Қазақстан • 15 Маусым, 2017

Агрис Прейманис: Біздің соңғы болжамға сәйкес Қазақстан экономикасы 2018 жылы 3,5% өседі

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропалық қайта құру және даму банкі қазір Қазақстанда жүріп жатқан реформаларды жалғастырып, тереңдету керек деп есептейді.

Агрис Прейманис: Біздің соңғы болжамға сәйкес Қазақстан экономикасы 2018 жылы 3,5% өседі

Бейсенбі күні Астана экономикалық форумында өткен баспасөз мәслихатында ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис: «Біздің соңғы болжамға сәйкес Қазақстан экономикасы 2017 жылы 2,4%, ал 2018 жылы 3,5% өседі. Алайда осы өсім болжамнан да жоғары болып іске асуы үшін реформаларды жалғастыру өте маңызды», – деді.

Сонымен қатар Банктің аймақтық басшысы сыртқы экономикалық ортаның жақсарған жағдайында мемлекетке құрылымдық реформалар мен бәсекеге қабілетті, «жасыл» және инклюзивті экономика құру үшін тағы бір қадам жасауы керек екендігін атап өтті.

Және бұған қоса ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти 22 маусымда Астанада басталатын Шетел инвесторларының кеңесінде қайта жаңғыратын энергетикаға инвестиция арттыру мен аймақтардың дамуына көңіл бөлу туралы сөз қоғайды деп күтілуде. Чакрабарти мырза Шетел инвесторларының кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге төрағалық етеді.

Шетел инвесторларының кеңесінің операциялық комитетінің мүшесі, ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис: «ЕҚДБ тең төрағалық ететін Шетел инвесторларының кеңесі тартымды инвестициялық ахуалды қолдауда маңызды рөл атқарады. Мен осы кеңес Қазақстан үшін мұнан былай да конструктивті және сыншы әріптес болып қала береді деп сенемін. Елдің инновациялық және бәсеке қабілетті болуға бағытталған күрделі құрылымдық реформаларды жүзеге асыра бастағанын ескерсек, Кеңеске мүше елдердің және әлемнің басқа да елдерінің тәжірибесі пайдалы болады», – деді.

ЕҚДБ және Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін тағы бір басым бағыт – ел аймақтарын дамыту. Банк Қазақстанның барлығына дерлік облыстарында әртүрлі салаларға инвестиция салып, жұмыс істеп келеді.

«Қазақстанның тұрақты түрде дамуына баршамыз да мүдделіміз. Және ЕҚДБ «жасыл» және инклюзивті дамуға зор үлес қосқанына ризамын. Өткен демалыс күндері кезекті инвестициялық жобаға қол қойдық. Ол «Бурное» күн электр станциясының көлемін екі есе үлкейтеді. Біз берген 50 млн АҚШ доллары көлеміндегі несие таза энергия шығаруға және Жамбыл облысында жаңа жұмыс орнын ашуға көмектеседі. Банк жақында ғана көлемі 1 млрд АҚШ доллары болатын бағдарламаны бекітті. Ол энергетика және табиғи ресурстар секторында әйелдер мен жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған» деді ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис.

ЕҚДБ экономика, саясат және басқару бойынша басқарушы директоры Маттиа Романи Қазақстан «Белдеу және бағыт» бастамасы беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалану керек деп есептейді. Бастама «ЭКСПО-2017» барысында ашылатын Астана халықаралық қаржы орталығына «жасыл» қаржыландыру жүйесін құруға мүмкіндік береді.

«Миллиондаған көрермендер жақында ғана «Би-Би-Си» арнасының Қытаймен шекарада орналасқан «Хоргос» құрғақ портының құрылысы туралы деректі фильмін тамашалады. Мұндай жаңа жобалар бүкіл әлемнің назарын аударады. Біз бұл қызығушылық жаңа мүмкіндіктердің ашылуына әкеледі деп сенеміз», – дейді ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис.

Айнаш Есали,

«Егемен Қазақстан».

Алматы