Қазақстан • 16 Маусым, 2017

«Бәйтерекке» барыңыз, Астананы көріңіз

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алты айдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты жабылған «Бәйтерек» монументі ертеңнен бастап қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашпақ. Елорданың символына айналған монумент 1997 жылы бой көтергеннен бері елордаға алыс-жақыннан келгендердің ат басын бұрмай өтпейтін көркем орындарының біріне айналған болатын.

«Бәйтерекке» барыңыз, Астананы көріңіз

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

«Монумент толық күрделі жөндеуден өтті. Әрлеп, безендіру жұмыстарына қазақстандық жас дизайнерлерді тарттық. Көп­шіліктің күш салуының арқа­сында бүгінгі жетістікке жетіп отыр­мыз. Астана қаласы әкімі­нің қатысуымен бірнеше рет кеңес жиындар өтті. Барлық мәсе­лелерге жіті қарауға тырыс­тық», дейді  «Астана-Бәйтерек» ЖШС ди­рек­торы Мұрат Сапар­ғалиев.
Жөндеу жұмыстары барысында мәрмәр плиткалар мен сатылар ауыстырылған, ны­санның металл құрылғылары коррозияға қарсы жабынмен өңделіп, боялған. Санитарлық тораптардың жабдықтары мен  витраждар жаңасына ауыс­ты­рылыпты. Жаңартылған дизайн бойынша мұнараның ішкі жағын әрлеу жұмыстары көпқырлы стильде жүргізілді. Тағы бір жаңалық – бөлек LED-экраны бар заманауи өнер галереясы ашылған. Сонымен қатар,  монументтің фойесіне габаритті иілгіш LED-экран қойылыпты. «Бәйтеректің» төбесіндегі көкте самғап жүрген Самұрық құс түріндегі жаңа аспалы шам да келушілерді бейжай қалдырмасы анық.
М.Сапарғалиевтің айтуынша, негізгі шаруа Астана қаласы әкімдігі тартқан демеушілердің көмегімен біткен. Қазіргі таңда мұнда елуге жуық қызметкер жұмыс істейді. «Бәйтеректі» өткен жылы 500 мыңнан астам адам тамашалаған екен. 
Астана әкімдігі ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде келушілермен жұмыс жасау үшін еріктілерді тартпақ. Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында билет сатылатын терминалдар орнатылған. Дегенмен, жөндеу жұмыстарынан кейін билет бағасы қымбаттағаны байқалады. Бұрын үлкен кісілер үшін – 500 теңге, балалар үшін 250 теңге болса, қазіргі уақытта үлкендерге – 700, балаларға 300 теңге көлемінде. Айтпақшы, халықтың жекелеген топтарына жеңілдіктер қарастырылған.