«Адамның бір қызығы бала деген» дейді Абай атамыз. Ұлт тәрбиесінің бастауы бала тәрбиесінде жатқаны бесенеден белгілі. Бүгінгі бала – ертеңгі мемлекеттің тізгінұстар азаматы. Сондықтан бала тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты. Әсіресе, баланы тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындататын, азамат ретінде қалыптастыратын мектептің орны бір бөлек.
Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицей солардың қатарында. Мектеп-лицейдің қабырғасы сонау 1939 жылы қаланған. Бүгінде 70 жылдан астам тарихы бар мектептен талай білікті азамат түлеп ұшқан. Аталған білім ордасы шәкірт тәрбиесіне, біліміне жіті назар аударады. Өткен оқу жылы мектепті 119 оқушы бітіріпті. Сол оқушылардың 81-і мемлекеттік грант иегері атанып, жоғары оқу орындарына түсті. «Алтын белгіге» ұсынылған 8 оқушының барлығы үмітті ақтады. Сонымен бірге 5 шәкірт үздік аттестатқа ие болды. Мектеп мұндай жетістікке бала тәрбиесі үшін тыным көрмейтін, әрбір оқушының санасын оятып, білімге деген құштарлығын арттыратын мұғалімдердің мұқалмас қайрат-жігерінің арқасында жетіп отыр. Ал ұжымды ұйыстырып, жұмысын жүйелеп отырған мектеп директоры Гүлжан Айдарованың еңбегін осы орайда айтпай кетуге болмайды. Сонымен қатар Меруерт Әбдіхалықова секілді жекелеген ұстаздар мектеп мерейі үшін аянбай тер төгіп келеді.
№3 мектеп-лицейінде өзімнің екі балам білім алып жатыр. Қызым Нәзира 11-сыныпта оқиды. Жақсы оқиды. Ол мұғалімдер мен мектептің үмітін ақтайды деген сенімдемін. Ал ұлым Нариман 8 сынып оқушысы. Мектептегі үздік шәкірттің бірі. Балаларымызға білім беріп, оларды қанаттандырып отырған мектеп-лицей ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз.
Гүлмира БЕЙСЕНБАЕВА.
Қызылорда облысы.