Ақтөбе облысында білім басқармасы оқушылардың барлығына бірдей мектеп формасын киюді міндеттеп отыр. Бұл жөнінде қойылатын талапты күшейте түсу туралы мектеп басшыларына тапсырма берілген. Соған байланысты, кейбір мектептердің жарғыларына өзгерістер енгізіліпті. Ережеге сәйкес, енді оқушылар ғана емес, мұғалімдер де біркелкі киім киюі тиіс. Сонымен қатар колледж оқушылары да білім беру мекемелерінің ішкі тәртіп ережелеріне сай киінуге көшіп жатыр. Қазір колледж бен мектепке хиджаб киіп келетін оқушылардың саны күрт кеміген. Біз осы және мектеп формасына қатысты қолға алынып жатқан басқа да шаралар туралы облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл АРЫНҒАЗИЕВАМЕН тілдескен едік.
– Оқушыларға мектеп формасын киюді міндеттеу, олардың хиджаб киюлеріне тыйым салу емес. Осыны ата-аналар дұрыс түсінгені жөн. Жастардың имандылыққа бет бұрғандары, әрине, дұрыс. Бірақ мектеп – мешіт емес, білім шаңырағы. Сондықтан, оқушы мектепте ішкі тәртіпке бағынуы тиіс. Бүгін «мұсылманбыз» деп кейбір қыз балалар хиджаб кисе, ал ертең өзге діндегілер өз сенімдері бойынша киініп келулері мүмкін. Сонда мектеп әр түрлі діндердің орталығына айнала ма? Міне, сондықтан, мектептің жарғысымен бекітілген ережелерді оқушы да, мұғалім де, ата-ана да орындауға міндетті, – дейді Айгүл Аманғазықызы. Ол мұндай талаптың мұғалімдерге де қойылып отырғандығын айтады. Олар да біркелкі киінеді екен. Сондай-ақ бұл талап колледж оқушыларына да қойылып отырған көрінеді.
Облыс мектептерінде діни ахуалды жақсарту жөнінде жаңа оқу жылына жұмыс жоспары жасалыпты. Соған байланысты бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған болса, соның бір парасы – ата-аналар жиналыстары. Онда «Отбасындағы рухани ізгілендіру тәрбиесі», «Зиянды заттардан ертең емес, бүгін құтылған жөн» тақырыптарында баяндамалар тыңдалған. Сондай-ақ, мектептерде «Дін және мектеп», «Діни фанатизм» тақырыбында дөңгелек үстел, «Діннің адамға ықпалы» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілуде. Сонымен қатар, облыстағы барлық мектептер мен колледждерде дәстүрлі емес діни ағымдардың арты неге соқтыратынын жастарға түсіндіру мақсатында «Адасқандар» деректі фильмі көрсетіліп жатыр екен. Фильмде «Терроризм» бабы бойынша істі болған ақтөбелік Еркін Досқалиев туралы баяндалған.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Ақтөбе.