Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiктi арттыру аймақтық орталығының директоры Сабыр Ибраевтың курстардан өткен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде сыбайлас жемқорлық заңнамасына қатысты тест тапсыратыны, жыл басынан осындай сынақтан 266 тыңдаушы өткені, олардың 51-і «үздік», 77-сі «жақсы», 131-і «қанағаттанарлық», ал 7-і «қанағаттанғысыз» нәтиже көрсеткені туралы баяндаған ақпаратына сай облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет қаржысы жұмсалатын курстар көбіне дәріс оқу үшін ғана жұмыс істейтінін, қызмет сапасын жақсарту шаралары көңіл көншітпейтінін атап көрсетті.
«Оқуға, біліктілігін жетілдіруге жіберілген мамандар қызметіне оралған кезде тың оймен, жаңашылдық идеямен ерекшеленуі тиіс. Өкініштісі сол, мұндай өзгерістер байқалмайды. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп келген 19 тыңдаушының жартысының ғана қызметі өскен. Бесеуі жұмыссыз жүр. Курстар, оқулар қайтарым бермейтін болса, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға ықпал жасалмаса, онда мемлекет қаржысын текке рәсуа ету деген сөз», деді Құмар Іргебайұлы мәселені төтесінен қойып. Қағаздағы есеп үшін мемлекеттік қызметшілерді оқытудың қажеті жоқ екенін баса айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның өңір бойынша департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытында ғана емес, одан тыс кезде де өздерін дұрыс ұстауы тиістігін жеткізді. Олардың арасында жүрген ортада жүріс-тұрыстарын, дастархан басындағы отырыстарын түрлі әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайтындар, былайша айтқанда, әдеп нормасын сақтамайтындар аз емес.
Осы ретте Қ.Ақсақалов барлық мемлекеттік органдардың сайттарын жаңартып тұруға баса көңіл бөлу қажеттігін жиналғандардың есіне салды. «Аудан әкімдерінің сайттарын қарасаң, бюджет қаражатының қайда жұмсалып жатқаны, мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат мүлдем жоқ. Бір ауданда, тіпті, ақпарат 2015 жылдан бері жаңартылмаған. Мемлекеттік органдар жұмысына тұрғындардан түсетін арыз-шағымдардың азаймауының бір себебі осы», деді ол.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы