Облысымызда этносаралық қарым-қатынасты нығайту жұмыстары 1992 жылдан бастау алды. Сол жылдары облыста 9 – грек, өзбек, түрік, чешен-ингуш, корей, ұйғыр, неміс, украин және орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдіктері жұмыс атқарса, бүгінгі таңда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астына 26 этномәдени бірлестіктер бірікті. Этномәдени бірлестік ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмей, қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстардың да қозғаушы күшіне айналды. Аналар кеңесі, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңестері, «Ақжелкендіктер» қоғамымызға пайдалы істердің басынан табылып жүр.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық Ассамблеясының алғашқы Достық үйін ҚХА-ның 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашқан болатын. Достық үйі – облыстағы этнос өкілдерін бір отбасына біріктірген киелі шаңырақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында жаңа Достық үйі пайдалануға берілді. Сәулетіне дәулеті сай ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан
1 млрд 277 млн теңге жұмсалып, бүгінде ел игілігіне айналды.
Сондай-ақ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – қоғамның санасын өзгерту арқылы рухани бай, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруда ұйымға «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» ұранымен өткен ҚХА-ның ХХV сессиясында тағы да үлкен үміт артылып, тың міндеттер жүктелді.
Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияда қазіргі таңда жүйелі жаңғыру бүкіл ел жұмыстарының басты қазығына айналғанын айта келіп, бір-біріне сабақтас үш жаңғыруды – экономикалық, саяси, рухани жаңғыруға ел болып батыл кірісіп кеткенін атап өтті.
Экономикалық, саяси жаңғырумен қатар, қазіргі жаһандану үдерісі өте күшті және жедел өтіп жатқан дәуірде рухани жаңғырудың да Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор. Осы кезге дейін тарихтың тар кезеңінде «мың өліп, мың тірілген» рухы мықты қазақ халқы бүгінгі таңда қайтсе өзінің дербестігін, ұлттық келбетін сақтай алады деген ұлттық, елдік мәселенің басты сұрақтарына Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық, терең мазмұнды мақаласында жауап берген.
Ассамблея сессиясының жұмысында Елбасының мемлекеттің басты капиталы адамның, тұтас халықтың рухани жаңғыруына, оның маңызы мен атқарылатын жұмыстардың ауқымына жан-жақты тоқталуы тегін емес. Өйткені Ұлы Дала елі түрлі тарихи кезеңдерде өктем биліктен қиянат көріп, ата мекенінен еріксіз қоныс аударып, қазақ даласына орныққан, сөйтіп бүгінде қазақ халқымен тағдыр біріктіріп, бауырласып кеткен көптеген этнос өкілдерімен қатар өмір кешуде. Бұл жөнінде Елбасы Тәуелсіздік туралы толғана айтқан сөздерінің бірінде «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» деп атап көрсеткен еді. Сол себепті де Рухани жаңғыру мәселелері, атқарылар жұмыстары бәрімізге ортақ. Бұған Ассамблея сессиясының жұмысында баса назар аударылды.
Қазақстан Республикасының рухани тұрғыдан жаңғырған азаматы қандай болуы керек? Елбасы Ассамблея мүшелері алдында мұны тарата баяндады. «Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл – бүгінгі заманғы уақыт талабы. Елбасы айтқан қазіргі заман адамына қажетті қасиеттердің қай-қайсы да өте маңызды. Мұндағы ең басты мәселенің бірі – халықтың ұлттық кодын сақтау жайы. Тіл, діл, дәстүр-салт, ұлттық мінез, өзімізге ғана тән халықтық қасиет-құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап дамыту – бұл анық бағытты, айқын жоспарды талап ететін ұзақ мерзімді ауқымды жұмыстар.
Елбасы бұл ретте атқарылуға тиісті нақты жұмыс бағыттарын да айқындап берді. Егемен еліміздің шаңырағы беки түсу үшін Ұлы Дала елінде тағдыр қосқан этнос өкілдерінің ынтымақ-бірлігі, сонымен қатар, Қазақстанға деген сүйіспеншілігі мен оның алдындағы жауапты азаматтық сезімінің, мақтанышының жоғары болуы аса қымбат. Сондықтан да азаматтық бірегейлік пен біртұтас ұлт мәселесі де сол тілектің, ниеттің бірлігінен, тазалығынан туындап жататын табиғи процесс болуы тиіс. Мұны біз қазірдің өзінде жақсы сезініп жүрміз.
Қазақ жерінде бақытын еңбектен тауып, елдің ырыс-несібесін арттырып, ұлттық тұтастықтың жарқын үлгісі болып жүрген адамдар қаншама! Мұндай жандар шаруашылықтың, биліктің барлық саласында да бар. Олар ағынан жарылып, Қазақстанды өз Отаны санайды, қиын-қыстау уақытта пана болған қазақ халқына ризашылық сезімін еш жасырмайды. Міне, осындай таза ниет пен тілектен қазақстандық ұлттық бірегейлік туындайды. Мұны әрбір этнос өкілі жақсы түсінеді. Бүгінде мемлекет тарапынан олардың жан-жақты өркендеуіне барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан елімізге мақтаныш болатын, үлгі тұтатын өзге этнос өкілдерінің де болуы заңдылық болып саналады.
Сол себепті рухани жаңғыру бағыттарын жүзеге асыруда Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері біртұтас болып бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыла кірісу қажеттігіне Елбасы баса назар аударды.
Тарихы тереңге тамыр тартқан Жамбыл облысы – бүгінде ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдері бірлесе өмір кешіп, бақытын еңбектен тауып жатқан құт дарыған өлке. Оның әрбір тау-тасының, өзен-суының, сай-жырасының сырын ішіне бүккен тарихын білу, зерттеу мен зерделеу, сөйтіп кейінгі ұрпаққа ұлағат етіп отыру – ортақ парыз. Туған өлкенің тарихы мен көркем табиғатын терең біліп-сезініп өскен жас ұрпақтың Елбасы айтқандай, ертең Туған елінің қадір-қасиетін бағалай білетін шын азаматы болып қалыптасары сөзсіз. Сол себепті өлке тарихын Қазақстанның терең тарихы және бүгінгі жарқын келбетімен ұштастыра біліп, жас ұрпақтың санасына сіңіру – рухани жаңғырудың алғышарттарының бірі деп білеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатын абыроймен атқарған Жамбыл облысының бұл ретте тарихи жәдігерлері молдығымен, оларды әлем жұртшылығының мойындауымен мақтана алады. Ақтөбе – Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас секілді 5 тарихи-мәдени мұрамыздың ЮНЕСКО тізіміне енуі – ұлттық мақтаныш. Ал олардың рухани жаңғыруда орны ерекше.
Жастардың сана-сезімінің қалыптасуы мен рухани жаңғыруы тек өткенді білу арқылы ғана емес, сонымен қатар әлем таныған білім-ғылымның қазіргі озық үлгілерін оқып-танумен де өрістеуі қажет. ХХV сессияға қатысқан Ассамблея мүшелері алдында Елбасы «Жаңа гуманитарлық білім» жобасына тағы да айрықша мән бере тоқталып, әлемнің жетекші тілдеріндегі ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Бүгінде сатылап іс жүзіне асырыла бастаған үш тілді білім алу жайы да әлемдік білім-ғылымға, озық технологияға жол ашпақ. Рухани жаңғыру тұйықталу арқылы емес, қайта керісінше сананың ашықтығымен, дамыған өзге елмен тең дәрежелі қарым-қатынас жасай алумен, жақсысын тану, игеру арқылы орындалмақ. Өзгелердің көлеңкесінде қалып, соңында қалмау үшін де ағылшын тілін жастардың еркін игеруі қажет.
Елбасы ұлттық бірлікті нығайта түсуде басқа барлық мемлекеттік органдармен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының да күнделікті, тұрақты жұмыстар атқарып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункциялы мультимедиалық порталын ашуды, «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. «Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне, ҚХА-мен бірлесіп, ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын», деді Елбасы. Сонымен қатар, бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Бүгінгі таңда ұлттық сананы жаңғырту, Ассамблея алдындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыстар Жамбыл өңірінде де қарқынды жүргізіліп отыр. Облыс ассамблеясының ХХ сессиясында өңір басшысы 2017 жылдың жаңа міндеттерін айқындауда өз ойын білдірді. Қоғамдық келісім мен этносаралық қатынасты нығайтуға арналған іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді.
Маржан ҚОЖАЕВА,
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының
орынбасары, хатшылық меңгерушісі