Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен «Кейбір заңнамалық актілерге электр энергетикасы, табиғи монополиялармен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында бізге 4 топтамадан тұратын заң шығарушылық тапсырма берген болатын. Соның бірінші тобында инвестициялық мүмкіндіктерді арттыратын салаға қатысты заңдар жасап беруіміз тапсырылған. Президент энергетиканы дамыту ел тәуелсіздігін бекемдеу екенін атап өткен еді. Сондықтан осы заң жобасы Мәжіліс қоржынына келіп түсіп, бүгінгі дөңгелек үстелде қаралып отыр. Ең маңызды шаруаның бірі электр қуаты мен инвестициялық саланы рынокта реттеу болып табылады. Заң жобасының таныстырылымы өткізіліп, жұмыс тобының отырыстарында талқыланды. Оған депутаттар тарапынан 127 толықтыру түсті. Бүгін оны жан-жақты тағы бір талқылап, өндіруші мен тұтынушы талабынан шығатындай етіп жасауымыз керек, деді комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Валерий Доскалов дөңгелек үстелді жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстелде күн тәртібінде қаралып жатқан тақырыпқа байланысты Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов пен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев баяндама жасады. Аталған заң жобасының мақсаты электр стансаларының инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру мен инвестициялық міндеттемелері көлемінің тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету және Қазақстан экономикасының электр энергиясы мен қуатына қажеттілігін қуат рыногын енгізу есебінен қамтамасыз ету болып табылатыны атап көрсетілді.
Заң жобасы 2010 жылғы 22 қаңтарда өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін әзірленген, сонымен қатар, «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы» және «Электр энергетикасы туралы» заңдар мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейді.
Дөңгелек үстелде «KEGOC» АҚ-тың материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жүйелік қызмет бойынша атқарушы директоры Валерий Ли, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ электрэнергетикасын дамыту орталығының директоры Әнуар Түкенов, «Энергопром» ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Геннадий Андреев, USAID-тің электрэнергетикалық рыноктар бағдарламасы бойынша кеңесшісі Беккер Майкл қосымша баяндамалар жасады.
Заң жобасын талқылау қызу жүрді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.