«Мемсараптама» РМК-нің ұйытқы болуымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында еліміздің барлық этностарының басын қосқан тіл фестивалі болып өтті. Республиканың түкпір-түкпіріндегі кәсіпорындардың көркемөнерпаздар ұжымдарын жинаған Астанадағы байқау ТМД елдерінің, соның ішінде, Қазақстан басшысы айтып жүрген мәдениетаралық және ұлтаралық үнқатысуды қалай құру керектігінің нағыз үлгісіне айналды.
Қазақстанның байлығы – оның мәдени әралуандығында. Кезінде республика түрлі халықтардың ортақ үйіне айналды. Солардың көбінің өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін ұмытпай, ұлттық болмыстарын сақтауға талпынатыны қуанарлық жәйт. Олай дейтініміз, ғалымдарының айтуларынша, әрбір екі апта сайын бір тіл қолданудан шығып қалатындықтан, ғасырдың соңына таман қазіргі бар тілдердің тең жартысының жойылып кетуі мүмкін екен. Лингвистер атап көрсеткендей, халықтардың 80 пайызы 80 тілде сөйлесе, былайғы 3,5 мың тілді жер шары халқының 0,2 пайызы ғана қолданады. Сарапшылар мұны жаһандану үдерісімен байланыстырады.
«Тілге құрмет – елге құрмет» деген атпен өткен фестиваль қазақстандықтардың ұлттық әралуандығын барынша ашып көрсете білді.
– Фестивальдің мақсаты – Мемсараптама мамандарын, әсіресе, жас ұрпақты патриотизм рухында, республикамызда тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін сыйлауға тәрбиелеу, – дейді «Мемсараптама» РМК бас директоры Бірлік Ережепов. – Сонымен бірге қазақ халқының мәдени мұралары мен тілін де жете үйрену қажет.
Байқау бағдарламасы бірнеше бағыттарды қамтыды. Алдымен қатысушы командалар Қазақстанда тұратын халықтардың бірінің әндері мен билерін орындап, оның ұлттық тағамдары мен кәдесыйларын төрешілер талқысына ұсынды. Екінші турда байқауға қатысушылар құрылыс терминдері бойынша білімдерін Абай тілінде түсіндірді. Соңында мақал-мәтелдерге, белгілі қазақ жазушыларының тіл туралы айтқандарына қатысты түсініктерін ортаға салды.
Қорытындысында Мемсараптаманың Алматыдағы оңтүстік филиалы бірінші орынды, Астанадағы бас кәсіпорын екінші орынды, «Талдықорғанмемсараптама» ЕМК үшінші орынды иеленсе, гран-приді «Шығысмемсараптама» ЕМК мен оның Семейдегі филиалы жеңіп алды. Командалардың бәрі кәсіпорын басшылығының ағыс хаттарымен марапатталды.
– Адамдардың бір-бірінің мәдениетімен неғұрлым көбірек танысып, халықтардың өзара жақындаса түскенін қалар едім, – дейді лезгинка биін келістіре билеп шыққан «Шығысмемсараптама» ЕМК филиалының ақпараттар жөніндегі жетекші маманы Талант Омарбеков, іс-шара туралы өз ойын білдіре отырып.
Тілдер фестивалі қатысушылардың бәрінің де көңілінен шығып, олардың өздерін Қазақстан халықтарының үлкен отбасының құрамдас бөлігі ретінде сезінуіне жағдай жасады. Ұйымдастырушылар байқауды дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұру жөнінде шешім қабылдап отыр.
Есен БАЕВ.
––––––––––––
Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.