Білім • 19 Маусым, 2017

Латынға көшкенде ескеретін жеті ұсыныс

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында негізгі бірнеше мәселелер туралы, нақтырақ айтқанда, ұлттық сана, бәсекелестік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім алу, білім бе­ру құндылықтары, латын әліпбиіне көшу ту­­ралы ойларымен бөлісе келе, таяу жыл­дар­ға арналған нақты мақсаттарға сәйкес өзі­нің нақты жобаларын ұсынып отыр.

Латынға көшкенде ескеретін жеті ұсыныс

Біз, тілтанушы-түрколог мамандар ретінде Елбасының латын әліпбиіне көшуге байланысты айтқан тұжырымдарына толығырақ тоқ­талып, өз ой-пікірлерімізбен бөлісуді жөн санадық.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қазақстан­ның латын қарпіне көшуі жайлы мәселе біршама уақыттардан бері айтылып, талқыланып ке­леді. Президент бұл мәселені 2006-2007 жыл­дары бастап, жан-жақты талдап-сара­лау­ға тапсырма берген болатын. 2013 жылы «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дау­ында да бұған баса назар аударған еді, сон­дықтан көптен күткен латын қарпіне көшу туралы Президенттің ойын үлкен қуанышпен қа­былдап, әбден пісіп жетілген тұшымды тұжырымды жүз пайыз қолдайтынымызды біл­­діре отырып, кейбір басты мәселелерге ке­ңі­рек тоқталған дұрыс болар деген ойдамыз.
2007 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты дайындаған «Ла­тын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: та­­ри­хы, тағылымы және болашағы» атты еңбекте 5 түрлі нұсқа «Арыс» баспасынан жа­рық көрген еді. Біз де көп жылдан бері қазақ әліпбиінің латынша транскрипциясын қолданудамыз. Біздің транскрипциямыз жоғарыда аталған жобалардың төртіншісіне жа­қынырақ. (Бұл нұсқаны қосымшадан көруіңізге болады). Ойымызша, тек латын әліп­­биі емес, емле де өте маңызды болмақ, атап айтқанда:
1. Ұлттық атаулардың үлкен немесе кіш­кентай әріптермен жазылуы, мысалы, Qazaq не­месе qazaq.
2. Латынға көшу пәрменді болу үшін, бұнымен қатар қазақ тілінің ұлтаралық не мем­лекеттік мәртебесін көтеріп, бүкіл Қазақ­стан­дағы атауларды қазақыландыру қа­жет: 
а) Темір жол желісінде стансалардың атаулары әлі де кеңестік қалыпта орысша жазылады, атап айтқанда, билеттерде, кестелерде, т.б. (Караганда, Чимкент, Алма-Ата).
ә) Елдің мақтанышы – Астана әуежайының ұлтаралық коды әлі де ТSE (Целиноград).
б) Қазақ не қазақыландырылған жер-су атауларының көбі ағылшынша жазылса қазақ­шадан емес, орысшадан көшіріліп жазы­лады, атап айтқанда, Uralsk, Semipalatinsk, Aralsk; біздің ойымызша, бұлардың бәрі қазақ тілінен алынуы тиіс. Атап айтқанда, Oral, Sеmеу, Aral, Qaragandi болып жазылу керек. Сондай-ақ, Қазақстанда карталардың бәрі орыс тілінде, ал қала карталары жоқтың қасы. Әлбетте, туристік орындарда қонақтарға оңай болу үшін қазақшасын бірінші орынға қойып, сосынғысын өзге халықаралық тілдерде де жа­зуға болады (ағылшынша, орысша). 
3. Қазақ не қазақыландырылған есімдер орысша нұсқасынан емес, қазақшадан алынып көшірілуі керек. Төлебаев тегі Tulebayev емес Tölebayev, Burkut емес Burkit. 
4. Қазақ тіліндегі күнтізбелер тапшы, тек орыс тілінде сатылады, сондықтан апта, ай аттары қазақша аз қолданылады. 
5. Ұлттық валютамыз тек қазақ тілінде жазылғаны дұрыс, латыншаға көшетін бол­сақ, өзге латын әліпбиі қолданылатын ел­дер­дегіндей, тек мемлекеттік тілде жазыл­ға­­ны жөн.
6. Кезінде қазақша жазылған тарихи есім­де­ріміз, атап айтқанда, Әуезұлы, Дулатұлы, Майлыұлы сияқты тұлғалардың аты-жөндері жаңа латын әліпбиімізде қазақы қалыптарында, жалпы ережелерге сай: Äwezulı, Dulatulı, Maylulı; орысша болса, қазақы қалпын сақтай отырып, тек әріптік өзгерістермен жазылғаны дұрыс: Авезулы, Дулатулы, Майлыулы.
7. Қазіргі заманғы сандық технология жабдықтары, жүйелері жаппай қазақ тіліне көшірілуі керек. Біріншіден, ұялы телефондар, компьютер, планшеттер, т.б.
Ойымызды қорытындылай келе, 25 жылдық тәуелсіз Қазақстан тәжірибесі көр­сет­кендей, қазақ тілі орыс тілімен қатар қол­данылса мемлекеттік тіл – қазақ тілі шынайы мәртебесіне көтеріле алмайды, өйткені қазақша білмейтін қазақстандықтар да, шетелдіктер де ұлттық тілімізге қарағанда доминантты орыс тілін үйреніп, орыс тілінде сөйлеуді қалап тұрады. Сондықтан әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтерген жөн деп білеміз. Алайда, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергенде елде тұрып жатқан азшылық ұлттардың құқықтарын бұзуға және болмайды. Демек, олардың құқықтарын қорғау мақсатында нақты бір жергілікті мекенде азшылық ұлт өкілдері (өзбек, ұйғыр, орыс т.б.) 50 пайыздан асса, қазақ тілімен қатар сол ұлттардың тілдерін сол елді мекенде қолданысқа енгізу керек деп ойлаймыз. 

Профессор Ханрык ЯНКОВКСИ, 
профессор ассистенті Гүлайхан АҚТАЙ, 
Адам Митцкевич атындағы университеттің докторлары

Польша Республикасы, 
Познань қаласы