Қазақстан • 15 Маусым, 2017

«Еуразиялық кеңістікте оңтүстік пен солтүстік арасын да жалғау керек»

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

X Астана экономикалық форумында «Егемен Қазақстан» газеті Азия Даму Банкі институтының деканы Наоюки Йошитодан сұхбат алған еді.  

«Еуразиялық кеңістікте оңтүстік пен солтүстік арасын да жалғау керек»

Йошито мырза, сөз басын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Еуразиялық кеңістіктегі маңызынан бастасақ, биылдан бастап мүше мемлекеттер саны сегізге жеткен бұл ұйым өңірдің дамуына қаншалықты ықпал етпек?

Кез келген ұйымның экономикалық интеграция ретінде өз міндетін нақты орындауы үшін оған мүше мемлекеттер арасында инфрақұрылым қажетті деңгейде дамуы қажет. ШЫҰ салыстырмалы түрде жас ұйым болғандықтан және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы әлемдік деңгейдегі көрсеткішпен салыстырғанда шағын болғандықтан мүше мемлекеттердің іскер орталарының ортақ нарық құруына кедергі аз болған жоқ. Экономикалық интеграция ең алдымен инфрақұрылымның дамуы. Осы орайда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын айта кету керек. Бұл негізінен қытай тауарының Еуропаға сатылуы үшін қолға алынған жоба. Яғни, шығыс пен батыс арасындағы көпір. Ал Еуразиялық кеңістікте тек шығыс пен батыс арасы емес, оңтүстік пен солтүстік арасын да жалғауға қажеттілік бар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО уақытында барлық темір және қара жолдардың оңтүстіктен солтүстікке, яғни Қазақстанның қазба орындарынан тікелей Мәскеуге тартылғанын айтқан еді. Осы орайда «Бір белдеу, бір жол» жобасының да біржақты жұмыс істейді дейсіз ғой... Қазақстанның транзиттік әлеуетін әртараптандыру үшін не істеуіміз керек?

Жоғарыда айтқанымдай, инфрақұрылымды дамытуға мән берген жөн. Ол үшін жол салу керек. Инфрақұрылымдық жобалардың ел экономикасына көпжақты пайдасы болады. Ол дегеніңіз жаңадан жұмыс орындарының ашылуы, бизнестің көптеп бой көтеруі, нәтижесінде салық түсімінің көбеюі. Осы салықтан түскен қаражатты мемлекет тағы да сол инфрақұрылымдық жобаларға салуы керек. Еркін нарық осылай жұмыс істейді.

Бұл тұрғыда сыртқы сауда қатынастарын арттыруды тек үкімет қамтамасыз ету керек деген ойдан аулақ болу керек. Бұған ең алдымен бизнес мүдделі. Ал үкіметтің міндеті соған жағдай жасау: жол салу, электр желілерімен қамту және тағы басқа. Батыс пен шығыс ортасындағы Қазақстан транзитті мемлекет ретінде өзіне тиесіліні алуы тиіс. Сонымен қатар, Солтүстік пен Оңтүстік, Ресей мен Үндістан арасындағы тауар айналымына қолайлы жағдай жасайтын жағдайға ұмтылуы шарт.

Еуразиялық кеңістіктегі «Жаңа Жібек жолының» болашағына күмәнмен қараушылар бар. Олардың айтуынша, Үндістан, Жапония, Қытай секілді алпауыттар өз тауарларын Еуропа мен Африка елдеріне теңіз жолы арқылы тасымалдап жатыр. Бұл ең арзан жол. Ал темір жолы мен қара жолдың тасымал бағасы бірнеше есеге қымбатқа түседі. Осы орайда, Еуразиялық құрлықтағы тасымал тек  сағым түрінде болып қана қоймай ма?

Бәрі де «Жаңа Жібек жолы» бойындағы елдердің қалай жұмыс істейтініне байланысты. Ең алдымен шекараны ашу керек, инфрақұрылымды дамытып, соның ішінде жол салып, тасымалға барынша жағдай жасау керек. Мен сіздердің елдеріңізге өз бетінше ақша табуды үйренуге кеңес берер едім. Сырттан ақша тегін келмейді. Қазақстанның басты байлығы транзиттік мүмкіндігі. Оны дамыту үшін инфрақұрылымды көтеру керек.

90 жылдардың басынан бастап бүгінге дейін Қазақстан индустрияландыру арқылы күн көріп келеді. Қазба байлықтары мен кен орындары біздің негізгі күнкөріс көзіміз. Сонау КСРО уақытынан басталған индустрияландыру 2000 жылдардың басында жаңаша сипат алды. Ал соңғы Жолдауда Елбасы сандық экономиканың маңызына ерекше тоқталды. Осы орайда, Қазақстанның өндірістік және сервистік ел ретінде әлеуетін қалай бағалайсыз?

Ешқашан да мемлекет бизнесті белгілі бір саламен шектеп қоюына болмайды. Үкіметтің міндеті, кәсіпкерліктің кез келген түріне жағдай жасау. Дамушы елдерді былай қойғанда, дамыған елдерде де мұндай шектеу экономикаға кедергісін келтіреді. Жапония мен Германияның ірі өндірістік ел болғаны, Сингапурдың қаржы саласында үлкен жетістікке жеткені үкіметтің осы салаға ғана жағдай жасағанынан емес, еркіндік беріп, бизнестің осы салаға өздерінің икемделгенінен.

Сондықтан Қазақстан үкіметі де ең алдымен адам капиталына басымдылық беріп, бизнестің кез келген түріне жағдай жасауы керек.

Әңгімелескен

Бауыржан МҰҚАНОВ,
"Егемен Қазақстан"