Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асырудың бір көрінісі.
Полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеру талабы көп жылдан бері жүйелі жүріп келеді. Департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі мамандары Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен бірнеше мәрте жеделдете оқыту курстарын өткізген. Сөйтіп, 2013-2014 жылдары БҚО ІІД-нің 200-ге жуық полиция қызметкері «Қазтест» жүйесі бойынша сынақты сәтті тапсырды. 2015 жылы қараша айында өткен диагностикалық тестілеуге қатысқан 200-ден астам қызметкердің 80 пайызы жоғары деңгейге қол жеткізіп, сертификатқа ие болды.
Міне, жақында Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Ішкі істер департаментінде тіл үйрету курсы жаңа топты қабылдады. Сабақты Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дің аға оқытушысы Индира Сұлтаниязова жүргізеді. Топ құрамында 32 адам оқып жатыр, оның 13-і украин, орыс, татар, ұйғыр секілді өзге этнос өкілдері. Сонымен бірге, орыс мектебін бітірген
19 қазақ орта деңгей бағдарламасы бойынша білім алуда.
– Біздің қызметкерлер үшін «ҚазТест» сынағы биылғы желтоқсан айында болады. Оған департамент қызметкерлерінің 70 пайызы қамтылады, – дейді мемлекеттік тіл жөніндегі маман Жазира Кенжеева.
Тіл сабақтары сұрақ-жауап стилінде ойын түрінде өтеді. Ал жалпысында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде 158 өзге этнос өкілі бар, олардың 35%-ы қазірдің өзінде мемлекеттік тілде сөйлей алады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ