Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
– Бүгінде Қазақстан әлем назарын өзіне аударып, халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізіп отыр. Дүниежүзі көз тіккен жаһандық шара кезінде Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің өткізілуі – ерекше оқиға. Бұл шараға АҚШ, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Үндістан, Иран секілді әлемнің 25 мемлекетінен 90 баспа үйі өз өнімдері мен жаңа технологиясын ұсынып отыр. Көрмеге келген кітапсүйер қауым төрт күн бойы ғылыми-танымдық, іскерлік және техникалық әдебиеттермен танысып, баспа ісінің соңғы жетістіктеріне куә бола алады. Көрме аясында бас-аяғы 100-ден астам шара, соның ішінде дөңгелек үстел жиындары, семинарлар, оқырмандар форумы, жаңа кітаптардың таныстырылымы өтеді. Ендеше, адамзатты мейірімділікке, ізгілікке, өркениетке бастайтын кітап әлемінің мерекесі құтты болсын! – деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін аралап көрді. Оның алғашқы аялдаған «Алматыкітап» баспасы кітап көрмесіне 500 кітап әкелген екен. Соның ішінде «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» атты танымдық кітаптың алғашқы нұсқасы көрме-жәрмеңкеге қойылды. Бұл басылымда елорда маңындағы көне Бозоқ қалашығының тарихы жеңіл тілмен, ұғынықты жазылыпты. Негізінен кітап мектеп оқушыларына арналғанымен, ересектер де одан бас шаһар туралы көптеген мәлімет ала алады.
Жұртшылықты рухани әлемге жетелеп, білім көкжиегін кеңейтетін кітап көрмесінде әйгілі әлемдік және отандық ақын-жазушылармен кездесу де ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, қалың көпшілік әдебиет әлемінің әлі сиясы кеппеген дүниелерімен де таныса алады. Олардың қатарында қазақстандық белгілі ақын-жазушылардың да кітаптары оқырманға жол тартады.
Көрме аясында, жоғарыда айтылғанындай, ауқымды мәдени-іскерлік бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде танымал мәдениет қайраткерлерімен, жазушылармен және ақындармен кездесулер өтеді, этномәдени бірлестіктер өнер көрсетеді.
Мемлекеттік хатшы Еуразиялық «Eurasian Book Fair-2017» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде кітаптардың экспозицияларымен танысып, қатысушылардың барлығына шығармашылық байланыстарды ілгерілетіп, жоғары кәсіби табысқа жетуге тілектестік білдірді.
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»