Президент • 19 Маусым, 2017

Жаңа энергия – жаңа экономика

1583 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Х Астана экономикалық фо­ру­мының қорытынды жиынына қатысты.

Жаңа энергия – жаңа экономика

Екі күнге ұласқан Астана эконо­ми­калық форумының пленарлық отырысы «Ас­тана ЭКСПО-2017» көрме кешеніндегі Кон­гресс-орталықта өтті. Оған Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық ұйым­дар мен банктердің басшылары, саяси қайраткерлер, ірі бизнес өкілдері, белгілі ғалым­дар мен сарапшылар қатысты. Нью-Йорк университетінің профессоры, «Қа­ра аққу» теориясының авторы Нассим Талеб, Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңес төрағасы Фредерик Мусиива Макамуре Шава, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов, Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшылығы жанындағы су және табиғи апаттар проблемалары бойынша жоғары деңгейлі сарапшылар мен сарапшылар тобы төрағасының кеңесшісі Рае Квон Чунг, «The Boston Consulting Group» директорлар кеңесінің төрағасы Ханс-Пол Бюркнер сөз сөйледі. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Питер Томсон жиынға қатысушыларға Нью-Йорктен бей­не-жолдау жолдады. Жиынды «JP Mor­gan­Chaselnt» төрағасы Джейкоб Френкель жүргізіп отырды. 

Тарихи бетбұрыс тұсында
Пленарлық отырыста сөйлеген сө­зінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форумның тақырыбы «Жаңа энер­гия – жаңа экономика» ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрме­сінің ашылуымен үндес болып отырған­дығын айрықша атап өтті. Бұл ретте ЭКСПО-2017 көрмесінде болашақ энергиясына арналған әлемнің үздік ғылыми және инженерлік жетістіктерін көруге болатынын, оған 150-ден астам елдер мен халықаралық ұйымдар, сондай-ақ ірі корпорациялар өздерінің энергетика сала­сындағы ең озық тәжірибелері мен білім­дерін алып келгенін еске салды. Сондай-ақ, Астана экономикалық форумы 10 жылда ашық пікірталасқа арналған маңызды халықаралық алаң ретінде танылғанын тілге тиек етті. 
Мемлекет басшысы Х Астана эконо­ми­калық форумы Еуразия кеңістігі үшін тарихи бетбұрысты кезеңде өткізіліп отыр­ғанына да баса назар аударды. Мәселен, осыдан бір апта бұрын дәл осы алаңда Шан­хай ынтымақтастық ұйымының сам­миті өткізілген болатын. 
«Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалып­тастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымы «бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі» саналатынын, ал бейбітшілікті сақтаудың ең мықты құралы – инклюзивтік даму екенін атап өтті. «Бүгінгі форум осы инклюзивтік және орнықты даму мәселесіне арналған», деді Қазақстан Президенті.

Жаһандық экономикалық саясат ескірді
Елбасы сөз арасында әлемдегі энергия жаңғыруының үлесі бүгіннің өзінде 24 пайызға жеткенін мысалға келтірді. Ал бұл 2040 жылға қарай 40 пайызға барады деген болжам бар. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманның теңдессіз жылдамдықпен өзгеріп, экономикалық өсу мен өмір салтымыздың табиғатын түбегейлі қайта түрлендіретін тың жаңалықтар мен ғылыми-техникалық шешімдер дәуірінің келе жатқанына назар аударды. Ал аталған жаңа кезеңге дайын болу үшін не істеуіміз керек, қандай шешімдер қажет? Пленарлық отырыс талқысы, міне, осы сауалдардың жауабын іздеді. 
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық экономикалық саясат қоршаған ортаның ластануының шекті деңгейге жетуі және жаһандық энергия тұтынудағы теңсіздіктің артуы сияқты бүгінгі сын-тегеуріндерге толық жауап бере алмайтынына тоқталды. Біріншіден, 9 жыл бұрын орын алған ең ауыр қаржы дағдарысының негізгі себептері әлі күнге дейін жойылмаған. Оларға әлемнің ішкі өнімінен 2-3 есе асатын жаһандық қарыз өсімі қосылуда. 


Екіншіден, әлемдік экономиканың өсу қарқыны қайта бәсеңдеді. Үшіншіден, жаһандық саудада кері процесс байқалады. Өткен жылы сауданың әлемдік өсімінің қарқыны соңғы 8 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейді көрсетті. Төртіншіден, қоршаған ортаның ластануы шекті көрсеткіштеріне жеткен, БҰҰ деректері бойынша егер парниктік газдар проблемасы шешілмесе, әлемдік экономика 12-13 трлн долларға дейін немесе әлемдік ІЖӨ-нің 16 пайызын жоғалтады. Бесіншіден, жаһандық энергия тұтынуда теңгерімсіздіктер өсіп келеді, мұндай теңгерімсіздіктер жаһандық және өңірлік ауқымдағы теріс процестердің себебіне айналады. Мысалы, көші-қон ағымдарының едәуір өсуі.
«Осы мәселелердің барлығын бүгін біз осы дөңгелек үстел барысында қонақтармен бірге талқыладық, олар осы мәселелер бойынша өздерінің терең ойлары мен ұсыныстарын білдірді»,  деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Әлемдік қоғамдастыққа жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңмен көшу қажет. Ол таза энергетикаға, күш-жі­герді жұмылдыруға және бүкіл әлем­нің мүддесін ескеретін ұжымдық жауап­кер­шілікке негізделуге тиіс. 

ІЖӨ шынайы әл-ауқатты көрсетпейді
Қазақстан Президенті осынау жаһандық мәселелердің жайын тізбектей келе, одан шығудың бірқатар жолдарын да ұсынды. Әлемдік экономиканы дамытудың маңызды аспектілеріне қатысты өз ойларын  ортаға салды. Елдердің байлығы мен олардың тұрғындарының әл-ауқатын танытатын көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігін, әлем жаңа экономикалық модельге біртіндеп көшуі керектігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, біріншіден, бүгінге дейін кез келген мемлекеттің экономикалық әл-ауқатын, жағ­дайын анықтаудың негізгі құралы болып келген ІЖӨ-ні есептеуді қайта қарас­тыру керек.
«Елдің байлығы мен оның азамат­тарының әл-ауқатын өлшейтін көрсет­кіш­терді есептеудің жаңа әдісін әзірлеу мәсе­лесін халықаралық күн тәртібіне шығару қажет. Барлығымыз жиі қолданатын ІЖӨ индикаторының бірқатар кемшілігі бар. Ол табиғи ресурстардың таусылуын қоса алғанда қоршаған ортаға тиетін зиянды ескермейді. Бұған қоса, ол белгілі бір мемлекеттің өмір сапасын көрсетпейді. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсете алмайды, халықтың кірісі бойынша жіктелуін ескермейді», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, дәстүрлі ішкі жалпы өнім экономикалық гүлдену туралы жалған түсінік қалыптастырады.
«Жасыл» ІЖӨ және Адами даму индексі, ЭЫДҰ үздік өмір индексі сынды индекстердің базасында әлемдік қоғам­дастық ІЖӨ-ні есептеудің жаңартылған әдіс­темесін қабылдай алар еді. Ол елдердің  теңгерімді дамуы қажеттілігін нақты көрсетуі тиіс»,  деді Елбасы.
Жаһандық 
жаңа валюта қажет
Екіншіден, халықаралық есептік тө­лем бірлігін енгізу мәселесі. «Әлемдік қар­жы архитектурасын трансформациялау қа­жеттілігі жетілдіріліп отыр. Халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байып­пен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қа­те­ліктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елба­сы­ның айтуынша, валюта қарапайым, ол пай­даланушыға бағынышты болуы тиіс. «Блок­чейн» сынды технологиялардың дамуын, цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға да болатынын атап өтті.  Яғни, ол абстрактілі сенімді тірек етпеуі тиіс. Керісінше, нақты активтерді қамтамасыз етуі қажет. Бұл валюта бүкіл әлемдегі қолданушылар тарапынан қабылдануы керек. Сондықтан бұл іске тек қана G20 емес, одан да көп мемлекеттер қатысуы үшін Қазақстан G-Global-ды  ұсынған болатын.  
Президенттің айтуынша, жаһандық валютаны  Орталық банктердің пулын құру жолымен, мәселен, БҰҰ жанына арнайы комитет құру арқылы енгізуге болады. «Барлық елдің теңқұқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Әрине, мәселе қарапайым емес. Бірақ бұл проблема жоғалмайды. Бізге оны айтып қана қоймай шешу де қажет», деді Елбасы.

Париж келісімін 
орындау маңызды
 Үшіншіден, экономикалық өсім таза энергетиканы дамыту мен экологияны сақ­тауға негізделуі тиіс. «Париж келісімін бар­лығы бірдей орындау маңызды. Халықа­ралық агенттіктердің бағалауынша, оның мақсаттарына қол жеткізу жаһандық жылынуды баяулатып қана қоймай, әлемдік экономиканы 20 трлн долларға немесе 27 пайызға өсуіне мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы  Қазақстан Республикасы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінің ішінде ең бірінші болып парникті газдар шығарындыларын квотамен сату жүйесін енгізгендігін баса айтты.
«Біз сәйкесінше нормативтік құқықтық база әзірлеп қабылдадық және бұл саладағы тәжірибемен бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар осы елдердің кеңістігінде атмосфераға эмиссияларды есептеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құруды ұсынамыз. Біз эмиссиялар мен газдар бойынша ақпараттар әлемнің барлық елдері мен қалалары шегінде қолжетімді, әрі тиісті деңгейде болуына ұмтылуымыз керек. Толықтай алғанда шикізаттық экономиканы мемлекеттік қолдаудан бас тартқан Ирландия үлгісімен дәстүрлі энергетиканы қолдаудан және субсидиялаудан арылуымыз  қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дамушы елдерді 
қолдау керек
Төртіншіден, өсім жаңа моделінің басты элементі – дамушы елдерді жеделдетілген тұрақты дамуға тарту болуы тиіс. Бүгінгі күні жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен және патенттермен қорғанып отыр. Бұл ғылыми және қаржылық ресурстары жеткіліксіз елдерді одан әрі артта қала  беруіне түрткі болады. Бұл мәселеде жасанды кедергілер болмауы тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы әлемде бір жарым миллиард адам электр жарығынсыз, үш миллиардқа жуық адам су тапшылығы жағдайында өмір сүріп отырғандығын мысалға келтірді.
«Мұндай жағдай жер бетіндегі жаппай көші-қонды одан әрі өршіте түседі. Сондықтан елдердің дербес дамуына және оларды жайлы өмір сүретін орынға айналдыру үшін жағдай жасау маңызды болмақ. Қазақстан кезең-кезеңімен тұрақты дамуға бағытталған реформалар жүргізуді жақтаушы болды және болып қала да береді. Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы өсім, дамыған отыз елдің қатарына кіру»,  деді Президент.

Үшінші жаңғырту 
іске қосылды
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы аясында елімізде ауқымды жұмыс басталғаны және энер­гетика саласын жаңғыртуға байланыс­ты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты.
Президент атап өткендей, ағымдағы жылы IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рей­тин­гісінде Қазақстан 32-орынға жай­ғас­ты, осылайша ол 15 сатыға көте­рілді. Ал, Дү­ниежүзілік банктің бизнесті жүр­гізу же­­ңіл­дігі Doing business бойынша Қа­зақ­стан 35-орыннан көрінді,  өсім 16 сатыны құрады.
«Сыртқы қолайсыз факторларға қара­мастан 2017 жылы еліміздің ІЖӨ өсімін 
4 пайыз шегінде болады деп күтудеміз. 2015 жылдан бері экономика мен қоғам өмірінің маңызды бағыттары бойынша институционалды реформаларды қарастыратын  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары  жүзеге асырылуда. Осы жылдың басынан бастап біз Қазақстанда үшінші жаңғыртуды іске қостық», деді Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қа­­зақ­станның одан әрі дамуының басым­дықтары қатарында экономиканың техно­логиялық жаңғыруын жеделдету, оны цифрландыру, бизнес ортаны түбегейлі жақсартуды, адам капиталын дамыту бар екендігін айтты.
«Он жыл бұрын біз ТМД елдері ішінде ең бірінші болып Экологиялық кодекс қабылдадық. 2012 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы заң күшіне енді. Сол жылы еліміз ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Оның тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп аталады. 2013 жылы Қа­зақстан ТМД елдері арасынан алғашқы болып «жасыл» экономикаға көшу тұжы­рымдамасын қабылдады. Бүгінгі күні елде энергетикалық саланы жаңғырту толық қарқынмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде жаңартылған энергия көзін өндіретін жиынтық қуаты 300 мВт-ке тең елу кәсіпорын бар. Соңғы он жылдың ішінде табиғатты қор­ғау шараларын жүзеге асыру есебінен ауаны ластайтын заттар шығарындысы 13 пай­ызға, ілеспе мұнай газының шығарын­дысы 70 пайызға қысқарды»,   деді Елбасы.
Сондай-ақ, Президент елімізде БҰҰ қол­­дауымен «Астана ЭКСПО-2017» халық­­аралық көрмесінің негізінде «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығы құры­лып жатқанын атап өтті. 
Болашақта жер шарының экологиялық тұрғыдан таза болуы үшін ядролық қа­русыз әлем тұжырымдамасының да маңы­зы зор екені белгілі. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев біздің елдің бастамаларын тілге тиек етті.
«Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күресте көшбасшы болып саналады. Біз – ядролық сынақ поли­гонын жойған және қуатты ядролық зымыран арсеналынан ерікті түрде бас тартқан ең алғашқы әрі бірден-бір елміз. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз және баршаңызды осы күресте бізді қолдауға шақырамыз. Сол арқылы біз жаһандық ынтымақтастық пен бейбітшілік ісіне адал екенімізді тағы бір мәрте дәлелдей аламыз», деді Мемлекет басшысы.

Көрме құрылысына 
1,3 млрд доллар жұмсалды
Пленарлық отырыстың сұрақ-жауап бөлімінде Қазақстан Президентіне модератор тарапынан сұрақ қойылды. Ол «Қазақстан өз алдына өте өршіл мақсаттар қоюда. Инвестиция және жасыл өсім үшін өзіндік оазиске айналуда. Қазақстанның сая­саты, көптеген мәселелерде, оның ішінде таза энергетика мәселелеріне байланысты өзіндік бір ұлттық мүдделер ауқымынан да тыс­қары жаһандық мүдделерді қамтуда. Оған мысал – ЭКСПО-2017 көрмесі. Бұл өте маңызды, ауқымды жоба. Бұл Сіздің мемле­кетіңіз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды жоба. Президент мырза, осы жо­бадан не күтесіз, оның Қазақстан үшін, жаһандық даму үшін маңызы қан­дай болмақ?» деген мәтіндегі сұрақ. «JP Mor­ganChaselnt» төрағасы Джейкоб Френ­кель мырзаның бұл сұра­ғына жауабын­да Қазақстан Президенті «Аста­на-ЭКСПО-217» халықаралық маман­дан­ды­рылған көрмесінің маңыздылығын түсіндірді.
Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақ­стан үшін маңызды имидждік жоба бол­ғандығын ашық айтқым келеді. Көр­менің ашылу салтанатына 17 мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Оның жұмысына көптеген корпорациялар қа­тысуда. 115 ел, 22 халықаралық ұйым бар­лығы осы көрмедегі павильондарға өздерінің бірегей инновациялық жобаларын алып келді. Қазақстандық көрмеде жинақталған әлемдік инновациялық ойлар күндердің күнінде Қазақстанның дамуына қызмет етуі керек», деді Президент.
Елбасы ЭКСПО көрмесінің  алғашқы іргетасы 2014 жылы қаланғандығын еске алды. Үш жыл ішінде 200 га қамтитын аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген құрылыс болашақта халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. Көрме аяқталғаннан кейін ол жерде заңға сәйкес құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын жалғастырады. Және дәл осы жерде «жасыл» энергетика, технология бағыттарындағы жұмыстар шоғырландырылады. Қазақстандық павильон болашақ музейі ретінде сақталып қалады. Онда «жасыл» энергетикаға қатысты жаңа технологиялар көрсетіледі»,  деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, ЭКСПО көр­месі құрылысына бөлінген бюджеттік және демеушілік қаражаттар отандық биз­несті қолдауға бағытталған. «Мемлекет халықаралық көрме құрылысына 1,3 млрд доллар қаражат жұмсады. Олардың арасында демеушілер мен жеке инвесторлардың қаражаттары бар. Бұл қаражаттардың барлығын қазақстандық компаниялар игерді»,  деп түйіндеді сөзін Президент.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды