Ұстаз – бала жанының бағбаны дейміз. Осы мамандық иелеріне үлкен сенім артамыз. Олардың өмірімізге лайықты өрендер өсірудегі өлшеусіз еңбегін бағалап, кәсіби білімдерін жетілдіру қажеттігіне де назар аударылып келеді. Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын білім беру мекемелері арасында өтетін педагогикалық байқаулардың бірі «Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы» деп аталады. Өйткені, кәсіптік білім беру бүгінгі күннің басты міндеті болғандықтан байқауға облыстағы 14 кәсіптік лицей ұжымы қатысып, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеудегі жақсы істерін ортаға салды.
Солардың қатарындағы Сарқан гуманитарлық колледжі ағылшын тілі және қаржы саласының мамандарын даярлау, студенттерді өнерге баулу, тағы басқа тәрбие тағылымын, Жаркент №17 кәсіптік лицейі қоғамда сұранысқа ие аспаз, электромонтер, тракторист-машинист мамандықтарының маңызын, Талдықорған экономика-технологиялық колледжі өнімді өңдеу мәселесін көрсетіп, барларын ортаға салды.
Қарасайдағы Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі өткен кезеңде 30 мыңнан аса түлек ұшырып, эколог, гидротехник мамандарын даярласа, Еңбекшіқазақ ауданының №7 лицейі жастардың қызықты өмірін әсерлі өрнектеді. Талдықорған политехникалық колледжі кредиттік және қашықтан оқыту жүйесін енгізу, өзін-өзі басқаратын жастардың «Конвент» ұйымы мен пікірсайыс орталығының жұмысын жүйеледі.
Байқау аса тартымды өтіп, қазылар алқасы бағаларын берді. Қорытындысын Алматы қаласындағы №13 кәсіптік лицей бірінші, Талдықорған политехникалық колледжі екінші, Талдықорған экономика-технологиялық колледжі үшінші орынды иеленді.
Үш номинация бойынша да жеңімпаздар анықталды. Олар Жаркент қаласының №18 кәсіптік лицейі «Инновация шеберханасы», Қарасай ауданының №2 кәсіптік лицейі «Жетістік жолында», Үшарал қаласындағы №5 кәсіптік лицейі «Жаңашыл кәсіптік лицей» номинациясына қол жеткізіп, өздерінің ізденістерін танытты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.