Топ бастаушы «Астана» бұл турда «Ақтөбемен» күш сынасып, тегеурінді қарсылыққа тап болды. Дегенмен, теміржолшылар жігерлі ойынның арқасында алдымен есепті теңестіріп, одан кейін қатарынан екі гол соғып, маңызды жеңіске ие болды. Ал «Қайрат» болса, биылғы біріншіліктің жүлдесінен үмітті «Тобылды» өз алаңында тізе бүктірді. Қызылордада жергілікті «Қайсармен» ойнаған «Ордабасы» да қанжығаға үш ұпай байлап, Шымқалаға олжалы оралды.
Қалай болған күнде де, чемпионаттағы алтыншы орын үшін арпалыс күшейе түсті. Бұған себеп болған жайттың бірі – «Ертіс» күтпеген жерден «Таразға» есе жіберді. Сөйтіп, жамбылдық футболшылар турнир кестесінде «Атырау» мен «Ақжайықты» басып озып, алтыншы орындағы «Қайсарға» бір табан жақындай түсті.
Бұл турда Қарағандының «Шахтері» кезекті жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алды. Ал көш соңындағы «Ақтөбе» «кеншілерден» үш ұпайға қалып келеді. Бірақ, ақтөбеліктердің бір ойыны кем.
Сұрмергендер арасындағы бәсекеде Жерар Гоудың («Қайрат», 13 доп) көкжелкесінен Жуниор Кабананга («Астана») қарап тұр. Бұл шабуылшы соңғы төрт ойында алты доп соғып, гол санын 12-ге жеткізді. Ал, Алексей Щеткиннің («Тобыл») еншісінде әзірге 8 гол бар.
16-турдағы кездесулерде мынадай нәтижелер тіркелді:
«Қайрат» – «Тобыл» – 2:0 (0:0), Исламхан, 64 – пенальтиден (1:0). Исаэл, 84 (2:0). «Қайсар» – «Ордабасы» – 0:1 (0:0), Фонтанельо, 58 (0:1). «Шахтер» – «Атырау» – 2:0 (1:0), Станоевич, 1 (1:0). Станоевич, 89 (2:0). «Оқжетпес» – «Ақжайық» – 2:1 (2:0), Марочкин, 28 (1:0). Козлов, 36 (2:0). Азука, 58 – пенальтиден (2:1). «Тараз» – «Ертіс» – 2:0 (2:0), Зайнутдинов, 13 (1:0). Сейдахмет, 24 (2:0). «Ақтөбе» – «Астана» – 2:4 (2:1), Зенькович, 18 (1:0). Твумаси, 19 (1:1). Граховац, 45+2 – өз қақпасына (2:1). Кабананга, 47 (2:2). Твумаси, 56 (2:3). Мужиков, 86 (2:4).
Келесі, 17-тур маусымның 24 және 25 күндері өтеді:
«Ертіс» – «Қайсар», «Ордабасы» – «Қайрат», «Атырау» – «Ақтөбе», «Астана» – «Оқжетпес», «Тобыл» – «Шахтер», «Ақжайық» – «Тараз».
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»