Қазақстан • 20 Маусым, 2017

Банк заңнамасын қолдану мәселелері қаралды

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғарғы Соттың ұйымдастыруымен, Бас прокуратураның бас­тамасымен қолға алынған «Әділеттілік – құқықтық қорғаудың негізгі критерийі» атты бірлескен жобаны жүзеге асыру аясында «Банктік заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Банк заңнамасын қолдану мәселелері қаралды

Дөңгелек үстел жұмысына Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары,  Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банк­тердің, «Атамекен» ҰКП мен Қа­зақ­стан­ның қаржыгерлер қауым­дас­тығының өкілдері қатысты.

Іс-шараны аша келе, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.Әб­ді­қадыров Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі міндет ретінде заңнаманы жаңа жағдаятқа сай бейімдеудің басым міндеттерінің бірі ретінде ай­қындалғанын атап өтті.

Президент проблемалық ипо­те­калық қарыздарды қайта қар­жыландыру бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды. Осы орайда биылғы жылы «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға, Қа­зақстан Республикасының Аза­маттық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, коллекторлық агенттіктердің қызметін реттейтін «Коллекторлық қызмет туралы» Заң қабылданды.

Жоғарыда аталған нормативтік актілердің нормаларына сәйкес, Жоғарғы Соттың бастамасымен банк­тердің қарыз алушыларға талап қою мерзімі бес жыл деп белгі­ленген.

Дөңгелек үстел барысында Әді­лет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары Н.Жамаладин, Бас про­ку­ратураның 4-департаментінің Жоғарғы Сотта қатысуын қамт­а­ма­сыз ету бөлімінің бастығы А.Иб­раева, Ұлттық Банктің қаржылық қыз­меттерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының орынбасары И.Әл-Кейси, Аста­на қаласы сотының судьясы Ш.Нү­сіпова, Алматы қалалық сотының судьясы Р.Баишев баяндама жасады. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар Жоғарғы Соттың құқық қолдану мәселелерін шешудегі маңызды рөлін атап өтіп, банктік заңнаманың оң өзгерістері және құқық қолдану мәселелерін талқылау мен оларды шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін осындай үлгідегі іс-ша­ра­ларды өткізу қажеттігі аталды.

Дөңгелек үстел жұмысының соңында заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»