Қазақстан • 16 Маусым, 2017

Кітап көрмесі – оқырман олжасы

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы «Көрме» орталығында баршаға арналған «Eurasian Book Fair-2017» атты Еуразиялық халықаралық көрме-жәрмеңкесі ашылды. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Кітап көрмесі – оқырман олжасы

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»
– Бүгінде Қазақстан әлем назарын өзіне аударып, халықаралық мамандандырылған ЭКС­ПО-2017 көрмесін өткізіп отыр. Дү­­ниежүзі көз тіккен жаһан­дық шара кезінде Еуразия­лық халық­аралық кітап көрме-жәр­мең­кесінің өткізілуі – ерекше оқиға. Бұл шараға АҚШ, Гер­мания, Қытай, Түркия, Ресей, Үндістан, Иран секілді әлемнің 25 мемлекетінен 90 баспа үйі өз өнімдері мен жаңа технологиясын ұсынып отыр. Көрмеге келген кітапсүйер қауым төрт күн бойы ғылыми-танымдық, іскерлік және техникалық әдебиеттермен танысып, баспа ісінің соңғы жетістіктеріне куә бола алады. Көрме аясында бас-аяғы 100-ден астам шара, соның ішінде дөңгелек үстел жиындары, семинарлар, оқырмандар форумы, жаңа кітаптардың таныстырылымы өтеді. Ендеше, адамзатты мейірімділікке, ізгілікке, өркениетке бастайтын кітап әлемінің мерекесі құтты болсын! – деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Еуразиялық халықаралық кітап  көрме-жәрмеңкесін аралап көрді. Оның алғашқы аялдаған «Алматыкітап» баспасы кітап көрмесіне 500 кітап әкелген екен. Соның ішінде «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» атты танымдық кітаптың алғашқы нұсқасы көрме-жәрмеңкеге қойылды. Бұл басылымда елорда маңындағы көне Бозоқ қалашығының  тарихы жеңіл тілмен, ұғынықты жазылыпты. Негізінен кітап мектеп оқушыларына арналғанымен, ересектер де одан бас шаһар туралы көптеген мәлімет ала алады. 
Жұртшылықты рухани әлемге жетелеп, білім көкжиегін кеңейтетін кітап көрмесінде әйгілі әлемдік және отандық ақын-жазушылармен кездесу де ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, қалың көпшілік әдебиет әлемінің әлі сиясы кеппеген дүниелерімен де таныса алады. Олардың қатарында қазақстандық белгілі ақын-жазушылардың да кітаптары оқырманға жол тартады. 
Көрме аясында, жоғарыда ай­тыл­ғанындай, ауқымды мәдени-іскер­лік бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде танымал мәдениет қайрат­кер­лерімен, жазушылармен және ақын­дармен кездесулер өтеді, эт­но­мәдени бірлестіктер өнер көр­сетеді.
Мемлекеттік хатшы Еура­зиялық «Eurasian Book Fair-2017» халықаралық кітап көрме-жәр­меңкесінде кітаптардың экспо­зицияларымен танысып, қаты­сушылардың барлығына шығар­машылық байланыстарды іл­герілетіп, жоғары кәсіби табыс­қа жетуге тілектестік білдірді.

Суретті түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»