717 2) 277-815 немесе 8 777 772 05 06 ұялы байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады. Бұдан бөлек, ЭКСПО меймандарына елорданың әр аудандарынан 10 мың қолайлы пәтер дайындалды.