Жуырда Астананың «Қазанат» ипподромында «ЕХРО-2017»-нің құрметіне Арқаны аспан астында дүбірлеткен аламан бәйге болды. Сол бәйгеге шапқан өрен жүйріктердің атауларына назар аударып көрелікші. Олар – Ақмола облысынан келген М.Мұстафаевтың «Элвуд вэбы», Алматы облысынан келген А.Жұмабековтің «Дораны», Жамбыл облысынан келген Е.Жаппасовтың «Спортигі», астаналық Н.Оразбаевтың «Мажоры» және т.б. Басқаларда жұмысымыз жоқ, қазақтар өз аттарына қазақша атау берулеріне болады ғой. Тіпті, басқа жерден сол «кличкаларымен» сатып алғанның өзінде қазақыландыруға болмай ма?
Осы бәйгеде «Сүлікқара», «Қызбел», «Желқанат» атаулы жүйріктер де болды. Қазақ атаулының бәрі сол аттардың тілекшісіне айналып, тіпті сол аттардың маңдайынан сипағысы келгендер де болғаны хақ. Өйткені, бұлардың атаулары жанымызға жақын, өзіміздің қанымызға сіңген төл атаулар. Ал жоғарыдағы аттардың тіл сындыратын атаулары еш қызықтырмайды. Соны иелері білмейді емес, біледі ғой. Бірақ сол... өзіне икемдеуді емес, өзгеге икемделгіштікті ғана білетін еліктегіш-солықтағыштықтың әсері. Мұндайды не деп айтуды да білмейсің, әлде түп діңгегі әлсіз әулеттің ұрпағы болғандікі ме екен? Бұл тіпті ат иелеріне ғана емес, қазақтың көбіне қатысты.
Біз орыстармен жақын араласатын ауылдарда туып-өстік. Ауылымызда орыстар болмағанымен, көрші селолардан олар үйімізге жиі келіп тұратын. Сондайлармен сөйлескенде әжелеріміз бен аталарымыз оларға икемделуді білмейтін, тіпті кейбір сөздердің орысшасын білсе де қазақша айтып, оларды өзіне икемдеп, қазақша бірдеңелер айтып, аналарды өзінің ыңғайына оп-оңай бұрып, ықтырып отыратын. Екінші, үшінші келгенде сондайлар «апалап-аталап» бір затты сұраса, бірдеңе айтқысы келсе, қазақша сөйлеуге тырысып жататын еді.
Шоқан Уәлихановтың досы, саяхатшы, жазушы Григорий Потанин өз заманында: ««Киргизский язык (қазақ тілі дегені – Ж.С.) не только не пренебрегается, но считается разговорным; киргизские обычаи также многие усвоены: так, например, казаки охотно пьют кумыс и едят конину…Около Коряковской станицы происходит самое сильное взаимодействие русского и киргизского духа…» дей келіп, «…а казаки здешние, в свою очередь, подчиняются их модам и в домашней жизни предпочитают киргизский язык своему…» деп жазған (заметки о Сибирском казачьем войске»). Сол заманда өмір сүрген жазушы, офицер Ф.Усов та: «…Почти все казаки Горькой и Иртышской линий употребляют в разговоре весьма часто киргизский язык и переняли от киргиз некоторые обычаи...» деп көрсетеді.
Қолындағы мылтығын шошаңдатып, қылышын жалаңдатып келген казактарды біздің аталарымыз өзіне қалай бейімдеп алды екен? Ығына жығылып, бейімделудің орнына, салт-дәстүріне икемделудің орнына оларды өзіне қаратып, тілін білгізіп, дәстүрін сіңіріп жіберу себебі неде?
Біздіңше, бұл сол замандағы адамдардағы тектің мықтылығы, діңгектің беріктігінен. Біздің ата-әжелерімізде де сол болды. Айырылып қалған, жаңаны жатырқамай қабылдаймыз деп ұрынып қалған Кеңес заманында өскен біздер ғана. Бізден кейінгілер де басқаның бәрін қабылдап, өз қолындағы алтынның қадірін білмей бара жатқан сияқты. Өзіне икемдеуді олар мүлде ұмытып, тек басқаға икемделуді салтқа енгізген. Мұндай салт бізді жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. Соны білгеніміз жөн. Президенттің рухани жаңғыру туралы бағдарламалық мақаласы да осы істі ескеріп, ұлттық кодты жаңғыртуда көңіл аударуды қалайтыны анық.
«Қобыландыда нең бар еді, құлыным?» деп айтпақшы, «Спортигке» еліктегендер ұлттық рухымыздың еңсесін түсіріп жүргенін біле ме екен?!
Байқай бермейміз, қазіргі қазақтар тым икемделгіш болып барады. Сонда жақсылыққа икемделгіш болса жарайды ғой, бірақ қайдағы бір «әсіре қызыл – тез оңар» дейтін дүниелерге еліктегіштігімізді, құмарлығымызға не айтасың. Осының өзі Президент айтқан ұлттық кодымызды жоғалта бастағанымыздың көрінісі емес пе екен?
«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше