ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ БЕСЖЫЛДЫҒЫ: АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ – 2010-2014
Қазақстан астығын экспорттауды ұлғайту мақсатында бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауды қамтамасыз ететін элеватор салу жобасы жүзеге асырылуда.
ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨРЕЛІ МІНДЕТТЕР
“Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын құру бағытындағы өңір үшін аса пайдалы құны 383 млрд. теңге болатын “Жетісу” ӘКК басшылығымен 2005-2018 жылдар аралығында іске асыруға тиісті құрылымға да ел жоғары сенім артып отыр.
Агроөнеркәсіп кешені – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және республикамыздың тұрғындарының жартысына жуығының тұрмыс жағдайына тікелей әсері бар экономикамыздың аса маңызды салаларының бірінен саналады. Қазақстан халқының 47 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының үштен бірі аграрлық салада еңбек етеді. Мемлекетіміздің ішкі жалпы өнімінің 5,3 пайызы аграрлық сектордың үлесіне тиесілі. Ендеше, АӨК-ті дамыту қоғамымыздағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне, экономикамыздың барлық саласының жағдайына шешуші дәрежеде ықпал етеді.
Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл саланы өркендетуге жан-жақты көңіл бөліп, үнемі назарда ұстап келеді. Өткен жылғы “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ сьезінде сөйлеген сөзінде Елбасы былай деп атап көрсетті: “Бізге бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуін және бағаларының артуын ескере отырып, аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға қайта бағдарлану қажет. Бұл үшін бізде барлық жағдайлар бар. Өткен бірнеше жыл қуатты аграрлық-индустриялық базаны құруға арналды. Ауыл тізерлеуден аяғынан тік тұрды, жаңа техникамен және технологиялармен қайта жарақтанды. Сол арқылы Қазақстан алғаш рет азық-түлік астығын ірі экспорттаушыға айналды, ал ұнды экспорттау жөнінен біз бірінші орынға шықтық.”
Иә, 1999 жылдан бері экономикамыздың аграрлық саласы тұрақты даму үрдісіне түсті. Соңғы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемінің өсімі орта есеппен жыл сайын 4 пайызды құрап отыр. Тіпті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың кері әсері көп болған биылғы жылдың өзінде, еліміздің ауылшаруашылық саласы тұрақты даму үрдісінен жаңылған жоқ. 2009 жылы ауыл шаруашылығы өндірген жалпы өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, 1386,9 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде егіншілік саласында өнім көлемі 829,3 млрд. теңге, мал шаруашылығында 557,6 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісінше 113,2 және 102,6 пайызға тең болды. 2009 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 трлн. теңгеден асты.
Жылдан-жылға тамақ өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Атап айтқанда, 2009 жылдың он айы ішінде бұрынғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ұн шығару 3 пайызға, өсімдік майы – 12,7, маргарин – 12,8, тәтті қаймақ – 6,8, шырын – 4,3, кондитерлік тағамдар – 8,7, шоколадтар шығару 17,0 пайызға артқан. Жалпы 2009 жылы сусындарды қоса алғанда тамақ өнімдерін өндіру көлемі 783,1 млрд. теңге болды. 2008 жылы бұл көрсеткіш 734,1 млрд. теңге мөлшерінде болған.
Егемен елімізде астық өндіру көлемі өткен жылы бұрын-соңды болмаған межеге жетті. Бункерлік салмақ бойынша 2009 жылы еліміздің диқандары 23 млн. тоннадан астам дән жинады. Жалпы өткен жылы егіншілік саласында барлық дақылдар бойынша да жақсы өнім жиналды. Негізгі ауылшаруашылық дақылдары бойынша 2008 және 2009 жылдары жиналған жалпы өнім көлемін төмендегі кестеден көруге болады.
Майлы дақылдар бойынша өнім өндіру көлемі де рекордтық көрсеткіш 700 мың тоннаға жетті. Осының арқасында елімізде алғаш рет тұрғындардың өсімдік майына деген сұранысы толық қанағаттандырылды. 2008 жылмен салыстырғанда күріш, картоп және жүзім өнімдерін жинау 20-25 пайызға артты.
Мал шаруашылығы саласында да жоғары даму қарқыны сақталып отыр. Мәселен, 2009 жылы еліміздегі ірі қара мал саны 138,2 мың басқа немесе 2,1 пайызға артып, 6635,4 мыңға жетті. Жылқы 5,2 пайызға артып, 1544,1 мыңға, түйе 5,0 пайызға өсіп, 161,9 мыңға, қой мен ешкі 3,2 пайызға өсіп, 19253,5 мыңға жетті. Еліміз бойынша құстың жалпы саны бүгінгі күні 35111,9 мыңды құрап отыр. Осыған сәйкес мал өнімдерін өндіру көлемі де ұлғайды.
Сөз жоқ, мұндай жоғары жетістіктер ел егемендікке қол жеткізген жылдар ішіндегі Мемлекет басшысының мақсатты да жүйелі жүргізіп келе жатқан аграрлық саясатының жемісі екендігі даусыз. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің жылдан-жылға артып келе жатқанын жақсы сезінуде. Тіпті, әлемдік қаржы дағдарысының қиындықтары еліміздің қаржы және экономикалық жүйесін қатты құрсаулаған өткен жылдың өзінде агроөнеркәсіп кешені мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қаржылық көмек алды. Бөлінген субсидия көлемі бұрынғы жылмен салыстырғанда 2009 жылы 4 пайызға артты. Ұлттық қордан алған қаржы есебінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне “ҚазАгро” ұлттық холдингі арқылы көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын өткізуге 83 млрд. теңге несие ресурстары бөлінді. Мұндай қаржылық көмекті ауыл шаруашылығы бұрын алып көрген жоқ. Оны төмендегі екінші кестеден көруге болады.
Солай бола тұрса да еліміздің ішкі рыногы әлі күнге дейін кейбір жеміс-жидек, ерте пісетін көкөніс түрлерінен, сонымен бірге қант қызылшасы мен құс етінен тапшылық табын ерекше сезініп отыр. Әлі күнге дейін еліміз терең өңделген азық-түлік түрлері , атап айтқанда, ет және сүт өнімдері, консервіленген көкөніс түрлері бойынша импортқа тәуелділіктен құтыла алмай келеді. Қалыптасқан мұндай жағдайдың басты себебі, сала өндірісін әртараптандыру шараларының баяу жүргізілуінде, ескірген технологиялармен жұмыс істеп, уақыт талабына ілесе алмауында болып отыр.
Экономикамыздағы интеграциялық үдерістердің шапшаң өсуі азық-түлік рыногындағы жоғары бәсекелестік ахуалын туғызды. Бұл – уақыт талабы. Одан қалыс қалу мүмкін емес. Бүгінгі жаһандану дәуірінің бұлжымас қағидасы бойынша өскелең экономиканың ешқайсысы да интеграциялану үдерісінен сырт қалмауы тиіс. Ал интеграциялану дегеніміз, кең ауқымдағы бәсекелестік үрдістеріне бастамақ. Ендеше, мемлектеміздің аграрлық саясатына шұғыл түрде инновациялық бастамаларды ынталандыру, жаппай озық технологияларды өндіріске енгізу мақсатындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Олай болмайынша, саланы жоғары қарқынмен дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету хақында сөз қозғаудың өзі қиын.
Міне, нақ осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы бірқатар кешенді шараларды іс жүзіне асырды. Біріншіден, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру шеңберінде нақты шаралар жасалды. Өндіріс кешендерін қарқынды дамыту мүмкіндіктеріне кең жол ашу үшін және олардың халықаралық талаптарға толық үндестігін қамтамасыз ету үшін біршама базалық заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Екіншіден, Елбасының ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмаларына байланысты Үкімет қабылдаған 2009-2010 жылдары экономикамызды және қаржы саласын тұрақтандыру жөніндегі үшжақты бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес агроөнеркәсіп кешенін дамытудың инвестициялық бағыттары айқындалды. Өткен жылдың желтоқсан айында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Мемлекет басшысы белгілеген стратегиясын сараптау мақсатында, агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері бойынша арнаулы республикалық кеңес өткізіліп, онда бұл көкейкесті саланы 2010-2014 жылдары дамытудың нақты жоспары талқыланды. Бұл барыс бейнелі болашаққа серпінді қадам басқан елімізді жеделдете индустрияландырудың 2010 жылы бастау алған бесжылдық жоспарының құрамдас басты бағыттарының бірінен саналады.
Белгіленген осы стратегиялық жоспар бойынша алғашқы кезекте жалпы көлемі 60 гектар болатын жылыжайлар жүйесінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жыл сайынғы көкөніс тапшылығын 24 пайызға төмендетпек. Келесі жоба сыйымдылығы 75 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймалары жүйесін салу және жетілдіру болып табылады. Бірқалыпты оңтайлы жылу режімін ұстап тұратын, автоматтандырылған желдеткіш жүйесі жұмыс істейтін озық технологиялар қолданылатын бұл қоймалар жүйесі сақталатын өнімнің шығынын 40 пайыздан 4 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы көкөніс өнімдерін өсіру тәсілін ұлғайту су үнемдеуге қолайлы жағдай туғызумен қатар, ашық алаңдағы топырақта өсірілетін көкөніс түрлерінің шығымдылығын 50-70 пайызға дейін арттырады.
Еліміздің өңірлерінде тауарлы-сүт фермалары жүйесі кеңейтіледі. Бұл өз кезегінде жылына 73 мың тоннаға дейін сапалы сүт өндіріп, ішкі рыноктың бұл өнім түріне деген сұранысын қанағаттандыруды қазіргі 55 пайыздан 70 пайызға дейін көтеріп, импортқа тәуелділікті 15 пайызға қысқартады. Осыған байланысты еліміздегі асыл тұқымды сауын сиырлардың санын қазіргі 37 мыңнан 72 мың басқа дейін көбейту көзделініп отыр.
Заман талабына толық жауап беретін мал бордақылау алаңдарын кеңейту нәтижесінде экологиялық таза ет өнімдерін арттыруға қол жеткізіледі. Осы жоспар негізінде жылына 11 мың тонна жоғары стандартты ет өндіріліп, бұл өнімді экспортқа шығаруға жағдай жасалады. Жоғары технологиялы автоматтандырылған ет комбинаттарының жүйесі кеңейтіледі. Халықаралық стандарттрға сай мал сою орындары жасақталып, ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі арттырылмақ. Осының нәтижесінде еліміз болашақта кең көлемде ет экспорттаушылардың біріне айналады. Сонымен бірге, ет шығаруға бағытталған құс фабрикалары жүйесін қайта жарақтандыру және ұлғайту мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынады. Бұл фабрикалар толық автоматтандырылған компьютерлік жүйемен жұмыс істейтін болады. Осы жоспарға сәйкес елімізде жыл сайын 30 мың тонна құс еті өндіріліп, отандық рыноктың импорттық құс етіне деген тәуелділігін 20 пайзға дейін қысқартуға қол жеткізілмек.
Еліміздің батыс өңірлерінің өнеркәсіптік қуатын және кәсіби білікті кадрларының молдығын ескере келіп, Семей қаласында “Беларусь” тракторын құрастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылмақ. Рухына мәңгілік бас иетін қасиетті ата-бабамыздың ұрпағына мұраға қалдырған ұлан-ғайыр жомарт даласының арқасында егемен еліміз бүгінгі таңда әлемдегі астық экспорттаушы мемлекеттердің біріне айналды. Қазіргі күні өткен жылдардан қалған астықты (3,6 млн. тонна) қоса есептегенде, еліміздің құт қамбасында 24,2 млн. тонна алтын астық сақтаулы. Ішкі қажетімізді толық қанағаттандырған күнде 14,0 млн. тонна астық экспорттауымызға толық мүмкіндігіміз бар. Болашақта экспортқа шығарылатын қазақстандық сапалы астық еліміздің экономикасының әлеуетін арттыратын, агроөнеркәсіп кешенінің серпінді дамуын қамтамасыз ететін қуатты факторлардың бірегейіне айналмақ. Алайда, еліміздің жағрапиялық жағынан орналасу тұйықтығы, ірі теңіз порттарынан қашықта қоныс тебуі бұл экспорттық қуатымыздың жоғары деңгейде тиімді жұмыс істеп кетуіне мүмкіндік бермей отыр. Қазір еліміздің астық өндірушілері өнімдерін сақтау мен өткізуде күрделі қиындықтарға тап болып отырғандығы жасырын емес. Міне, осы проблемаларды шешу мақсатында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін 2010-2014 жылдар аралығында дамытудың стратегиялық жоспарында кешенді шаралар қарастырылған.
Қазақстан астығын экспорттауды ұлғайту мақсатында бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауды қамтамасыз ететін элеватор салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл нысан Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне кемінде 1,5 млн. тонна астық экспорттауға мүмкіндік бермек. Сол сияқты астықты терең өңдеу мәселелері бойынша да бірқатар кешенді шаралар белгіленген. Астық экспортында серпінді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру үшін мынандай жүйелі шаралар іске асырылмақ:
1. Оңтүстік және батыс бағыттарда астық және ұн экспорттауға тың серпін беру үшін Маңғыстау облысының Бейнеу стансасында қуатты диірмені бар элеватор кешені салынады.
2. Қазақстан және Қытай шекарасының Достық-Алашанқай өткізгішінде астық терминалының құрылысы басталмақ.
3. Иранның Әмірабад портындағы астық терминалының құрылысы аяқталады.
4. Иран және Парсы шығанағы жағалауындағы елдерге Қазақстан астығын экспорттау мүмкіндігін кеңейтудің кешенді шараларының бірі Жаңаөзен-Горган бағытындағы темір жол торабының құрылысын бастау болып табылады.
Еліміздің аграрлық саласын түбегейлі дамытудың жаңа сатысына көтеру мәселесінде инновациялық шаралардың маңызы аса зор. Ал бұл салада инновациялық бетбұрыстарды нақты өндіріске енгізу жұмысында аграрлық ғылым жүйесін қайта құру қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта да бірқатар тиімділікке қол жеткізіп отыр. Бүгінде аграрлық ғылым саласында мынандай орталықтар жұмыс істей бастады:
- коммерцияландыру және технологияларды трансферттеу орталығы. Бұл орталық қазірдің өзінде селекция, мал дәрігерлік, тамшылатып суару салаларындағы әлемдік ғылым жетістіктерін еліміздің жағдайына бейімдеу жөніндегі нақты жобаларды жүзеге асыра бастады;
- кең көлемдегі селекциялық және елімізге әкелінген жоғары өнімді асыл мал тұқымдарының өсімталдығын қамтамасыз ететін ғылыми-инновациялық орталығы;
- аграрлық салаға білікті мамандар даярлайтын өңірлік орталықтар.
Аграрлық ғылым еліміздегі егіншілік саласын дамытудың алдағы уақыттағы екі бағытын күн тәртібіне қойып отыр. Бұл біріншіден, егіншілік жүйесін әртараптандыру және ғылыми-зерттеулерге сүйене отырып, егіс алқабының құрылымын өзгерту. Қазіргі кезде егіншілік саласын біржақты дамыту үрдісі белең алған. Атап айтқанда, қазір еліміздің егіс алқаптарында негізінен бір түрлі дақылдарды себу тәсілі орын алған. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде бірыңғай бидай дақылы өсірілсе, оңтүстік өңірлерінде мақта мен күріш өсіруге басымдық беріледі. Қалыптасқан осы жағдай бір жағынан өнім өткізуге кедергі келтірсе, екінші жағынан тұқым себу айналымының ережелерін бұзып, егіс алқабының құнарлылығын төмендетеді.
Екінші, келелі міндет – кең көлемдегі химияландыру және ылғал ресурстарын молынан сақтаудың өскелең инновациялық өндірісін барлық өңірлерде жаппай өндіріске енгізу. Қазіргі кезде егіс алқаптарына минералды тыңайтқыштардың қажетті мөлшерінің 10 пайызы ғана сіңіріледі. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптарының өнімділігін әр гектарға тек химияландыру тәсілдері арқылы ғана 10-12 центнерден 15-17 центнерге дейін көтеруге болады.
Еліміздің мал шаруашылығы саласын қарқынды дамыту үшін таяу жылдардың ішінде басты-басты үш келелі міндетті жүзеге асыру қажет. Біріншіден, мал басының генетикалық әлеуетін арттыру керек. Қазіргі таңда біздегі жоғары өнімді мал тұқымының үлес салмағы дамыған елдермен салыстырғанда, 10 есе төмен. Екіншіден, дамыған өндірістік инфрақұрылымдары бар қазіргі заманғы жоғары тауарлы кешендер салу арқылы мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге ауыстыру және өндіріс орындарын ірілендіру. Ал әзірге біздегі мал басының 85 пайызы жекеменшік шағын шаруашылықтарға топтастырылған. Мұндай ұсақ шаруа қожалықтарында өндіріс технологиясы жоқ, өнім сапасы төмен. Үшіншіден, қуатты жемазық базасын жасау қажет. Бұл ретте бірінші кезекте қоспажем өнеркәсібін барынша жедел дамыту міндеті тұр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да стратегиялық жоспарға енгізілген кешенді шаралар баршылық. Бұл ретте саланы техникалық және технологиялық жағынан қайта жарақтандыруға, халықаралық сапа стандарттарын кеңінен өндіріске енгізуге барынша басымдық берілуге тиіс. Барыс жылынан бастап, біз үш мемлекет негізінде құрылған Кедендік одақ құрамында өмір сүре бастадық. Бұл дегеніміз тұтыну рыногында ортақ алып рынок қалыптасады деген сөз. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын шұғыл даму сатысына қоймасақ, отандық қайта өңдеушілердің бәсекелестік сахнасында шетке шығып қалу қаупі бар.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде тұралап қалған экономикамызды төрт аяғына тік қойып, әлемдік интеграциялық даму деңгейіне көтерген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сауатты экономикалық саясатының нәтижесінде еліміз өткен жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысында да сыр бермеді. Кәрі құрлықтың ғасырлар бойы дамыған алдыңғы қатарлы экономикалары рецессияға ұшырап, ірі қаржы орталықтары банкрот болып жатқанда Елбасы баламасыз бастамаларымен ел экономикасын да, егемен елдің енді қалыптасқан қаржылық жүйесін де дағдарыс дауылдарынан сеніммен алып шықты. Мемлекет басшысы күн тәртібіне тек дағдарыстан шығып қана қоймай, алдағы кезеңде экономикамызды барлық дағдарыстарға төтеп бере алатын, интеграциялық биік баспалдақтарда бәсекелестікке барынша қабілетті етіп қайта құру міндетін қойды. “Дағдарыс экономиканы әртараптандыруға баламаның жоқ екенін нақты көрсетіп берді. 2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап “Қазақстан – 2030” Стратегиясының аясында біз индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастаймыз”, деп атап көрсетті Елбасы. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бұл бағдарламасы елімізде бастау алған индустриялық-инновациялық бесжылдық жоспардың құрамдас бөлігі болып табылады.
Агроөнеркәсіп кешенінің 2010-2014 жылдарға арналған даму бағдарламасында белгіленген кешенді шараларды іс жүзіне асыру аграрлық саланы әртараптандыру үрдісін қорытындылап, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа сапалық деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Оның бүгінгі жаппай жаһандану дәуіріндегі бәсекелестікке қабілетін шыңдап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі азық-түлік рыногындағы тұрақтылықты нығайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨРЕЛІ МІНДЕТТЕР
Елімізде экономиканы жаңаша даму жолына түсіру бағытындағы міндеттерді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында айрықша көрсетілгені белгілі. Жолдауда “Бүгінгі проблемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз – кемелдіктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы. Біз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын. Бізге өз дамуымыздың жаңа кезеңіне кіруге және біздің жетістіктерімізді еселеуге тура келеді. Мұны да орындайтынымызға сенімдімін. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет”, деп алда тұрған міндеттердің өміршеңдігіне мән берілген еді.
Жетісу өңірінде осы мақсатта мол мүмкіндіктер мен аса маңызды өндірістік жобалар қолға алынса, экономиканың барлық саласында осы бағыттағы жұмыстар рет-ретімен игеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды деуге болады. Дағдарыстың жағымсыз әсеріне қарамастан, еліміз шикізаттық бағыттан біртіндеп арылып, өнеркәсіптің негізгі салаларында даму бағытындағы бағдарлы істер нәтиже беруде. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша оның жүйелі картасы жасалса, оған жалпы құны 13 трлн. теңге болатын 132 жоба енгізілгені белгілі. Міне, осы өміршең бағыттағы индустрияландыру картасына Алматы облысынан 10 облыстық және 4 өңіраралық жоба енгізілген болатын.
Қандай жұмыстың болмасын тиянағын келтіру оған дайындық пен ұтымды ұйымдастыруға байланысты. Демек, өңірде қажетті құрылымдармен байланыс жақсарып, облыс әкімінің төрағалығымен құрамында “Жетісу” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы және “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы филиалдарының өкілдері, энергетиктер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да құрылымдар енгізілген үйлестіру кеңесі өткен мерзімде индустрияландыру картасына енген инвестициялық жобаларды жан-жақты қарап, жолдама берген еді. Қазіргі кезде аталған жобаларды орындау бағытында инвестор тарту мәселесі оң шешімін тауып, жұмыс күшін жұмылдырудың тиянағы қатар келтірілуде.
Қолға алынған және басталатын жобалардың еліміз үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Соның бірі – еліміздегі индустрияландыру бағытындағы құны 3 трлн. теңге болатын “Жаңа Іле” туристік орталығының құрылысы. Туристік қызмет көрсететін аталған жобаның орындалуы 2009-2020 жылдар аралығына белгіленсе, “Eіght Wonder іnternatіonal lіmіted” компаниясына жүктелген міндет ауқымды. Ал, бұдан кейінгі “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын құру бағытындағы өңір үшін аса пайдалы құны 383 млрд. теңге болатын “Жетісу” ӘКК басшылығымен 2005-2018 жылдар аралығында іске асыруға тиісті құрылымға да ел жоғары сенім артып отыр. Бүгінгі күні Панфилов ауданындағы қолға алынған аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, оған мыңдаған адамды еңбекке тарту көзделгені де игілікті бастама. Мұндай күрделі нысандардың қатарына қуаттылығы 2640 МВт-тық Балқаш жылу энергетикалық станса құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалып, оны 2008-2016 жылдар аралығында іске асыратын “Самұрық-Энерго” акционерлік қоғамы 390 жұмыс орнын ашу арқылы оның маңыздылығына мән берілуде. Осылайша, жылу электр стансасының маңыздылығы “Солтүстік – Оңтүстік” электр энергиясы транзитінің ортасында орналасқандықтан жұмыс істеп тұрған электр желілерінің мүмкіндігін арттырумен бірге тариф тұрақтылығын сақтап, оңтүстік өңірді қуат көзімен қамтамасыз етудегі сенімділікті арттырады деп болжануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жалпы ауданы 6566 гектар жер телімі бөлінсе, Алматы облысынан – 5292, Жамбыл облысынан 1247 гектар жер бөлініп, барлық жұмыс 2010 жылы қауырт жүргізілмек. Мұнда құрылысты жүргізуге байланысты ұйымдастыру жұмыстары етек алса, ол басталғанда қосымша 600 адамнан астам жұмыс күші қамтылмақшы.
“Самұрық-Энерго” акционерлік қоғамы қолға алған тағы бір игілікті іс халықтың қуат көзіне деген сұранысын қанағаттандыруды мақсат еткен 300 МВт. электр қуатын өндіруге бағытталған Мойнақ су электр стансасының құрылысы. Мемлекет басшысының өзі оның маңыздылығына ерекше мән берсе, құны 54 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған ғасыр құрылысының алғашқы бөлігі 2011 жылы пайдалануға берілмекші.
Экономиканы тұрақтандыру бағытындағы тиімді жобалар қатарында Көлік және коммуникациялар министрлігі қолға алған “Жетіген-Қорғас” темір жол тармағының ұзындығы 293,2 шақырымды құрайды. Жүзеге асырылуға тиісті аталған құрылыс алдағы 3 жылға есептелген. Нысан құрылысына 165 млрд. теңге қарастырылса, ол толық аяқталғанда 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған министрліктің бастамасымен бұдан екі жыл бұрын басталып, 2012 жылы пайдалануға берілетін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізін қайта құру болып табылады. Құрылысқа 144 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылса, оның 337 шақырымы өңір арқылы өтетін көлік тасымалына өз ықпалын тигізетіні анық. Мұнда да өңір экономикасын дамыту мақсаты қарастырылған. Мәселен, жобаны жүзеге асыру арқылы қосымша 1500 адам еңбекке тартылып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік тудырмақ.
Бүгінде бұл мәселелер өңір жұртшылығының қызығушылығын туғызумен бірге, олардың индустрияландыру картасына енгізілуі аталған инновациялық бағдарламалардың маңыздылығын арттыра түсуде. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі жаңа бағыт әкімдіктер алдына нақты міндеттер жүктеумен бірге, осы бағыттағы алдағы онжылдық бағдарламаның құрамдас бөлігі – экономиканы шикізаттық бағыттан қайта өңдеуге көшіру арқылы оның әлеуетін көтерумен өлшенуде. Осы орайда өңірдегі өнім өндіруге бағытталған жобалардың маңыздылығына жеткілікті мән берілгені аңғарылады. Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіндегі құны 16 млрд. теңге, қуаттылығы 1 млн. тонналық цемент зауытының құрылысы да маңыздылығымен ерекшеленеді. “Жаңалық Стройсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған нысанды 2009-2011 жылдары жүзеге асырып, аймақтағы 300 адамға жаңа жұмыс орнын ашу арқылы алға қойылған міндеттерді шешуімен құнды. Ал, Қарасай ауданы Ақсеңгір кентіне орналасқан “RG Brands” акционерлік қоғамының сусындар мен снектер шығаратын кешен құрылысына 14 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, бүгінде кәсіпорында 800 адам еңбек етуде. Оның қуаттылығы жылына 550 млн. литр “Pepsі”, 380 мың литр шырын, 8750 тонна май мен 1440 тонна снектер өндіруімен ерекшеленуде. Қазірдің өзінде Елтай селолық округіне қарасты және тағы басқа елді мекендердегі жұмыссыз отырған тұрғындар кәсіпорынға жұмысқа орналасып, қаржы дағдарысының салқынын сезінбей отыр десек, артық айтқандық емес.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар өндірушілер 2009 жылды нәтижелі аяқтап, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 6800 млн. теңгеге жеткенін айтуға болады. Нәтижесінде аталған саладағы қаржыландыру мен оны тиімді пайдалану арқылы ағымдағы жылы өндірілген өнім 215,8 млрд. теңгеге жетіп, едәуір өскен. Ал, жалпы интенсивтік ылғал сақтаушы технологиялар мен тамшылата суару тәсілімен өнім көлемі де едәуір өскен. “ҚазАгро” ұлттық холдингі акционерлік қоғамының қатысуымен инвестициялық бағыттағы жобаларды жүзеге асыру арқылы 2 құс фабрикасы, 2 балық өңдейтін зауыт, тауарлы-сүт фермалары және сыйымдылығы 7000 тонналық жеміс-көкөніс қоймасы салынып, бүгінде өндірілген өнімді ұқсату мәселесі толығымен шешіліп, Алматы қаласы маңындағы азық-түлік белдеуінің шешілуі нақтылығымен дәлелденуде. Еліміздің индустрияландыру картасына енген, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты басқа да жобаларға жол ашылып, Балқаш ауданындағы Ақдала ауылының жанынан 5000 ірі қараны бордақылауға арналған “ӨтесБиоАзия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған. Жоба толық жүзеге асқанда, айына 90-100 тонна сиыр етін өндіруге мүмкіндік туады және облыс орталығынан шалғай аймақтағы тұрғындар есебінен 118 адам екі қолға бір жұмыс табатыны да жақсы істер қатарында.
Қуат көзіне деген сұраныс әрдайым өсетіні анық. Ол үшін үнемі даму және халықтың сұранысын қанағаттандыру мәселесіне деген көзқарас жаңа қырынан көрінуі тиіс. Осы орайда “KEGOC” және “Самұрық-Энерго” акционерлік қоғамы қолға алған жүзеге асырылуға тиісті энергетикалық бағыттағы төрт жоба бойынша Қаратал және Шажа өзендерінде шағын су электр стансалары, Қарасай және Талғар аудандарында 220 киловольттық трансформаторлық қосалқы стансалар, Шу, Ақадыр темір жол стансаларына дейінгі электр тасымалын жүзеге асыратын екі желінің құрылысы мен Қазыбек би стансасындағы, Талдықорған қаласындағы қосалқы стансаларды ауыстыру арқылы желілерді жетілдіру мәселелері де бүгінде көкейкесті нысандар қатарында. Жоғарыдағы экономикаға елеулі ықпал ететін жобалар негізінде 1000 адамға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады және оларды жүзеге асыруға барлығы 62 млрд. теңге қажет болса, пайдалануға берілу мерзімі 2016 жылға дейінгі аралыққа белгіленген.
Қарап отырсақ, инвестициялық қызметте айтарлықтай алға басу қадамын көруге болады. Жылдан-жылға оның көлемі де өсіп, оның мүмкіндігінің тиісті дәрежеде кәдеге асырылғаны байқалады. Осылайша, облыстағы индустрияландырудың өңіраралық картасындағы жалпы құны 52,4 млрд. теңгені құрайтын тағы да 18 жоба орындалу үстінде. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты және жергілікті құрылысқа қажетті материалдарды шығаратын өндіріс орындарының қатары молаюда. Осы орайда Жетісудағы табиғи тастарды қайта өңдейтін, инфузиондық ерітінділерге арналған реттік жүйелер шығаратын, соя майын, сыра мен алкогольсіз сусындар, иілгіш болат профильдер, сэндвич панельдер өндіретін, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт құрылысының, сонымен қатар бірқатар энергетикалық нысандар қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын салу жөніндегі жобалардың кезек күтіп тұрғанын айтсақ, Елбасының “Қазақстан – 2030” Стратегиялық бағдарламасының өңір үшін маңыздылығы уақыт өткен сайын айқын аңғарылады. Жобаларды кезінде жүзеге асыру өңірдегі индустриялық-инновациялық дамуға жаңа серпін берумен бірге, экспорттық мүмкіндікті арттырып, халықтың энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу мен индустриялық аймақ құруға қатысты мәселенің оң шешілуіне бірден-бір негіз қалап отыр. Демек, Жетісу жеріндегі инновациялық бағыт арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға кеңінен жол ашылып, халықтың дағдарыс салқынын сезінбеуіне, керісінше, әлеуметтік жағдайдың оң шешілуіне мүмкіндік туатынын көреміз. Өркендеуге өңір жұртшылығының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы негіз болып отырғанын да айтпай кету әбестік. Ынтымақ, бірлік, татулық, тұщымды еңбек пен қажырлы қимыл ұштасқан жерде табыстың тай қазаны таситыны сөзсіз. Оны облыс өмірінен көріп, көз қуанады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.