Аймақтар • 16 Маусым, 2017

Сессияда даму тұжырымдамасы қабылданды

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтті. Делегаттар Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың ХХV сессияда қойған тапсырмаларынан туындаған міндеттерді талқылады.

Сессияда даму  тұжырымдамасы қабылданды

Сессияға төрағалық еткен Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов елімізде ұлттық бірлікті нығайту үшін жасалып жатқан шаралар жө­нінде баяндама жасады. «Бүгінгі өмір бүгін бізге жаңа міндеттерді жүктеп отыр, бірақ ынтымақта, үйлесімде өмір сүру – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін маңызды талап», − деді Алтай Сейдірұлы. 
Өңір басшысы «100 жаңа есім» бастамасы бойынша аймақтың өз тізімі болуы керек деген идеяны көтерді. Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізілетінін, өлкетану, инфрақұрылымдарды дамыту және туған жеріне қолдау білдіретін меценаттарды қолдау қажеттігін баса айтты. Өзінің туған жері – Сарықұдық ауылында амбулатория ғимаратын өз қаржысына салып берген кәсіпкер, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбайұлын мысалға келтіріп, «Біз мұндай патриот жерлестерімізді қолдап, арнайы марапаттап отыруымыз керек. Сондықтан «Өңірдің дамуына үлес қосқаны үшін» деген арнайы белгі жөнінде ереже бекітуді ұсынамын», деді облыс әкімі.
Сессия мінберінде Батыс Қазақстан облыс­тық Қоғамдық келісім кеңесі төраға­сы­ның орынбасары, V шақырылған Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский, Жаңақала аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төра­ға­сы, аудандық мәслихат хатшысы За­ка­рия Сисенғали, Бөрлі аудандық корей эт­но­­мәдени бірлестігінің төрағасы, шығыс ме­дицина дәрігері Виталий Ан, «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Түркина, тағы басқалар сөз сөйледі. 
Сессия барысында көңіл толқытарлық бір сәт – Бөрлі аудандық корей этномәдени бір­лестігінің төрағасы Виталий Константи­но­вич­­тің «Қазақ жеріне тағдыр айдап келген сан ұлт­ты жатсынбай бауырына басып, барымен бө­ліскен, тең атаның ұлындай қабылдаған қазақ халқына басымды иіп, тіземді бүгемін!» −  деп көптің алдында тізе бүккені болды. 
Сессия соңында делегаттар Қазақстан Республикасының  Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назар­ба­евтың ХХV сессияда қойған тап­сыр­маларын жүзеге асыру, мұны Батыс Қазақстан облысы аудандары мен Орал қаласының әкіміне міндеттеу туралы шешім алды. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»

РАЛ