Республикалық деңгейдегі мемлекеттік маңызды мерейтойлық шоу-қойылымдардың қай-қайсысында да болсын көркемдеуші, көзі өткір Алшынбаевтың режиссерлік қолтаңбасы бар. Оның есіміне қазақ өнерінің асқақ тұлғасы кешегі Роза Бағлановадан бастап, қазіргі жас шоғыр дарындарға дейін ілтипат танытып жатуының сыры да осында. Бүгінде Астанада отау құрған «Қазақ әуендері» АҚ президентінің Алматыдағы ғимаратында ұзақ жыл табан аудармай орынбасар қызметін атқарған Глазбай Алшынбаевтың жалпы «Қазақконцерт» бірлестігінде шығармашылықпен еткен еңбегіне жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.
– Глазбай аға, сіздің өнердегі жолыңыз менің білуімше, республикалық эстрада-цирк студиясы, өнер институттары (Алматы, Мәскеу), «Қазақконцерт» бірлестігі... болып тізіліп кете беретін сияқты.
– Жо-оқ... мен ауылдан шыққанда малдәрігерлік институтты бетке алып едім. Оны айтпасам болмас. Сәду есімді туған ағам Алматыға мені арнайы алып келіп, жолдастарына шегелеп табыстады. Бес минутсыз мал шаруашылығының маманы болуға дайын тұрғаныма қарамастан, мен пақырдың жүрек қалауым басқада еді. Бала кезден ауыл сахнасының шаңын шығардым. Бар ой-арманымның тек қана биші болу екендігі ағайын-туған, ауылдастарыма мәлім бола тұра, осылайша аға «қатыгездігінің» құрбанына айналдым. Көңілі жайланған ағам көп аялдамай ауылға қайтты. Сол күні-ақ бейтаныс Алматыны жаяу шарлап, сұрай-сұрай эстрада-цирк студиясының ғимаратын тауып алдым.
– Ағасының айтқанын екі етпеуге келісім берген 17 жастағы ауыл баласының алып-ұшқан көңіл күйін көз алдыма елестетіп отырмын...
– Айтпа, содан не керек... үлкен есіктен артымнан ит қуып келе жатқандай екпіндей кіргенде, әлдекіммен соқтығысып қалдым. Сасқалақтағаным сонша, соқтығысқан адамымнан «Қабылдау комиссиясы қайда?» деп сұраппын. Алғаш тіксініп қалғанымен, артынша маған сабырмен жол сілтеп, тіпті қай мамандықты қалап келгеніме дейін тәптіштеп сұраған инабатты сол жан... кейін оқуға түскен соң білдім, атақты Ахмет Жұбановтың өзі екен. «Жалындап тұрған бір жас балаға жөн көрсетіп жіберіп едім, сынақтарыңнан өтті ме?» дегенін де кейін естіп, ол кісімен кездескен сайын қатты қысылатынмын. Ұшып-қонып жүріп, халқымыздың ардақты да асыл туған азаматынан өнер жолына алғаш бата алғанымды білмей қалыппын...
– Содан бірден бишілер дайындайтын бөлімге қабылдандыңыз ба?
– Ауылдың би «жұлдызы» Глазбай бірінші сынақта күллі комиссия мен болашақ бишілерді күлкіге қарық қылды. Сынаққа Алматының би үйірмелеріне бес жасынан қатысқан, кіл буынсыз қыздар келетінін мен қайдан білейін? Қара терге малшындым-ай. Бірақ, бар өнерімді ортаға салдым. Шара Жиенқұлова апам жып-жылы жымиып, өңшең қыздың арасында сынаққа түскен кіл ер балалардың ішінен жалғыз мені шәкірт етіп қабылдады. Ол – өмірімдегі ең бақытты күн еді...
– Сіздің бұл шешіміңізді ауылдағы Сәду ағамыз қалай қабылдады?
– Ол кісінің мінезі тым қатал болатын әрі аудандық милиция бөлімінде істейтін. Жамбасында салбырап жүретін тапаншасын суырып алып: «Мен ол жүгермекті атып тастаймын!» деп әбден ашуға басыпты. Амал қанша, анам мен ағайындарымнан асып түсе алмады. Ол ол ма, семестр арасындағы демалысқа барғанда апамның нан жаятын ұзын оқтауын арқама төсеп, қолымды қайырып, бойымды тіктеп тапжылмай бірнеше сағат бойы жатып алатынмын. Осындай «өнерімді» байқап қалған Сәду ағам: «Қап, күйдірді-ау, мынау, ә», деп терісіне сыймай булығып, далаға атып шығып кетер еді. Ол кездері ағамның мінезіндегі көңіл күйі маған әсер етпейтін, себебі би атауының ерекше ілім екеніне көзім жете бастаған. Түкпірден келген ауыл баласына нағыз биші болу үшін 24 сағат жаттығудың өзі аздық етті. Кешегі Астанаға келген атақты киножұлдыз Джекки Чанның 17 жыл биші болғанын көпшілік біле ме екен? Мен де сондай сынақтан өттім! Арманыма жеттім. Оқуды бітірген соң екі жылдай Шымкенттің облыстық филармониясында биші болдым. Бірақ, мен әлі де әртіс емес едім.
– Қызық екен, Глазбай аға, неге олай дедіңіз?
– Өйткені, 1969 жылы Құрманғазы атындағы Өнер институтының актерлік факультетіне түсіп, алғашқы дәріс сабағы басталғанда, халық әртісі Хадиша Бөкеева апамыз осылай деген. Ол кісі: «Мына отырған бәрің бірдей әртіс болмайсыңдар. Бірақ, сол салада жүресіңдер», дегені әлі есімде. Алтынбек пен Тұңғышбай, Меруерт пен Кәдірбек шын мәнінде халық әртістері атанды. Ал мен... ұстаз-апамның айтқаны айдай келді, эстрада режиссері болдым. Алғашында өз бетімше талпынып жасаған «Алдаркөсе эстрадада», «Әлемде талай қызық бар» деген эстрадалық қойылымдарым сыншылар тарапынан дұрыс баға алды. Сол мезеттен бастап режиссерлік қызметке мойын бұрдым.
– Бірден «жұлдыз» атандыңыз ба?
– Мәскеуден режиссерлік білімімді ұштап, оқу бітіріп келген жылы әуелден бері аңсарым ауып жүрген жобам еді, «Шәмші – бақыт құшағында», одан іле-шала «Күлкі атасы – Оспанхан» деген екі бірдей қойылымды бірінен соң бірін сахналап жібердім. Олар да шын қуанды, көрермен де шат-шадыман. Режисерлік алғашқы шынайы табысқа жеткенім сол шығар. «Жұлдыздардың» жұлдыздарын жарқыраттым!
– Бала кезгі арман болған бидің қызуы жайына қалды десеңізші, биші боламын деген жастықтың буы-ау, сірә?!
– Жайына қалды деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін сұраныс туып жатса, әлем халықтарына тән билердің түбін түсіремін (күлді). Үлкен өнерге бекзат өнер би арқылы келдім десем, артық айтпайтын шығармын. Ұлымыз Фархат Есенгүл жеңгең екеуміздің жолымызды қуып, цирк әртісі атанды. Атағы дардай акробат. Өте күрделі трюктер жасайды. Менің бишілік өнерім біздің әулеттегі екінші ұрпаққа осылай жалғасты. Фархат көп жыл Америкада өнер көрсетті. Дүние жүзінде бармаған елі де, жері де жоқ. Екі ұл, бір қыздан 8 немереміз бар. Көбінің көзінен өнерге деген шынайы құмарлықты байқаймын. Ол да бақыт!
– Өнер адамы, оның ішінде сахналық қойылымдар шебері ретінде сіздің де әлемде шарламаған жеріңіз жоқ шығар?
– «Жоқ» дей алмаймын. «Қазақконцерттің» арқасында дүние жүзінің талай мемлекеттерін шарладым. Қазақстанда тек қана теледидардан көретін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Испаниядағы біздің әртістеріміздің бір қойылымында алғысын айтып, қолымды қысты. Мұндай тосын сәттер жадыңда мәңгі сақталады. Бірде Жапонияға мемлекеттік делегацияны ол кездегі Премьер-Министріміз Даниал Ахметов бастап барды. Жаз айы еді, жапондықтарға көрсетілген қойылымнан соң Премьер-Министр бізге ризашылығын білдірді. Біз Үкімет басшысын туған күнімен құттықтадық. Сонда біздің Роза Рымбаева қарап тұрмай: «Бүгін біздің режиссеріміздің де туған күні», демесі бар ма. Сөйтіп, Күншығыс елінде туған күнімді күллі делегация болып атап өттік.
– Сіздің есіміңіз маған Қазақстанда ғана емес, Жер шарында да жалғыз әрі бірегей сияқты болады да тұрады?
– Неге Глазбай дейсің ғой? Біздің ауылдың ең озат комбайншысы, жалғыз орыс Глазов бір трактормен екі комбайн сүйреп астық бастырғаны үшін «Ленин» орденін алған. Мен сол күні туыппын. Әкем еңбектес жолдасының құрметіне ырым жасап, атымды Глазбай қойыпты.
– Сахна мен стадиондағы немесе үлкен шаршы алаңдағы театрландырылған қойылымдардың ауқымы мен тынысы, көлемі жағынан өзіндік ерекшеліктері болатыны хақ. Осылардың қайсысында шаршайсыз, қайсысына көп күш жұмсап, жүйкеңіз жұқарады?
– Жүйкесі нашар адамдар қандай шаруада болсын құр айқаймен «шаршап» қалып жатады. Мен ондай қасиеттерден құралақанмын. Қазақша айтқанда, кез келген істі ойнап-күліп жүріп атқарамын. Біздер – өнер адамдарымыз. Дегенмен де, соншама адамның басын құрап, ән мен би шашуын рет-ретімен мүлтіксіз көрерменге ұсынудың режиссерлік өз құпиясы, әжептәуір салмағы болады. Сахнаның сыртында жүргенмен де үнемі іске жауапты мемлекет адамдарының назарында тұрасың, әрі олар сәт сайын байланысқа шығып жатады. Жауапкершілік қашан да зор. Осы күнге дейін өз атыма бұл салада бір рет те сын естіп көрмеппін.
– Сондай іргелі қойылымдардың өзіңіз секілді режиссерлері көрерменге беймәлім, тіпті назардан тыс қалып қояды. Оған налитын кездер жоқ па?
– Жоқ. Қойылым үлкен, мейлі, кіші болсын, әйтеуір, басы-қасында жүрген соң көрерменнің ойынан шыққанын сезесің ғой енді былай... көрермен қол шапалақтап, көңілді күліп отырады ғой... Сырттай бақылап тұрасың да, «үһ» дейсің! Режиссер үшін марапаттың да, мадақтың да ең зоры сол.
– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жансын, Глазбай аға.
Әңгімелескен
Талғат Сүйінбай,
«Егемен Қазақстан»
Алматы
Суретті түсірген
Нұрманбет Қизатұлы