Этникалық қазақтар үшін келу және және азаматтық алу рәсімдерінің оңайлатылуына байланысты, өткен жылы, елімізге 16 мыңнан астам оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылы Отанына оралғандарға қарағанда 8 есеге артық көрсеткіш.
Дегенмен, келген қандастарымыздың басым бөлігі тұрғылықты жері ретінде Астана мен Алматы қалаларын және оңтүстік өңірлерді таңдағандықтан, бұл ретте солтүстік өңірлерге қоныстанудың теріс сальдосы ұлғайды.
Жалпы, 1991 жылдан 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи атамекеніне оралып, оралман мәртебесін алды. 2016 жылы - 16,4 мың отбасы (33 754 адам), 2017 жылдың 1 тоқсанында - 2,6 мың отбасы (4,9 мың адам). Осы орайда 2016 жылы елімізге қоныс аударған тұлғалардың еңбекке жарамды үлесі 56 пайызды құраса, 18 жасқа дейінгі балалар - 39% және зейнеткерлер - 47% болды. 2017 жылы елге оралғандардың 26,4%-ын 18 жасқа дейінгі балалар, 67,3%-ын еңбекке жарамды жандар, 6,3%-ын зейнеткерлер иеленді.
Атп өтер болсақ, көш бет түзеген негізгі елдердің ішінде былтыр және биыл Өзбекстан (тиісінше 2016 жылы 62% және 2017 жылы 54,5%), Қытай ( 2016 жылы 14% және 2017 жылы 33,4%), Моңғолия (2016 жылы 9% және 2017 жылы 2,1%), Түркіменстан ( 2016 жылы 6,7% және 2017 жылы 4,6%) мемлекеттері ерекше көзге түседі.
Тлықтырып кетсек, 2016 жылы, қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңір (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретінде 4 өңір (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгіленген. Жоғарыда келтірілген өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған отандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін қаржы бөлінеді. 2017 жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу көзделген.
Ағымдағы жылы Министрлік тарапынан 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын жасау қолға алынып, онда көші-қон үдерісін тиімді түрде реттеу, орнықты демографиялық өркендеу мен елдегі білікті жұмыс күшіне сұранысты қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту мәселелері көрініс табатын болады.