Қазақстан • 20 Маусым, 2017

Жас сардарлар қатары толықты

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың қатысуымен Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлт­тық қорғаныс университетін бітіруші офицерлерді сал­танатты шығарып салу рәсімі өтті.

Жас сардарлар қатары толықты

Қазақстан Қарулы Күш­терінің және ҰҚШҰ-ға қаты­су­шы мемлекеттердің офицерлер корпусы қатарын 100-ден аса магистрант толықтырды. Қазіргі уақытта Ұлттық қор­ға­ныс университеті ҰҚШҰ-ға мү­ше мемлекеттердің қарулы күш­тері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлау жөнінде оқу орындарының тізбесіне енгізілді және бүгінде түлек­тер арасында Армения, Қыр­ғыз­стан және Тәжікстан рес­пуб­ликаларының өкілдері бар.

«Әскери кадрларды даяр­лау ерекше мемлекеттік ма­ңызды іс болып табыла­ды. Сон­дықтан сіздер, яғни, Ұлт­тық қорғаныс уни­вер­си­те­тінің түлектері заман талабы­на сай және көшбасшылық қа­сиеттерге ие болып, әскери қызметтің барлық салаларында бағыт-бағдарларыңыз бар үздік маман атануға тиіссіздер. Университет қабырғасында әртүрлі ауқымдағы операция­ларды сәтті жоспарлауға, бірлестіктерді, құрамалар мен әскери бөлімдерді мықты бас­қаруға мүмкіндік беретін те­рең білім алдыңыздар», – деді генерал-полковник С.Жасұзақов.

Қазіргі уақытта Ұлттық қор­ғаныс университеті Қазақ­станның әскери білім бе­ру ісі­нде көшбасшы саналады. Онда тыңдаушылар мен оқы­тушылардың ұтқыр­лы­ғына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі барлық дең­гейлер мен дәрежелер сабақ­тастығын қамтамасыз етуге маңыз беріледі. Сондай-ақ, білім бағдарламаларын жүзеге асыруда озық оқыту әдістері қолданылады.

«Егемен-ақпарат»