22 Қаңтар, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

1253 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ БЕСЖЫЛДЫҒЫ: АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ – 2010-2014 Қазақстан астығын экспорттауды ұлғайту мақсатында бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауды қамтамасыз ететін элеватор салу жобасы жүзеге асырылуда. ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨРЕЛІ МІНДЕТТЕР “Қорғас” шекара маңы ынты­мақтастығының халықара­лық орталығын құру бағытындағы өңір үшін аса пайдалы құны 383 млрд. теңге болатын “Жетісу” ӘКК басшылығымен 2005-2018 жылдар аралығында іске асыруға тиісті құрылымға да ел жоғары сенім артып отыр. Агроөнеркәсіп кешені – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін және республикамыздың тұрғын­дары­ның жартысына жуығының тұрмыс жағдайына тікелей әсері бар экономи­ка­мыздың аса маңызды салаларының бірі­нен саналады. Қазақстан халқының 47 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының үштен бірі аграрлық салада еңбек етеді. Мемлекетіміздің ішкі жалпы өнімінің 5,3 пайызы аграрлық сек­тордың үлесіне тиесілі. Ендеше, АӨК-ті дамыту қоғамымыздағы әлеумет­тік-экономикалық ахуалға, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне, экономика­мыздың барлық саласының жағдайына шешуші дәрежеде ықпал етеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл саланы өркендетуге жан-жақты көңіл бөліп, үнемі назарда ұстап келеді. Өткен жылғы “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ сьезінде сөйлеген сөзінде Елбасы былай деп атап көрсетті: “Бізге бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс­тың өсуін және бағаларының артуын ескере отырып, аграрлық секторды тех­но­логиялық қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға қайта бағдар­лану қажет. Бұл үшін бізде барлық жағ­дай­лар бар. Өткен бірнеше жыл қуатты аграрлық-индустриялық база­­ны құруға арналды. Ауыл тізер­леуден аяғынан тік тұрды, жаңа техникамен және тех­нологиялармен қай­та жарақ­танды. Сол арқылы Қазақ­стан алғаш рет азық-түлік астығын ірі экспорт­таушыға айналды, ал ұнды экспорт­тау жөнінен біз бірін­ші орынға шықтық.” Иә, 1999 жылдан бері экономи­ка­мыз­дың аграрлық саласы тұрақты даму үрдісіне түсті. Соңғы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы сала­сын­да өнім өндіру көлемінің өсімі орта есеппен жыл сайын 4 пайызды құрап отыр. Тіпті әлемдік қаржы-экономика­лық дағдарыс­тың кері әсері көп болған биылғы жыл­дың өзінде, еліміздің ауылшаруашы­лық саласы тұрақты даму үрдісінен жаңылған жоқ. 2009 жылы ауыл шаруашылығы өндірген жалпы өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, 1386,9 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде егіншілік саласында өнім көлемі 829,3 млрд. теңге, мал шаруашылығында 557,6 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индек­сі тиісінше 113,2 және 102,6 пайызға тең болды.  2009 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 трлн. теңгеден асты. Жылдан-жылға тамақ өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Атап айтқанда, 2009 жылдың он айы ішінде бұрынғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ұн шығару 3 пайызға, өсімдік майы – 12,7, маргарин – 12,8, тәтті қаймақ – 6,8, шырын – 4,3, кондитерлік тағамдар – 8,7, шоколадтар шығару 17,0 пайызға артқан. Жалпы 2009 жылы сусындарды қоса алғанда тамақ өнімдерін өндіру көлемі 783,1 млрд. теңге болды. 2008 жылы бұл көрсет­кіш 734,1 млрд. теңге мөлшерінде болған. Егемен елімізде астық өндіру көлемі өткен жылы бұрын-соңды болмаған межеге жетті. Бункерлік салмақ бойын­ша 2009 жылы еліміздің диқандары 23 млн. тоннадан астам дән жинады. Жалпы өткен жылы егіншілік саласында барлық дақылдар бойынша да жақсы өнім жиналды. Негізгі ауылшаруашылық дақылдары бойынша 2008 және 2009 жылдары жиналған жалпы өнім көлемін төмендегі кестеден көруге болады. Майлы дақылдар бойынша өнім өндіру көлемі де рекордтық көрсеткіш 700 мың  тоннаға жетті. Осының арқа­сын­да елімізде алғаш рет тұрғындардың өсімдік майына деген сұранысы толық қанағаттандырылды. 2008 жылмен салыстырғанда күріш, картоп және жүзім өнімдерін жинау 20-25 пайызға артты. Мал шаруашылығы саласында да жоғары даму қарқыны сақталып отыр. Мәселен, 2009 жылы еліміздегі ірі қара мал саны 138,2 мың басқа немесе 2,1 пайыз­ға артып, 6635,4 мыңға жетті. Жыл­қы 5,2 пайызға артып, 1544,1 мың­ға, түйе 5,0 пайызға өсіп, 161,9 мыңға, қой мен ешкі 3,2 пайызға өсіп, 19253,5 мыңға жетті. Еліміз бойынша құстың жалпы саны бүгінгі күні 35111,9 мыңды құрап отыр. Осыған сәйкес мал өнімде­рін өндіру көлемі де ұлғайды. Сөз жоқ, мұндай жоғары жетістіктер ел егемендікке қол жеткізген жылдар ішіндегі Мемлекет басшысының мақсат­ты да жүйелі жүргізіп келе жатқан аграр­лық саясатының жемісі екендігі даусыз. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің жылдан-жылға артып келе жатқанын жақсы сезінуде. Тіпті, әлемдік қаржы дағдарысының қиындықтары еліміздің қаржы және экономикалық жүйесін  қатты құрсау­лаған өткен жылдың өзінде агроөнер­кәсіп кешені мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қаржылық көмек алды. Бөлінген субсидия көлемі бұрынғы жылмен салыс­тырғанда 2009 жылы 4 пайызға артты. Ұлттық қордан алған қаржы есебі­нен ауыл шаруашылығы тауар өндіруші­леріне “ҚазАгро” ұлттық холдингі арқылы көк­тем­гі егіс және күзгі орақ жұмыстарын өт­кізу­ге 83 млрд. теңге несие ресурстары бөлін­ді. Мұндай қаржылық көмекті ауыл шаруашылығы бұрын алып көрген жоқ. Оны төмендегі екінші кестеден көруге болады. Солай бола тұрса да еліміздің ішкі рыногы әлі күнге дейін кейбір жеміс-жидек, ерте пісетін көкөніс түрлерінен, сонымен бірге қант қызылшасы мен  құс етінен тапшылық табын ерекше сезініп отыр. Әлі күнге дейін еліміз терең өңдел­ген азық-түлік түрлері , атап айтқанда, ет және сүт өнімдері, консервіленген көкөніс түрлері бойынша импортқа тәуелділіктен құтыла алмай келеді. Қалыптасқан мұндай жағдайдың басты себебі, сала өндірісін әртараптандыру шараларының баяу жүр­гізі­луінде, ескірген технологиялармен жұмыс істеп, уақыт талабына ілесе алмауында болып отыр. Экономикамыздағы  интеграциялық үдерістердің шапшаң өсуі азық-түлік рыно­гындағы жоғары бәсекелестік ахуа­лын туғызды. Бұл – уақыт талабы. Одан қалыс қалу мүмкін емес. Бүгінгі жаһан­дану дәуірінің бұлжымас қағидасы бойын­ша өскелең экономиканың ешқайсысы да интеграциялану үдерісінен сырт қалмауы тиіс. Ал интеграциялану дегеніміз, кең ауқымдағы бәсекелестік үрдістеріне баста­мақ. Ендеше, мемлектеміздің аграр­лық саясатына шұғыл түрде иннова­циялық бастамаларды ынталандыру, жаппай озық технологияларды өндіріске енгізу мақ­сатын­дағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Олай болмайын­ша, саланы жоғары қарқынмен дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету хақында сөз қозғаудың өзі қиын. Міне, нақ осы стратегиялық міндет­терді жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы бірқатар кешенді шараларды іс жүзіне асырды. Біріншіден, еліміздің агроөнер­кәсіп кешенінің заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру шеңберінде нақты шаралар жасалды. Өндіріс кешендерін қарқынды дамыту мүмкіндіктеріне кең жол ашу үшін және олардың халықаралық талаптарға толық үндестігін қамтамасыз ету үшін біршама базалық заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Екіншіден, Елбасының ауыл шаруашы­лығы саласын жан-жақты дамыту жөнін­дегі тапсырмаларына байланысты Үкімет қабылдаған 2009-2010 жылдары экономи­­камызды және қаржы саласын тұрақтан­дыру жөніндегі үшжақты бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес агроөнеркәсіп кешенін дамытудың инвестициялық бағыт­тары айқындалды. Өткен жылдың желтоқсан айында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Мемлекет басшысы белгілеген стратегиясын сараптау мақса­тында, агроөнер­кәсіп кешенінің мәселе­лері бойын­ша арнаулы республикалық кеңес өткізіліп, онда бұл көкейкесті саланы 2010-2014 жылдары дамы­тудың нақты жоспары талқыланды. Бұл барыс бейнелі болашаққа серпінді қадам басқан елімізді жеделдете индустрияландырудың 2010 жылы бастау алған бесжылдық жоспарының құрамдас басты бағытта­рының бірінен саналады. Белгіленген осы стратегиялық жоспар бойынша алғашқы кезекте жалпы көлемі 60 гектар болатын жылыжайлар жүйесінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жыл сайынғы көкөніс тап­шы­лығын 24 пайызға төмендетпек. Келесі жоба сыйымдылығы 75 мың тонна бола­тын көкөніс сақтау қоймалары жүйесін салу және жетілдіру болып табылады. Бірқалыпты оңтайлы жылу режімін ұстап тұратын, автоматтанды­рылған желдеткіш жүйесі жұмыс істейтін озық техноло­гия­лар қолданылатын бұл қоймалар жүйесі сақта­латын өнімнің шығынын 40 пайыз­дан 4 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бере­ді. Тамшы­латып суару технологиясын қол­дану арқылы көкөніс өнімдерін өсіру тәсі­лін ұлғайту су үнемдеуге қолайлы жағ­дай ту­ғызумен қатар, ашық алаңдағы то­пы­рақта өсірілетін көкөніс түрлерінің шы­­ғым­­дылығын 50-70 пайызға дейін арттырады. Еліміздің өңірлерінде тауарлы-сүт фермалары жүйесі кеңейтіледі. Бұл өз кезегінде жылына 73 мың тоннаға дейін сапалы сүт өндіріп, ішкі рыноктың бұл өнім түріне деген сұранысын қанағат­тандыруды қазіргі 55 пайыздан 70 пайызға дейін көтеріп, импортқа тәуелділікті 15 пайызға қысқартады. Осыған байланысты еліміздегі асыл тұқымды сауын сиыр­лардың санын қазіргі 37 мыңнан 72 мың басқа дейін көбейту көзделініп отыр. Заман талабына толық жауап беретін мал бордақылау алаңдарын кеңейту нәти­жесінде экологиялық таза ет өнімдерін арттыруға қол жеткізіледі. Осы жоспар негізінде жылына 11 мың тонна жоғары стандартты ет өндіріліп, бұл өнімді экспортқа шығаруға жағдай жасалады. Жоғары технологиялы автоматтан­дырылған ет комбинаттарының жүйесі кеңейтіледі. Халықаралық стандарттрға сай мал сою орында­ры жасақталып, ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі арттырыл­мақ. Осының нәтижесінде еліміз болашақта кең көлемде ет экспорт­таушылардың біріне айналады. Сонымен бірге, ет шығаруға ба­ғытталған құс фабри­калары жүйе­сін қайта жарақтандыру және ұлғайту мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынады. Бұл фабрикалар толық автоматтандырылған  компьютерлік жүйемен жұмыс істейтін болады. Осы жоспарға сәйкес елімізде жыл сайын 30 мың тонна құс еті өндіріліп, отандық рыноктың импорттық құс етіне деген тәуелділігін 20 пайзға дейін қысқартуға қол жеткізілмек. Еліміздің батыс өңірлерінің өнеркә­сіптік қуатын және кәсіби білікті кадрла­рының молдығын ескере келіп, Семей қа­ласында “Беларусь” тракторын құрастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылмақ. Рухына мәңгілік бас иетін қасиетті ата-бабамыз­дың ұрпағына мұраға қалдырған ұлан-ғайыр жомарт даласының арқасында егемен еліміз бүгінгі таңда әлемдегі астық экспорттаушы мемлекеттердің біріне айнал­ды. Қазіргі күні өткен жылдардан қалған астықты (3,6 млн. тонна) қоса есептегенде, еліміздің құт қамбасында 24,2 млн. тонна алтын астық сақтаулы. Ішкі қажетімізді толық қанағаттандырған күнде 14,0 млн. тонна астық экспорттауы­мызға толық мүмкіндігіміз бар. Болашақта экс­портқа шығарылатын қазақстандық сапалы астық еліміздің экономикасының әлеуетін арттыратын, агроөнеркәсіп ке­шені­нің серпінді дамуын қамтамасыз ететін қуатты факторлардың бірегейіне айналмақ. Алайда, еліміздің жағрапиялық жағынан орналасу тұйықтығы, ірі теңіз порттарынан қашықта қоныс тебуі бұл экспорттық қуатымыздың жоғары деңгей­де тиімді жұмыс істеп кетуіне мүмкіндік бермей отыр. Қазір еліміздің астық өн­діру­шілері өнімдерін сақтау мен өткізуде күрделі қиындықтарға тап болып отыр­ғандығы жасырын емес. Міне, осы проб­лемаларды шешу мақсатында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін 2010-2014 жылдар аралығында дамытудың стратегиялық жоспарында кешенді шаралар қарастырыл­ған. Қазақстан астығын экспорттауды ұлғайту мақсатында бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауды қамтамасыз ететін элеватор салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл нысан Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне кемінде 1,5 млн. тонна астық экспорттауға мүмкіндік бермек. Сол сияқты астықты терең өңдеу мәселелері бойынша да бірқатар кешенді шаралар белгіленген. Астық экспортында серпінді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру үшін мынандай жүйелі шаралар іске асырылмақ: 1. Оңтүстік және батыс бағыттарда астық және ұн экспорттауға тың серпін беру үшін Маңғыстау облысының Бейнеу стансасында қуатты диірмені бар элеватор кешені салынады. 2. Қазақстан және Қытай шекара­сының Достық-Алашанқай өткізгішінде астық терминалының құрылысы бастал­мақ. 3. Иранның Әмірабад портындағы астық терминалының құрылысы аяқ­талады. 4. Иран және Парсы шығанағы жа­ғалауындағы елдерге  Қазақстан астығын экспорттау мүмкіндігін кеңейтудің ке­шенді шараларының бірі Жаңаөзен-Гор­ган бағытындағы темір жол тора­бының құрылысын бастау болып табылады. Еліміздің аграрлық саласын түбегейлі дамытудың жаңа сатысына көтеру мәсе­лесінде инновациялық шаралардың маңы­зы аса зор. Ал бұл салада инновациялық бетбұрыстарды нақты өндіріске енгізу жұмысында аграрлық ғылым жүйесін қайта құру қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта да бірқатар тиімділікке қол жеткізіп отыр. Бүгінде аграрлық ғылым саласында мынандай орталықтар жұмыс істей бастады: - коммерцияландыру және техноло­гияларды трансферттеу орталығы. Бұл орталық қазірдің өзінде селекция, мал дәрігерлік, тамшылатып суару салала­рындағы әлемдік ғылым жетістіктерін еліміздің жағдайына  бейімдеу жөніндегі нақты жобаларды жүзеге асыра бастады; - кең көлемдегі селекциялық және елімізге әкелінген жоғары өнімді асыл мал тұқымдарының өсімталдығын қамтамасыз ететін ғылыми-инновациялық орталығы; - аграрлық салаға білікті мамандар даярлайтын өңірлік орталықтар. Аграрлық ғылым еліміздегі егіншілік саласын дамытудың алдағы уақыттағы екі бағытын күн тәртібіне қойып отыр. Бұл біріншіден, егіншілік жүйесін әртарап­тандыру және ғылыми-зерттеулерге сүйе­не отырып, егіс алқабының құрылымын өзгерту. Қазіргі кезде егіншілік саласын біржақты дамыту үрдісі белең алған. Атап айтқанда, қазір еліміздің егіс алқапта­рында негізінен бір түрлі дақылдарды себу тәсілі орын алған. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде бірыңғай бидай дақылы өсірілсе, оңтүстік өңірлерінде мақта мен күріш өсіруге басымдық беріледі. Қалыптасқан осы жағдай бір жағынан өнім өткізуге кедергі келтірсе, екінші жағынан тұқым себу айналымы­ның ережелерін бұзып, егіс алқабының құнарлылығын төмендетеді. Екінші, келелі міндет – кең көлем­дегі химияландыру және ылғал ресурс­тарын молынан сақтаудың өскелең инновация­лық өндірісін барлық өңір­лерде жаппай өндіріске енгізу. Қазіргі кезде егіс алқап­та­рына минерал­ды тыңай­тқыштардың қажетті мөл­шерінің 10 пайызы ғана сіңіріледі. Алдыңғы қатарлы шаруашылық­тардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптарының өнімді­лігін әр гектарға тек химияландыру тәсілдері арқылы ғана 10-12 центнерден 15-17 центнерге дейін көтеруге болады. Еліміздің мал шаруашылығы сала­сын қарқынды дамыту үшін таяу жылдардың ішінде басты-басты үш келелі міндетті жүзеге асыру қажет. Біріншіден, мал басының генетикалық әлеуетін арттыру керек. Қазіргі таңда біздегі жоғары өнімді мал тұқымының үлес салмағы дамыған елдермен салыс­тырғанда, 10 есе төмен. Екінші­ден, дамыған өндірістік инфрақұ­ры­лымдары бар қазіргі заманғы жоғары тауарлы кешендер салу арқылы мал шаруашы­лығын өнеркәсіптік негізге ауыстыру және өндіріс орындарын ірілендіру. Ал әзірге біздегі мал басының 85 пайызы жекеменшік шағын шаруа­шылықтарға топтастырылған. Мұндай ұсақ шаруа қожалықтарында өндіріс технологиясы жоқ, өнім сапасы төмен. Үшіншіден, қуатты жемазық базасын жасау қажет. Бұл ретте бірінші кезекте қоспажем өнеркәсібін барынша жедел дамыту міндеті тұр. Ауыл шаруашылығы  өнімдерін қайта өңдеу саласында да стратегиялық жоспар­ға енгізілген кешенді шаралар баршылық. Бұл ретте саланы техника­лық және технологиялық жағынан қайта жарақтан­дыруға, халықаралық сапа стандарттарын кеңінен өндіріске енгізуге барынша басымдық берілуге тиіс. Барыс жылы­нан бастап, біз үш мемлекет негізінде құрылған Кедендік одақ құрамында өмір сүре бастадық. Бұл дегеніміз тұтыну рыно­гында ортақ алып рынок қалыпта­сады деген сөз. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын шұғыл даму сатысына қоймасақ, отандық қайта өңдеушілердің бәсекелестік сахнасында шетке шығып қалу қаупі бар. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде тұралап қалған экономикамызды төрт аяғына тік қойып, әлемдік интеграция­лық даму деңгейіне көтерген тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сауатты экономикалық саясатының нәтижесінде еліміз өткен жылдардағы жаһан­дық қаржы-экономикалық дағ­дары­сында да сыр бермеді. Кәрі құр­лықтың ғасырлар бойы дамыған алдың­ғы қатарлы эконо­микалары рецессияға ұшырап, ірі қаржы орталықтары банкрот болып жатқанда Елбасы баламасыз бастамаларымен ел экономи­касын да,  егемен елдің енді қалып­тас­қан қаржылық жүйесін де дағдарыс дауылдарынан сеніммен алып шықты. Мемлекет басшысы күн тәртібіне тек дағдарыстан шығып қана қоймай, алдағы кезеңде экономика­мызды бар­лық дағдарыстарға төтеп бере алатын, интегра­циялық биік баспалдақ­тарда бәсекелес­тікке барынша қабілетті етіп қайта құру міндетін қойды. “Дағдарыс экономиканы әртараптан­дыруға балама­ның жоқ екенін нақты көрсетіп берді. 2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап “Қазақстан – 2030” Стратегия­сының аясында біз индус­триялық-инно­вация­лық жедел даму бесжылдығын бастай­мыз”, деп атап көрсетті Елбасы. Еліміз­дің агроөнер­кәсіп кешенін дамы­ту­дың 2010-2014 жылдарға арналған бұл бағ­дарламасы елімізде бастау алған индус­триялық-инновация­лық бесжылдық жоспардың құрамдас бөлігі болып табылады. Агроөнеркәсіп кешенінің 2010-2014 жылдарға арналған даму бағдарлама­сында белгіленген кешенді шараларды іс жүзіне асыру аграрлық саланы әртарап­тандыру үрдісін қорытындылап, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа сапалық деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Оның бүгінгі жаппай жаһандану дәуіріндегі бәсекелестікке қабілетін шыңдап, еліміздің азық-түлік қауіп­сіз­дігін  қамтамасыз етеді. Ішкі азық-түлік рыногындағы тұрақтылықты нығайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨРЕЛІ МІНДЕТТЕР Елімізде экономиканы жаңаша даму жолына түсіру бағытындағы міндеттерді  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Дағ­дарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жол­дауында айрықша көрсетілгені белгілі. Жолдауда “Бүгінгі проб­лемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз – кемелдік­тің және біздің қоғамы­мыз бен мемле­кетіміздің тұрақты­лы­ғының сынағы. Біз бұл сынақты тапсыра­мыз деп ойлаймын. Бізге өз да­муы­мыздың жаңа кезеңіне кіруге және біздің жетістіктерімізді есе­леу­ге тура келеді. Мұны да орын­дайты­нымызға сенімдімін. Белгі­лен­ген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтас­қан­дығы қажет”, деп алда тұрған міндет­тердің өміршеңдігіне мән берілген еді. Жетісу өңірінде осы мақсатта мол мүмкіндіктер мен аса маңызды өндірістік жобалар қолға алынса, эко­номиканың барлық саласында осы бағыттағы жұмыстар рет-реті­мен игеріліп, ауқымды жұмыс атқа­рылды деуге болады. Дағдарыс­тың жағымсыз әсеріне қарамастан, елі­міз шикізаттық бағыттан біртін­­деп арылып, өнеркәсіптің негізгі сала­ларында даму бағытындағы бағдар­лы істер нәтиже беруде. Индус­­триялық-инновациялық даму жө­ніндегі 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарлама бойын­ша оның жүйелі картасы жа­салса, оған жалпы құны 13 трлн. теңге болатын 132 жоба енгізілгені белгілі. Міне, осы өміршең бағыт­та­ғы индус­трияландыру картасына Алматы облысынан 10 облыстық және 4 өңіраралық жоба енгізілген болатын. Қандай жұмыстың болмасын тиянағын келтіру оған дайындық пен ұтымды ұйымдастыруға байла­нысты. Демек, өңірде қажетті құ­рылымдармен байланыс жақсарып, облыс әкімінің төрағалығымен құрамында “Жетісу” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы және “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы филиалдарының өкілдері, энерге­тиктер және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық және басқа да құрылымдар енгізілген үйлестіру кеңесі өткен мерзімде индустрия­лан­дыру картасына енген инвести­циялық жобаларды жан-жақты қарап, жолдама берген еді. Қазіргі кезде аталған жобаларды орындау бағытында инвестор тарту мәселесі оң шешімін тауып, жұмыс күшін жұмылдырудың тиянағы қатар келтірілуде. Қолға алынған және басталатын жобалардың еліміз үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Соның бірі – еліміздегі индустрия­ландыру бағытындағы құны 3 трлн. теңге болатын “Жаңа Іле” туристік орталығы­ның құрылысы. Туристік қызмет көрсететін атал­ған жобаның орындалуы 2009-2020 жылдар аралығына белгілен­се, “Eіght Wonder іnternatіonal lіmіted” компаниясына жүктелген міндет ауқымды. Ал, бұдан кейінгі “Қорғас” шекара маңы ынты­мақтастығының халықара­лық орталығын құру бағытындағы өңір үшін аса пайдалы құны 383 млрд. теңге болатын “Жетісу” ӘКК басшылығымен 2005-2018 жылдар аралығында іске асыруға тиісті құрылымға да ел жоғары сенім артып отыр. Бүгінгі күні Панфи­лов ауданындағы қолға алынған аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, оған мыңдаған адамды еңбекке тарту көзделгені де игілікті бас­тама. Мұндай күрделі нысандар­дың қатарына қуаттылы­ғы 2640 МВт-тық Балқаш жылу энерге­тикалық станса құрылысы­ның жобалық-сметалық құжатта­ры жасалып, оны 2008-2016 жылдар аралығында іске асыра­тын “Самұрық-Энерго” акцио­нер­лік қоғамы 390 жұмыс орнын ашу арқылы оның маңыздылы­ғына мән берілуде. Осылайша, жылу электр стансасының маңыз­ды­лығы “Солтүстік – Оңтүстік” электр энергиясы транзитінің ор­тасында орналасқандықтан жұмыс істеп тұрған электр желілерінің мүм­кіндігін арттырумен бірге тариф тұрақтылығын сақтап, оңтүстік өңірді қуат көзімен қамтамасыз етудегі сенімділікті арттырады деп болжануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жалпы ауданы 6566 гектар жер телімі бөлінсе, Алматы об­лысынан – 5292, Жамбыл облы­сынан 1247 гектар жер бөлініп, барлық жұмыс 2010 жылы қауырт жүргізілмек. Мұнда құрылысты жүргізуге байланысты ұйымдас­тыру жұмыстары етек алса, ол басталғанда қосымша 600 адамнан астам жұмыс күші қамтылмақшы. “Самұрық-Энерго” акционер­лік қоғамы қолға алған тағы бір игілікті іс халықтың қуат көзіне деген сұранысын қанағаттанды­руды мақсат еткен 300 МВт. электр қуатын өндіруге бағыттал­ған Мойнақ су электр станса­сының  құрылысы. Мемлекет бас­шысының өзі оның маңыздылы­ғына ерекше мән берсе, құны 54 млрд. теңгеден астам қаржы қа­растырылған ғасыр құрылысының алғашқы бөлігі 2011 жылы пайда­лануға берілмекші. Экономиканы тұрақтандыру бағытындағы тиімді жобалар қатарында Көлік және коммуни­кациялар министрлігі қолға алған “Жетіген-Қорғас” темір жол тар­ма­ғының ұзындығы 293,2 шақы­рымды құрайды. Жүзеге асырылу­ға тиісті аталған құрылыс алдағы 3 жылға есептелген. Нысан құры­лысына 165 млрд. теңге қарас­тырылса, ол толық аяқтал­ған­да 2000-ға жуық жұмыс орны ашы­лады деп күтілуде. Аталған ми­нис­трліктің бастамасымен бұдан екі жыл бұрын басталып, 2012 жы­лы пайдалануға берілетін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізін қайта құру болып табылады. Құрылысқа 144 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылса, оның 337 шақы­рымы өңір арқылы өтетін көлік тасымалына өз ықпалын тигізетіні анық. Мұнда да өңір экономика­сын дамыту мақсаты қарастырыл­ған. Мәселен, жобаны жүзеге асыру арқылы қосымша 1500 адам еңбекке тартылып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік тудырмақ. Бүгінде бұл мәселелер өңір жұрт­шылығының қызығушылығын туғызумен бірге, олардың индус­трияландыру картасына енгізілуі аталған инновациялық бағдарлама­лардың маңыздылығын арттыра түсуде. Индустриялық-инновация­лық даму жөніндегі жаңа бағыт әкімдіктер алдына нақты міндеттер жүктеумен бірге, осы бағыттағы алдағы онжылдық бағдарламаның құрамдас бөлігі – экономиканы шикізаттық бағыттан қайта өңдеуге көшіру арқылы оның әлеуетін көтерумен өлшенуде. Осы орайда өңірдегі өнім өндіруге бағытталған жобалардың маңыздылығына жет­кілікті мән берілгені аңғары­лады. Кербұлақ ауданы  Сарыөзек кен­тіндегі құны 16 млрд. теңге, қуат­тылығы 1 млн. тонналық цемент зауытының құрылысы да маңызды­лығымен ерекшеленеді. “Жаңалық Стройсервис” жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі аталған нысан­ды 2009-2011 жылда­ры жүзеге асырып, аймақтағы 300 адамға жаңа жұмыс орнын ашу арқылы алға қойылған міндеттерді шешуімен құнды. Ал, Қарасай ауданы Ақсеңгір кентіне орналас­қан “RG Brands” акционер­лік қоғамының сусындар мен снек­тер шығаратын кешен құрылы­сына 14 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, бүгінде кәсіпорында 800 адам еңбек етуде. Оның қуатты­лығы жылына 550 млн. литр “Pepsі”, 380 мың литр шырын, 8750 тонна май мен 1440 тонна снектер өндіруімен ерекшеленуде. Қазірдің өзінде Елтай селолық округіне қарасты және тағы басқа елді мекендердегі жұмыссыз отырған тұрғындар кәсіпорынға жұмысқа орналасып, қаржы дағдарысының салқынын сезінбей отыр десек, артық айтқандық емес. Агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар өндірушілер 2009 жылды нәтижелі аяқтап, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 6800 млн. теңгеге жеткенін айтуға бола­ды. Нәтижесінде аталған саладағы қаржыландыру мен оны тиімді пайдалану арқылы ағымдағы жылы өндірілген өнім 215,8 млрд. теңгеге жетіп, едәуір өскен. Ал, жалпы ин­тенсивтік ылғал сақтаушы техно­логиялар мен тамшылата суа­ру тәсі­лімен өнім көлемі де едәуір өскен. “ҚазАгро” ұлттық холдингі акцио­нерлік қоғамының қаты­суымен инвестициялық бағыттағы жобалар­ды жүзеге асыру арқылы 2 құс фабрикасы, 2 балық өңдейтін зауыт, тауарлы-сүт фермалары және сыйымдылығы 7000 тонналық жеміс-көкөніс қоймасы салынып, бүгінде өндірілген өнімді ұқсату мәселесі толығымен шешіліп, Алматы қаласы маңындағы азық-түлік белдеуінің шешілуі нақтылы­ғымен дәлелденуде. Еліміздің индус­трия­ландыру картасына енген, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты басқа да жобаларға жол ашылып, Балқаш ауданындағы Ақдала ауылының жанынан 5000 ірі қараны бор­дақылауға ар­налған “Өтес­БиоАзия” жауапкер­шілігі шектеулі серік­тестігінің тех­никалық-экономи­калық негіздемесі жасалған. Жоба толық жүзеге асқанда,  айына  90-100 тонна сиыр етін өндіруге мүмкіндік туады және облыс орталығынан шалғай аймақтағы тұрғындар есебінен 118 адам екі қолға бір жұмыс табатыны да жақсы істер қатарында. Қуат көзіне деген сұраныс әрдайым өсетіні анық. Ол үшін үнемі даму және халықтың сұраны­сын қанағаттандыру мәселесіне деген көзқарас жаңа қырынан көрінуі тиіс. Осы орайда “KEGOC”  және “Самұрық-Энерго” акционер­лік қоғамы қолға алған жүзеге асы­рылуға тиісті энергетикалық бағыт­тағы төрт жоба бойынша Қаратал және Шажа өзендерінде шағын су электр стансалары, Қарасай және Талғар аудандарында 220 кило­вольт­­тық трансфор­маторлық қосал­қы стансалар, Шу, Ақадыр темір жол стансаларына дейінгі электр тасыма­лын жүзеге асыратын екі желінің құрылысы мен Қазыбек би станса­сын­дағы, Талдықорған қала­сындағы қосалқы стансаларды ауыс­тыру арқылы желілерді жетіл­діру мәселелері де бүгінде көкей­кесті нысандар қатарында. Жоғары­дағы экономи­каға елеулі ықпал ете­тін жобалар негізінде 1000 адамға жұмыс орнын ашуға мүм­кін­дік туады және оларды жүзеге асыруға барлығы 62 млрд. теңге қажет болса, пайда­лануға берілу мерзімі 2016 жылға дейінгі аралыққа белгіленген. Қарап отырсақ, инвестициялық қызметте айтарлықтай алға басу қадамын көруге болады. Жылдан-жылға оның көлемі де өсіп, оның мүмкіндігінің тиісті дәрежеде кәдеге асырылғаны байқалады. Осы­лайша, облыстағы индустрия­ландырудың өңіраралық картасын­дағы жалпы құны 52,4 млрд. теңгені құрайтын тағы да 18 жоба  орындалу үстінде. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты және жергілікті құрылысқа қажетті материалдарды шығаратын өндіріс орындарының қатары молаюда. Осы орайда Жетісудағы табиғи тастарды қайта өңдейтін, инфу­зиондық ерітінділерге арналған реттік жүйелер шығаратын, соя майын, сыра мен алкогольсіз су­сындар, иілгіш болат профильдер, сэндвич панельдер өндіретін, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт құрылы­сының, сонымен қатар бірқатар энергетикалық нысандар қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын салу жөніндегі жобалардың кезек күтіп тұрғанын айтсақ, Елбасының “Қазақстан – 2030” Стратегиялық бағдарлама­сының өңір үшін маңыздылығы уақыт өткен сайын айқын аңғары­лады. Жобаларды кезінде жүзеге асыру өңірдегі индустриялық-инновациялық дамуға жаңа серпін берумен бірге, экспорттық мүмкін­дікті арттырып, халықтың энерге­тикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу мен индустриялық аймақ құруға қатысты мәселенің оң шешілуіне бірден-бір негіз қалап отыр. Демек, Жетісу жеріндегі инновациялық бағыт арқылы әлеуметтік-экономи­калық дамуға кеңінен жол ашылып, халықтың дағдарыс салқынын сезінбеуіне, керісінше, әлеуметтік жағдайдың оң шешілуіне мүмкіндік туатынын көреміз. Өркендеуге өңір жұртшылығының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы негіз болып отырғанын да айтпай кету әбестік. Ынтымақ, бірлік, татулық, тұщымды еңбек пен қажырлы қимыл ұштасқан жерде табыстың тай қазаны таситыны сөзсіз. Оны облыс өмірінен көріп, көз қуанады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.