Кино • 14 Маусым, 2017

Мұстафиннің аз уақытта түсірген жаңа картинасы

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Режиссер Қанағат Мұстафин «16 қыз» комедиялық фильмінің жалғасы есепті «Ең сұлу қыз» картинасын түсіріп жатқанын бұдан бұрын айтқан болатынбыз. 21 күн дегенде түсірілім жұмыстарын толық аяқтаған шығармашылық топ енді монтаждау жұмыстарына кірісті. Фильмді ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, «Kanaidarproduction» және «Шешенфильм» студиясы түсіріп шықты.

Мұстафиннің аз уақытта түсірген жаңа картинасы

«Жаңа фильмнің құрылымы мен стилистикасы туралы айтатын болсақ, бұрынғы «Тұтқын кавказ қызы» («Кавказская пленница») және «Гауһар тасты қол» («Бриллиантовая рука») сынды жайдары кеңестік фильмдерді еске түсіреді.  Яғни, жанры қылмыстық роуд-муви, – деген режиссер неғұрлым тыңғылықты дайындалса, соғұрлым түсірілім жұмыстары тез аяқталатындығын айтады. – Бұл топпен біз «16 қыз» комедиясын ойдағыдай түсіргенбіз. Бұл жолы да ұйымдасқан түрде қарқынды жұмыс істеп шықтық.

«16 қыз» фильмінде негізгі оқиға Бауыржан (Берік Айтжанов) мен Айжанның (Аша Матай) арасындағы романтикалық шытырман махаббатқа құрылған болса, бұл жолы «үйленбейді» деп 5 мың теңгеге бәс тігіп жүретін Саматтың (Қуаныш Долдаев) өзін үйлендіру жолындағы машақатқа толы сюжеттер желісі кезектесе жылжиды. Оның ғашығы Лейланың, құмыра ұрлығын зерттеп жүрген полицейдің және антиквариатты қолға түсіруді көздеп жүрген бұзақылардың шым-шытырыққа толы хикаясы көрсетіледі.

Қанағат Мұстафин осы жолғы фильмнің де сценарийін өзі жазған. Түсірілім алаңында қатал да әділ режиссер екенін айтқан Қанағат «Ең сұлу қыз» кинокартинасының елеулі жаңалықтарымен бөлісті.

«Кино түсіргенде жаңа актерларды әкелмейсің, бұрыннан таныс, танымал актерларды шақырасың деп сынайтын. Бұл жолы бас рөлдерді Әсел Асқар мен Қуаныш Долдаев сынды жас актерлар ойнап шықты», дейді режиссер.

Көрермендер «Ең сұлу қыз» фильмінен бұрынғы позитивті құлшыныстарымен есте қалған көзтаныс кейіпкерлер – Берік Айтжановтың, Аша Матайдың, Дәурен Айдарқұловтың, Қуаныш Долдаевтың ойынын көре алады. Сонымен қатар, жаңа кейіпкерлерді Әсел Асқар, Мұрат Бисенбин, Ғани Құлжанов, Асан Мәжит сынды актерлар сомдайды. Фильмде егіз қыздар Мәдина мен Лейланың образын ойнап шыққан Әсел Асқардың бұл – алғашқы дебюті. Бертінде әнші Бүркіт түсірген «Тұтқындар» фильміндегі тәжірибесін ескере отырып, режиссер Әселді бірден бас рөлге бекіткен. Хронометражы 90 минутқа жоспарланып отырған фильм қысқа қарай қалың көрерменге жол тартпақ.

Режиссердің айтуынша, бұл жолы фильмде әнге баса мән берілмек. Мысалы, фильм саундтрегі «16 қыз» халық әнін Қазыбек Қасым ағылшын тілінде орындайды. «Бұл халық арасына кең таралған әнді өзгеше қырынан таныту» деп түсіндірген режиссер фильмнің прокатқа шығару ісіне де тоқталып өтті.

– «Шешенфильм» бізге бірлесіп фильм түсіру жөнінде арнайы ұсыныспен шықты. Жаңа тәжірибе өзімізге де қызық көрініп, бастапқы да фильмді Грозныйда түсірмек болғанбыз. Алайда шығын көп болатынын ойлап, Көк-Төбе» саябағы, «Сұнқар» шаңғы трамплиндер кешені, «Медеу» сияқты Алматының ең көрікті жерлерінде түсірдік. Фильмді Солтүстік Кавказда, Ресей Федерациясының шағын қалаларында да прокатқа шығаруды ойластырып жатырмыз. Шешен тіліне дубляж жасауды серіктесіміз өз жауапкершілігіне алып отыр, – дейді режиссер Қанағат Мұстафин.

Продюссер Айдархан Әділбаевтың айтуынша, фильм бюджеті «16» қыз фильміне жұмсалған қаражатпен шамалас (400 мың АҚШ доллары). Оның сөзінше, «16 қыз» фильміне кеткен шығын бір жыл ішінде толық өтелген.

Қанағат Мұстафиннің ендігі бір мақсаты – әдеби шығармаларды экрандау. Одан бөлек тарихи тақырыптарға да фильм түсіру көптен ойында жүрген көрінеді. Ол Қажымұқан балуанның өмірі туралы фильм сценариін қол тигенде жазып жүргенін айтады. Бірақ тарихи тақырып бюджеті көлемді болғандықтан, әзірге бұл жұмыс кейінге қалып тұр.

– Әкем Құрманғазы Қараманұлы – жазушы. Сол кісінің шығармашылығындағы «Алтын іздеушілер», «Қызғыш құс», «Дикая кошка» сияқты киноға сұранып тұрған повес, әңгімелер бар. Жазушының стилін сақтай отырып, шығарманы экрандау оңай жұмыс емес, – дейді ол.

Кинематографтағы ең бір күрделі игерілетін комедия жанрының бүгіндері бізде ойсыраған орынын толтыруды Мұстафин мықтап қолға алғандай. Қазақ ауылының жағымды бейнесін ұсынатын әзіл-шыны аралас, аллегория, романтикалық сарыны басым «16 қыз» фильмі киносыншылар тарапынан «тігісі жатық», «Аймановтың сарыны еседі» деп оң бағаға ие болған-тұғын.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»