ЭКСПО-2017 • 20 Маусым, 2017

Ғаламдық мәселелер ғалымдар талқысында

1627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада тағы бір ауқымды халықаралық шара – WSEC-2017 инженерлер мен ғалым­дар­дың дүниежүзілік конгресi кеше өз жұмысын бастады. Әрине, бұл да «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің шеңберінде ұйым­дастырылған. «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарий­лер және оларды жүзеге асыру әдiстерi» атты конгресс көр­менiң iскерлiк бағдарламасы аясында өтуде.

Ғаламдық мәселелер ғалымдар талқысында

Алқалы жиынның ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жиынға мо­дера­торлық еткен Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғы­лымдары академиясының президентi, академик, сенатор Нұртай Әбiқаев оқып берді.

«Инженерлер мен ғалым­дар­дың дүниежүзiлiк конгресiне қаты­сушылар мен жиын қонақ­тарының Қазақстан елордасы – Астанада бас қосқанына қуаныш­тымын. «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдiстерi» атты форумның тақырыбы осы күндерi Қазақстанда өтiп жат­қан ЭКСПО халықаралық ма­мандандырылған көрмесiнiң идея­сымен үндес. Бiздiң ел қазiргi заманғы экологиялық үрдiстердiң маңызын түсiне отырып, «жасыл экономика» қағидаларына сәйкес ауқымды технологиялық жаңғыруды бiртiндеп жүзеге асыруда. Бүгiнде қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдейтiн экономикаға көшу және табиғи ресурстарды үнемдi пайдалану бо­лашақтың ақылға қонымды бiр­ден-бiр парадигмасы болып саналады», делiнген Елбасы құттықтауында.

Мемлекет басшысы орнықты дамудың берiк институционалдық негiздерiн «жасыл техно­ло­гиялар» саласындағы кең көлемдi халық­аралық диалог пен ын­ты­мақ­тастық арқылы ғана құруға болады дейдi. Осы бағыттағы ғы­лыми идеялар мен тәжiрибелер жөнiнде жан-жақты ой бөлiсу бүкiл жер шарында экологиялық тұрғыдан таза энергетиканың қалыптасуына септiгiн тигiзетінін айтқан. Сондай-ақ, онда инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзiлiк конгресiн Астанада өткiзу адамзат алдындағы энергетикалық проб­лемалардың тиiмдi шешiмдерiн iздеуге тың серпiн берiп, эко­но­микалық өсiмнiң жаһандық моделiн жетiлдiруге елеулi үлес қосатынына сенім білдірген.

Қазақстанда ғана емес, жалпы Ор­талық Азия елдері арасын­да ал­ғаш рет өтіп жатқан шара екі күнге жос­парланған. Оған әлем­нің 50 елінен 1000-нан астам делегат, оның ішінде 300 шетел­дік ғалымдар мен инженерлер қа­тысуда. Маңызды шараның басты ұйымдастырушылары  – еліміздің Ұлттық инженерлер академиясы мен Қазақстан Ұлттық жаратылыс­тану ғылымдарының академиясы. Сондай-ақ, конгресті еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Энер­гетика министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, құрамында 48 мемлекет бар Халықаралық жаратылыстану ғылымдарының академиясы, FEIIC Ислам елдері инженерлік институттарының федерациясы (оның құрамында 21 мемлекет), тіпті құрамына 181 мемлекет кіретін IRENA Жа­ңар­тылған энергия көзі бойын­ша халықаралық агенттігі, Ха­лық­аралық сутегі энергети­ка­сы қауымдастығы, Бүкілә­лем­дік энергетикалық кеңес, Бүкіл­әлемдік болашақ қауым­дас­тығы, Күн сәулесі бойынша халық­аралық қауым­дас­тық және бір­қатар ұлттық инженерлік академиялар, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйым­дар қолдаған.

Конгресс спикерлерінің қа­та­рында Нобель сыйлығының 4 лауреаты, «Жа­һандық энергия» Халықаралық сый­лығының 8 лау­реаты, танымал қазақ­стандық және шетелдік ғалымдар, эколог­тар, сарапшылар, БАӘ қорша­ған ор­­таны қорғау министрі, Сан-Пау­­лу штатының энергети­ка жә­не тау-кен өн­діру өнеркәсіп минис­трі, Бра­зилияның же­тек­ші ға­лым­дары мен сарапшылары бар.

Басқосуда энергетика сала­сын­дағы ең үздік жетістіктер мен заманауи бағыттар талқылануда. Ғалымдар электр қуатын өндіруде қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін тың технологияларға басымдық берді. Жасыл экономиканы жетілдірудің жайын кеңінен әңгімелеп, инновациялық идеяларды икемге келтіретін техниканы қолданысқа көптеп енгізудің жолдарын іздеді.

Конгресс жұмысы төрт блокқа бөлінді. Атап айтар болсақ, «2050 жылға дейінгі әлемдік энер­ге­тика саласының даму сце­нарий­лері перс­пективалары»; «Энерге­ти­калық трилемманың балансы: қау­іпсіздік, қолжетімділік және эко­логиялық тұрақтылық»; «Әлем­дік энергетиканы және энер­ге­ти­­­калық нарықты дамыту үде­­рісі, ғылыми кадрлармен қам­­та­­сыз ету» тақырыптарына бө­лі­­ніп, ғалымдар өз саласының ба­­ғыт­­­тары бойынша баяндама жасады.

Халықаралық көрмеде көрсе­тілетін инновациялық туын­дылар мен заманауи ғылым өкілдерінің бір жерде тоғысуы синергетикалық нəтиже береді дейді ғалымдар. «Форум көптеген мүдделі сарапшыларды айналасына жинап отыр. Бізді 20-дан астам халықаралық ұйымдар мен академиялар қолдады. Бұл өз кезегінде тақырыптың тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзектілігін білдірсе керек», деді WSEC-2017 Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі Ха­лық­ара­лық бағдарламалық коми­тетінің тең­ төр­ағасы, Инженерлер акаде­мия­сының президенті Бақытжан Жұмағұлов.

«Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында Елбасы Н.Назарбаев ХХІ ғасырдың жаһандық мәселелері, оның ішінде табиғи ресурстардың таусылуы, жаһандық энерге­ти­калық қауіпсіздік пен үшінші энергетикалық индустриялық революция мәселелерін көтерген болатын. Конгресс жұмысы барысында, міне, осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»