Комитеттің көшпелі отырысында депутаттар әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен, әскери қызметшілердің тұрмысы мен қару-жарақ жабдығы және байланыс құралдары көрмесімен, сондай-ақ, Жедел мақсаттағы бригада және «Бүркіт», арнайы мақсаттағы отряды жеке құрамының жабдықталуын көзбен көріп, жалпы жағдайдың мән-жайынан хабардар болды. Сонымен қатар, сенаторлар оқу қалашығындағы әскери қызметшілер ұйымдастырған көрсетілім сабақтарын да тамашалады.
Кездесу аясында Ұлттық ұлан басшылығының қатысуымен «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы туралы» Заңның іске асырылуы жайындағы сұрақтар бойынша дөңгелек үстел өтіп, онда аталған тақырып шеңберінде Ұлттық ұлан бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов арнайы баяндама жасады.
Бүгінде қалашықтың жалпы аумағы 20 гектар жерді алып жатқан әскери кешеннің негізгі ғимараттар кешені 31 115 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде штаб ғимараты мен үш жауынгерлік казарма, екі асхана, техникалық қызмет көрсету орындарымен жабдықталған автомобиль паркі, әскерилердің дене- шынықтыруына арналған құрылғылармен қатар, екі қабатты спорт кешені және заманауи үлгіде жабдықталған мультимедиялық ату тирі бар.
«Елбасымыздың арнайы тапсырмасы негізінде құрылған Ұлттық ұланның басты мақсаты – Астана қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл жерде әскерилерге қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Ал енді осы күндері елордамызда ЭКСПО көрмесінің өткізілуіне байланысты біздің бөлімге еліміздің төрт өңірінен қосымша әскерилер қызметке шақырылды. Оларға да тиісті деңгейде жағдай жасалып, қоғам қауіпсіздігі қырағылықпен қадағалануда деп нық сеніммен айта аламын», деді Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов.
Мұнда оң шешімін тапқан ең маңызды мәселенің бірі – әскери қалашықта офицерлер мен келісімшарт негізінде қызмет ететін әскерилер және олардың отбасылары үшін 104 пәтерлі тұрғын үй тұрғызылғаны болса керек. Аула ішінде асыр салып жүрген балақайлардың бірнешеуінің маңдайынан сүйіп, батасын берген Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев:
«Тәуелсіздік жылдарында әскери саладағы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту Мемлекет басшысының басым бағыттарының бірі болды. Мемлекеттің ұдайы көңіл бөлуінің нәтижесінде бізде Ұлттық ұлан мен оның қызметін реттейтін арнайы заң да қабылданды. Бүгін осы заң талаптарының орындалуын қадағалау мақсатымен осы бөлімге келіп тұрмыз. Бұл жердегі жағдайды өте жоғары бағалаймын. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алып, бірқатар мәселелер туындап жатады. Оның бәрін де осындай көшпелі отырыстар аясында тиісті деңгейде шешетін боламыз», деді сенатор.
Жалпы, Астана іргесіндегі Үркер шағын ауданында орналасқан әскери бөлімнің бүгінгі келбеті барынша заманауи талапқа сай бейімделген. Себебі, мұнда тұрғындар үшін стадион мен спорттық және оқу ғимараттары, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, 60 жатын және күнделікті амбулаториялық ем алу үшін 100 орындық лазарет салынған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»