Қасиетті Құран кітапшасы өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары белгілі тарихшы, өлкетанушы Анатолий Поповтың досына тиесілі болыпты. Ал Анатолий Павловичтің өзі кезінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде қызмет атқарған азамат ретінде Әулиеата өңіріне жақсы танымал. Қасиетті Құран кітабын оқуға, ұстауға тыйым салынған тұста да Поповтың досы бұл кітапшаны жасырып сақтайды. Кейіннен тағдырдың жазуымен бұл кітапша Анатолий Поповтың қолына түскен. Ал музей қызметкері Мөлдір Қыздарбекованың айтуынша, бұл жәдігер қорға 2000 жылы өткізілген. Араб әріптерімен жазылған құнды жәдігер музей мінберін имандылық иіріміне бөлеп тұр деуге болады.
Кітапшаның көптің қызығушылығын тудырып тұр дейтін себебіміз де бар. Осы уақытқа дейін шағын ғана металл қорапта сақталып келген кітапшаның биіктігі – 2,5, ал ені 1,7 сантиметр ғана. Бірақ талай уақыт бойы сақталып келген қымбат қазына өңір мәдениеті үшін де айтулы құндылық болып тұр. Ал кітапша сақталған қорапшаның түсі ақшыл-сары түстес, ал бетінде өсімдік тәрізді ою-өрнектер бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы