Бүгінгі таңда қазақстандық ардагерлер қоғам өмірінің түрлі салаларындағы оң үдерістерге барынша белсенді атсалысып келеді. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда ардагерлер ұйымының қызметін қолдап, олардың еліміздің игілігі жолындағы жұмыстарын жоғары бағалап келеді.
Осыған орай, 1 қазан – Қарттар күні «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен еліміздің барлық өңірлері мен елді мекендерінде ардагерлер ұйымдарының белсенділерін қабылдаулар өтеді. Аталған шараны ұйымдастырудың әлеуметтік бағыты нақтыланса, екінші жағынан ол «Нұр Отанның» жазғы кезеңде жүзеге асырған акцияларының заңды жалғасы болып табылады.
Бұл шараның идеялық түпқазығы – жас ұрпақты соғыс және еңбек ардагерлерінің өмірін үлгі-өнеге ете отырып, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Сондай-ақ жұртшылық назарын жергілікті жерлердегі қарт адамдардың проблемаларына аудару.
Осылайша, бүгін Қазақстанның облыс орталықтарындағы «Нұр Отан» ХДП-ның өңірлік филиалдарында ардагер ұйымдарының белсенді мүшелерін қабылдаулар ұйымдастырылады. Бұл шараларға партия активінің, ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен шағын және орта бизнес өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысады.
Шара барысында партияның облыстық бөлімшелерінің жетекшілері қабылдауларға қатысушыларды «Нұр Отанның» халықтық тұғырнамасының орындалуы, ондағы әлеуметтік блоктың жүзеге асырылуы барысынан хабардар етіп, ҰОС ардагерлері мен тың еңбеккерлеріне және қарт адамдарға медициналық көмек көрсетудің жағдайынан мағлұмат береді. Сондай-ақ өңірлердегі қарт адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға атаулы әлеуметтік және материалдық көмек көрсету төңірегінде әңгіме өрбиді.
Қабылдау кезінде «Қарттарға қамқорлық» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарға сараптама жасалып, өткізілген шаралардың нәтижелері туралы пікір алмасылады және барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан ескерткіш сыйлықтар тапсырылатын болады.
«Егемен-ақпарат».