Қазақстан • 20 Маусым, 2017

Елшілер брифинг өткізді

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Финляндия Республикасындағы елшісі Мұрат Нұртілеуов пен Швеция Корольдігіндегі елшісі Дастан Елеукенов журналистерге арнап брифинг өткізді.

Елшілер брифинг өткізді

– Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты жаңа бір деңгейге көтереді деп сенемін. Жаһандық көрме барысында, яғни 20 маусымда Финляндияның ұлттық күні атап өтіледі. Оған арнайы келген фин елінің президенті Саули Нийнисте қатысады. Де­легацияның құрамында 70-ке жуық бизнес өкілдері болады. Әри­не, жоғары деңгейдегі кездесулер болатыны анық. Финляндия ЭКСПО-ға үлкен дайындықпен келіп отыр, – деді Қазақстанның Фин­ляндиядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Мұрат Нұртілеуов.

Елшінің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін Астана-Хельсинки әуе рейсі Алматы қаласына ауыстырылады. Қазіргі уақытта осы мәселе бо­йынша келіссөздер өтіп жатыр.

Айта кетейік, Финляндия Сол­түстік Еуропа елдері арасынан алғаш болып 1991 жылы 30 жел­тоқсанда Қазақстан тәуел­сіз­дігін таныған ел. Ал 1992 жылдың 13 мамырында қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Екі ел арасындағы тауар
айналымының көрсеткіші де жоғары деңгейде. 2014 жылғы көрсеткіш 1,1 млрд дол­ларды құраса, 2015 жылы 467 млн долларға төмендеген. Ал өткен жы­лы бұл көрсеткіш 342 млн доллар болыпты.

Жиын барысында Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі елшісі Дас­тан Елеукенов сөз алып, екі мемлекет арасындағы қарым-қа­тынастар жайында қысқаша баяндап берді.

–  Әр жылдары экономикалық жағдайларға байланысты сауда айналымы бірде төмендеп, бірде көтеріліп отырды. Дегенмен, соңғы уақытта бәрі жақсарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша екі ел арасындағы сау­да айналымы 311 млн долларды құрады, – деді Дастан Елеукенов.

Ол, сондай-ақ, Қазақстанның яд­ролық қаруға байланысты ұс­танымын Швеция қолдайтынын ерекше атап өтті. Қазақ еліне жұмыс сапарымен келген Швеция Корольдігі парламентінің төрағасы Урбан Алин кезінде осы мәселемен айналысқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, дипломат күзде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция Корольдігіне ресми сапармен баратынын айтып, екі ел арасындағы байланыс бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»