Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланып, қоғамда рухани серпіліс туғызған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ХХІ ғасыр тарихы төрінен орын алатындығы сөзсіз. Себебі, жаһандану қарқыны үдеген уақытта өзіндік болмысты сақтап, жат мәдениеттің жетегінде кетпей, әлемдік даму көшінен қалмау басты проблема болып отырғандығы да белгілі. Сондықтан, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының тарихи маңызы зор. Мақалада мазмұндалған идеяларды толыққанды жүзеге асыру елімізді бүгінгіден де еңселендіре түсетіні анық.
Рухани жаңғырудың түйіні адам жанын байыту мен қоғамды дамытуға келіп тіреледі. Әлихан Бөкейханұлы мәдениет өмірі − құдірет әмірі деп ақиқатты түйіндейді. Бұл әріден түсінген адамға терең мағынаны, кең түсінікті білдіреді. Әрбір ұлттың мәдениетін сақтау әрі жетілдіру ісі − өмірлік маңызды мәселе. Рухани жетілудің өзегі − дін, тіл, тарих. Осы бір іргелі түсініктер адамды тұлғалануға жетелейді. Абай ғұламаша айтқанда, толық адам мәселесі, ал Шәкәрім дана үйреткендей барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің, артынан қайрылып, қауымға келмейсің.
Түркілік рухани кеңістікке бойласақ, Бұхар сияқты ғұламалар салған рухани сүрлеумен жүретін адамды қалыптастыру арқылы ұлттық рухты биіктетеміз. Президент атап көрсеткендей: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».
Жаһандану қармағына ілінген сайын тарихи санамызды күшейту үшін, өзіміздің, ұрпағымыздың болашағы үшін өткеннің рухани қазынасына терең бойлайтынымыз да ақиқат. Әріден алғанда хан, батыр, би-шешен, ақын-жырау, беріден қайырғанда Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және өзге де ұлтын сүйген зиялылардың рухани қазынасы − рухани жаңғырудың алтын қазығы. Ең бастысы, ешкімге ұқсамайтын рухани сүрлеуіміз бар. Мақсат – сол қазынамызды түрлі деңгейдегі білім беру орындарында білім алып жүрген жастар бойына сіңіру.
Әсіресе, мектеп қабырғасында алған білім адамның тұлғаға айналу процесінде негізгі рөл атқарады. Рухани тамырларымызды жастар бойына сіңіру арқылы рухани жаңғыру өміршең болмақ. Адам мәңгілік болмағанымен, әлеуметтік іс пен әлеуметтік тәжірибе (рухани тамыр) ғасырлардан ғасырларға жалғасын тауып, мәңгілік жоғалмайтын рухани құндылыққа айналатындығы ақиқат. Мұны тарих жүзі дәлелдеп отыр. Бір ғана Шәкәрім ғұламаның тарих қойнауынан тамыр тартқан ар ілімін мысал ретінде алып зерделеуге де болады. Ал ар ілімін жоғары ұстанғандар − рухани жетілген жандар.
Дәстүрлі қазақ қоғамында халық тәрбиесінің кілті ақылгөй, батагөй ақсақалдар мен кимешек киген әжелер болған еді. Ақиқатына келгенде, қазақтың төл тарихы ауызша тарихтың өне бойында жатыр. Ал қазақ тарихының ерекшелігі тарих тағылымының ұрпақтан ұрпаққа ауызша берілуімен сипатталады. Сол ауызша тарихымызды білетіндер де азайып бара жатыр. Тарихымызды түгелдей қағаз бетіне түсіріп, толыққанды зерттеу рухани жаңғырудың тура жолы болып табылмақшы.
Ұлттың мәдени мұрасы − ұлт рухының көрінісі. Ұлт мәдениетінің қалыптасу, даму дәрежесіне қарай ұлттың қауіпсіздігі де қорғалмақ. Мәдениет дегеніміз, адамның ақылымен, қолымен жасалған құндылықтардың жиынтығы ғана емес, әрбір адамның, ұлттың есеюі, жетілуі, кемелденуі, жасампаздық істің, танымдық қабілеттің ашылып, жүзеге асуы. Мәдениет − тарих өрісі, яғни адам ақыл-ойының жемісі. Мәдениет адамдық негізі, адамдықтың субстанциясы, тұлғалану негізі. Өйткені, тарихтың қозғаушы күші − тұлғалық іс. Сондықтан да, сөз бен істің жарастығы, тұлға мен қоғамның үйлесімді тіршілігі мәдениет ошағы болмақ. Тарихтың мәнін түсіну үшін алдымен адам болмысын зерделеуіміз шарт деген түсінікті де жиі кездестіреміз.
Ұлт ісі қоғам өмірінде кісілік келбеттің қалыптасып, терең тамыр жаюына қатысты дамымақшы. Сондықтан, рухани жетілген жан ғана рухани құндылықтардың мәнін түсініп, оны қорғаушы ғана емес, кейінгі ұрпаққа жеткізуші қызметті атқарып, Отан алдындағы азаматтық борышын, ұлт алдындағы адамдық парызын адал орындайды. Сөйтіп, өзін өзгелерге қадірлете біледі. Рухани құндылықтар тарих өрісінде тұнып тұр. Сондықтан да, тарихи сана − тұлғаны қалыптастырудың негізі десек, қателеспейміз.
Қазақ халқының рухани құндылықтары Абай ғұламаның толық адам болу тұжырымдамасымен анықталады. Ұлттық діліміз – барлық мәселеге адамдық өлшеммен қарауды үйретеді. Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде елімізге тағдыр тәлкегімен келген ұлт өкілдеріне адамдық өлшеммен қарады. Тарихи тағдырлар бірге өрілді. Нәтижесінде, Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың астында тіршіліктерін үйлестіре білді. Бір-бірімізге бауыр бастық. Қазақтың ұлттық құндылықтары өзге ұлт өкілдерін қазақ халқын құрметтеуге жол ашты.
1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы іспеттес. Кез келген қоғамда бірлік пен ынтымақ басты орында тұрады. Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын. Қазақ даласына қилы замандарда келген этностардың ұрпақтары мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға атсалысып, қазақ халқының тілін, тарихын дәріптей отырып, этномәдени бірлестіктердің қызметін жандандырып, рухани дамуға жол ашуда. Рухани даму арқылы этносаралық келісім қамтамасыз етілуде.
Үмбетхан Сәрсембин,
Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалының жанындағы Ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты