Оқушы болып партаға отырмаған, ұстаздан білім алмаған, оның тәрбиесін көрмеген адам мүлдем жоқ та шығар. Мен де сол ұстаздың қамқорлығына бөленгендердің бірімін. Ол – Мәукен Әсенұлы. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпаққа арнаған ұстазымды көргенде ойыма Жан Жак Руссоның «Ұстаз – уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген сөзі ойыма орала береді. Шынында менің ұстазым Мәукен аға сондай жан. Қашан көрсең де ұлттың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген қанатты сөзін айтып, мұғалімдерді жұмылдырып жүреді. Ол 20 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектебінде директор болып қызмет атқаруда.
Тәубе дейік, қазір ел жағдайы жақсарды, халықтың тұрмысы оңалып келе жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар әлі күнге көз алдымызда. Электр жарығы жиі сөніп, мұғалімдер айлық ала алмаған уақыттар кездескен.
Ендігі жерде білімнің бастауы мектепте десек, соны жетілдіру арқылы еліміздің келешегі болатын ұрпақты рухы мықты жігері найзадай өткір, білімі биік етіп тәрбиелеу – басты мақсат. Әсіресе, әлемдік озық тәжірибелерді басшылыққа алу, білім мазмұнын жаңаша құру, педагогикалық басқару үрдісін уақыт талабына сай ұйымдастыру, жаңа технологияларды оқу ісіне қолдана білу – осының бәрін өзі бас болып Мәукен аға бір ізге түсіріп келеді. Елбасы бекіткен жаңа білім бағдарламасына сай оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, мемлекеттік білім стандартын мүлтіксіз орындау, қаржылық шаруашылық ісінде тәртіпті бұзбау, кадр саясатын әділ жүргізу секілді басты міндеттерді ол өз жұмысының темірқазығы етіп алған. Бұған қоса, Президенттің «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 4 жас маманды қызметке қабылдады.
Мен бүгін мұғалімдер күніне орай ұстазымның асыл қасиеттерін айта отырып, осындай үлгі өзгелерге де сабақ болса екен деймін.
Әлімғазы ЕСЖАНОВ.