Медицина • 15 Маусым, 2017

Патриоттық сезім дінге, ұлтқа бөлінбейді

439 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қа­­зақ­стан-2050» Стра­­те­гия­сында бас­ты мақ­­саттары­мызды, ат­қа­рылуға тиісті іс-шара­ларымызды ай­қын­­дап бергені белгілі. Бүгінгі таңда осы негізгі бағдар бойынша жүйелі істер жүзеге асырылуда.

Патриоттық сезім дінге, ұлтқа бөлінбейді

Елбасының алға қойған міндеттері заң тұрғысынан ашық, айқын және нақты болуы тиіс. Осы орайда, Парламент мемлекеттік мүдде жолында жасалатын әрбір қадамды заңмен бекітуі қажет. Өткен кезең ішінде еліміздің барлық құрылымдарын қам­ти­тын салалар бойынша қолға алынған кешенді жоба­лар және жүргізіліп жатқан іргелі реформалар заңмен негізделіп келді. Айталық, 2015-2016 жылдары «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойын­ша әр қадамда көрсетілген мақсаттарды заңмен бекіту қажет болды. Соған байланысты еліміздің 60-тан астам қолданыстағы заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заманауи талаптар туындатқан бірқатар жаңа заңдар да қабылданды. Қазір оның бәрі заң жүзінде іске асырылуда.

Елдің өсіп-өркендеуіне үлкен серпіліс болу үшін Мемлекет басшысы 2012 жылғы Жолдауында 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы жаңа бастама көтерді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Яғни, Елбасы биік межені белгілеп берді. Оны бағындыру үшін мемлекеттің де, халықтың да жаңа белеске көтерілуі, бүгінгі деңгейден анағұрлым жоғары тұруға ұмтылуы қажет. 
Кешенді реформалар жасап, экономикалық өсімнің тұрақ­тылығын сақтап, мемлекетті қанша дамытсаңыз да, халықтың ой-өрісі, парасат-пайымы жаңа деңгей­ге көтерілмесе, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылыс жасамаса, онда елдік мақсат-мұраттың да жүзеге асуы неғайбыл. Басшысы қолға алған істі халқы қолдап алып кетпесе, қандай игі бағдарлама да құр қиял, орындалмас арман болып қала бермек. Ең өкініштісі сол болмақ. 
Елбасы қандай істі қолға алған кезде де халқымен ақылдасып оты­рады. Жыл сайынғы жолдау­ларын­да алдағы іс-шаралардың бағы­тын айқындап береді. Ал биыл сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев көкейдегі ойын халқымен бөлісті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ел назарына ұсынды. Еліміз жаңа кезеңге аяқ басқан тұста біз қалай әрекет жасауы­мыз керек? Қан­дай деңгейге көтерілуіміз қажет? Соның бәрі және оған қол жеткізудің жолдары осы мақалада қамтылған.
«Күн санап өз­ге­ріп жатқан дүбір­лі дүниеде сана-се­зі­міміз бен дүние­та­нымымызға әбден сіңіп қалған таптау­рын қағидалардан арыл­масақ, көш ба­сындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы бүгінгі заман талаптарына сай жаңғырған қоғамның ғасырлар бойы тамыр тартқан тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын ескертеді. Осы жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу екенін ашып айтқан. 
Шынымен де, өз тәуелсізді­гіне ие болған кезден бастап демо­­кратиялық қоғам орнатуға бағыт алған біздің елімізде ұлт­тар мен ұлыстардың еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалды, олар өздерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дамытуға мол мүмкіндік алды. Біздің елі­мізде ұлттық құндылықтарға айрық­ша мән беріледі. Қазақстан – қазақтың атамекені. Сонымен қатар, тағдырдың жазуымен және қуғын-сүргінмен осында қоныс аударылған көптеген ұлттар мен ұлыстар бүгінде бейбіт елдің тұр­ғындары болып табылады. Елбасының ұстанған саясатына сәйкес біздің елде ұлтына, дініне, нәсіліне қарай бөлінбейді. Бәрінің де құқығы бірдей. Сондықтан да жүзден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында біртұтас Қазақстан халқын құрап отыр.


Қазақстан Пре­зи­денті аталған мақа­ласында өткен ХХ ға­сыр халқымыз үшін қасіретке толы, зоба­лаң да зұлмат ға­сыр болғанын, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күй­ретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылғанын және ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалға­нын атап өткен болатын. Жер­гі­лікті ұлт қана емес, өзге этнос өкілдері де осындай есеңгіреткен ауыр соққы алды. Кеуделерінде шер, жүректерінде жазылмас жара қалды. 
Өзім бір өкілі болып табылатын корейлер 1937 жылы сонау Қиыр Шығыстан осы қазақ жеріне еріксіз көшірілген. Сол оқиғаға биыл 80 жыл толып отыр. ХХ ғасырдың қасіретті жылдары саналған сталиндік қуғын-сүргін жеке адамдарды да, халықтарды да аямаған. Қақаған қыста қазақ даласына әкеліп, «осы жерде өмір сүресіңдер» деген ғой. Түгелдей қырылып қалуы да мүмкін еді, бірақ Қазақстан жері, қазақ халқы оларды ажал тырнағынан аман сақтап қалды. Жарты нанды бөліп жеді. Өздерінің жағдайы қиын болса да, қолдарындағы барымен бөлісті, корейлерді өз орталарына қабыл алды. Мұның бәрі өмір шындығы. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Жерұйық» фильмінде корейлердің қоныс аударылған кезіндегі оқиғалар айна қатесіз, шынайы суреттелген. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс. 
Қазіргі жедел қарқынмен дамып жатқан ғарыштық ғасырда біз өмір сүріп отырған әлем үлкен өзгерістерге түсуде. Қазақстан дүниежүзін бейбітшілікке үндеп келе жатқан болса, ал бірқатар елдер соғыс қаруларын одан әрі көбейтіп, жанталаса қарулану әрекетіне көшуде. Соғыстың адамзат баласына тек қана қасірет әкелетінін ұғына алмайтындар ХХІ ғасырда да өмір сүріп жатқаны өкінішті-ақ. Осы орайда, Елбасы күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеріп жатқанын, әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғанын атап өткен. Алайда, дүние жүзінде бейбітшілікті қалайтындардың саны өте көп. Қазақстан адамзат баласын алапат қауіп-қатерден қорғау мақсатында алпауыт елдердің басшыларына үндеу жолдады. Ол үндеудің бас­ты шарты – жаппай қырып-жою қаруларын сынақтан өткізуге немесе қолдануға мүлдем тыйым салу. Біздің елдің осындай жаһан­дық маңызы зор бастамаларын қолдайтындардың қатары жыл санап өсіп келеді. 
Сонымен қатар, осы мақала­сында Президент ХХ ғасырда тек ұлттар мен адамдарға ғана емес, Жер анаға жасалған қиянаттың да зардабы ауыр болғанын атап өтеді. Жеріміздің апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналғанын жазады. Мысалы, жанталаса қарулануды көздеген Кеңес Одағы жері жазиралы, қасиетті де киелі Семей өңірін өткен ғасырдың екінші жартысында ядролық қаруды сынайтын аймаққа айналдырып, шұрайлы жері мен суын уға бөктірді, халқын жазылмас дертке шалдықтырды. Мұндай қасірет оған дейін болған емес еді. Ендігі жерде осындай қылмысқа жол бермеу барша адамзаттың парызы болмақ. Ал Жер ананың байлығын ысырапшылдыққа бой алдырмай пайдалану, экология­лық залалдардың орын алуына тыйым салу баршамыздың келешек ұрпақ алдындағы басты міндетіміздің бірі екені анық. Елбасының айтуынша, ендігі жерде ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану заман талабы болып отыр. 
Елбасы мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабі­летін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – дейді. Осы ойын өрбіте келіп, әрбір қазақ­стан­дық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек екенін алға тартады. Айталық, ақпарат ағыны әлем назарын өзіне аударып тұрған тұста, компьютердің тілін білу, бірнеше шет тілін меңгеру, дүние­жүзінің озық мәдениеті мен рухани байлығынан сусындау сияқты қасиеттерге ие болсаңыз, бәсекеге қабілетті және өркениет жаңа­лықтарымен тыныстаған адам атанатыныңыз анық. 
Елбасы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің жоғары болуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Осы мақаласында да бұл мәселеге тоқталып өткені белгілі. Біртұтас елде патриоттық сезім де дінге, ұлтқа бөлінбейді. Қазақстанның бүгінгі жастары – мектепте елдік рухта тәрбиеленгендер, олар тәуел­сіздік жылдары мемлекет құн­ды­лықтарын бойына жинаған өрен­дер. Әрбір қазақстандық ұлтына, нәсі­ліне, дініне, шыққан тегіне қара­мастан, бәрі де өздерін Қазақ елінің азаматтарымыз деп сезінеді. Бүгінде олар осы елдің атынан әлем­дік, халықаралық жарыстар мен бай­қауларға қатысып, білім мен ғылымда айтарлық­тай жетістіктерге жетуде. Спорт саласында да биік межелерді бағындыруда. Олардың көтер­гені – Қазақстанның көк Бай­рағы, шырқағандары – еліміздің Әнұраны! Бәрі де биік тұғырда тұрғанда ерекше тебіреністе болып, кеуделерін тәуелсіз мемлекетімізге деген мақтаныш сезімі билеп:
«Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің
 Қазақстаным!»
–  деп асқақ шабытпен шырқайды.
Мемлекет басшысы өз ойын қорыта келе, қазіргі шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы бола­шағын баянды ете түсудің тең­дессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанын, сол мүмкіндіктен айырылып қалмауымыз қажет екенін еске салады. «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осы­нау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сене­мін», – деп өз пайымын түйіндейді. Бү­кіл қазақ­стандықтарға, соның ішінде жастарға арнайы үн қатып отыр. Ендеше, Елбасы көздеген межені бағындыру, алға қойған міндеттерін орындау тәуелсіз мемлекетіміз – Ұлы Отанымызды шексіз сүйетін әрбір адамның азаматтық парызы деп білемін. 
Осы жолда бізді адастырмайтын да, мақсаттарымызды баянды ететін де рухани байлығымыз, мәдени құндылықтарымыз. Заман­ның жаңа, өркениетті жаңаруына лайықты бола білген елдің халқы қиындықтарды да жеңеді, табысқа да жетеді. Үлкен асуларды да бағындыра алады. Өйткені, рухани жаңғыру – еліміздің жаңа белеске көтерілуіне серпіліс беретін күш.

Роман Ким,
Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Қазақстан корейлерінің қауымдастығы» РҚБ президенті,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі