Осы орайда сәл шегініс жасап, соңғы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың шежіресіне тоқталар болсақ, ол 2008 жылдың күзінде Lehman Brothers банкінің банкротқа ұшырап, қор рыноктарының құлдырауынан бастау алды. Мұнай бағасы 51 долларға дейін құлдырады. 2008 жылдың желтоқсанында Еуропа экономикасы тоқырау аймағына кірді. Еуропаның Грекия, Испания, Финляндия және Португалия сияқты дамыған мемлекеттері дағдарыс салдарынан қатты күйзеліске ұшырап, экономикалық рецессияға түсті. Рецессияға ұшыраған еуроаймақ елдерінің ішінде Португалияның жағдайы мүлде құлдырап кетті. Мәселен, Standard & Poor′s агенттігі 2012 жылы Португалияның рейтингін «қоқыстық» деңгейге дейін түсірді.
Кәрі құрлық дағдарыс құрсауына түскен сол бір өліара шақта көптеген сарапшылар Португалияның болашағынан күдер үзіп, дағдарыстан тұралаған Еуропалық одақтың қайтадан қатарға қосылатынына да сенімсіздік танытқан еді. Сөйткен Португалия айды аспаннан бір-ақ шығарып, 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштер бойынша 2,8 пайыз жалпы экономикалық өсімге қол жеткізді. Бұл Еуропа үшін өте үлкен көрсеткіш. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында шет ел инвестициясын тарту жөнінен Португалия Еуроодақта алдыңғы орынға шықты. Бұл елдегі бюджет тапшылығы 2010 жылы ІЖӨ-нің 10 пайызын құраса, қазір бұл көрсеткіш 2 пайызға дейін төмендеді.
Португалияның Лиссабон, Порто сияқты ірі қалаларындағы күрт құлдырап кеткен жылжымайтын мүлік бағасы қайтадан көтеріле бастады. Өткен аптада Португалия Еурокомиссияның рұқсатымен ХВҚ-ның 10 миллиард еуро көлеміндегі қарызын мерзімінен бұрын төледі. 2015 жылы елдегі билікті қолға алған социалистер мен коммунистерден құралған коалициялық үкімет тиімді реформалар жүргізіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ең бастысы, соңғы он жыл көлемінде португалдықтар алғаш рет ел ертеңіне шынайы сенім арта бастады.
Әлем экономикасын тығырыққа тіреген 2008 жылғы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан рецессияға ұшыраған еуроаймақ елдерінің бірі Финляндия болатын. Дуалы ауыз сарапшылар бүгінде Финляндия экономикасының рецессиядан шығып қана қоймай, қарқынды даму жолына түскенін бірауыздан мойындап отыр. 2016 жылдың қазан-желтоқсан айларымен салыстырғанда, үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында Финляндия мемлекетінің ІЖӨ өсімі 1,2 пайызды құраған. Ал бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, тіпті жоғары 2,7 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Ең бастысы, соңғы алты тоқсанның бес тоқсанында ел экономикасында тұрақты өсім қарқыны сақталып келеді. Тіпті, Bloomberg агенттігінің тілшілері Райне Тиессало мен Кати Похьянпало Финляндияның экономикалық даму қарқынына қарап, «Скандинавия жолбарысы» пайда болды деген пікірді алға тартты.
Скандинавиядағы еуроаймаққа мүше жалғыз мемлекет болып табылатын Финляндияның экономикалық даму қарқыны іргелі көршілеріне қарағанда, шын мәнінде, оқ бойы алда келеді. Мәселен, нақ осы мерзім ішінде Дания мемлекетінің ІЖӨ өсімі 0,6 пайызға тең болса, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Швецияда бұл көрсеткіш 0,4 пайызды, ал Норвегияда 0,2 пайызды құрап отыр. «Финляндия экономикасының өсу қарқыны Еуроодақтың орташа көрсеткішінен озып кетті. Ел экономикасының өсу қарқыны одан әрі жалғасуда. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендететіндігі даусыз», дейді Danske Bank A/S- тың бас экономисі Паси Куоппамаки.
Осы ретте Еуропалық одақ жайына да қысқаша тоқталып өткен артық болмас. Кәрі құрылықтың дамыған мемлекеттері осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын Еуропалық одақтың іргетасын қалады. Алдымен бұл одақ алты мемлекеттің: Бельгия, Германия, Италия, Люксембург, Нидерланд және Франция мемлекеттерінің басын біріктірсе, бүгінде бұл интеграциялық құрылымға кәрі құрылықтың 28 мемлекеті мүше болып табылады. ЕО 500 миллионнан астам адамды біріктірген әлемдегі ең бай экономикалық одақ болып табылады. Оның біріккен ІЖӨ көлемі 15 триллион доллардан астам қаржыны құрайды. Сонымен бірге, ЕО-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігі айналымға бірыңғай валюта – еуроны енгізіп, еуроаймақ құрып отыр. Португалия мен Финляндия елдеріндегі жоғары экономикалық өсім ЕО-ның ертеңіне берік сенім ұялатады.
Міне, осы одақта экономикалық өсімі жағынан жоғары көрсеткішке жетіп отырған Финляндияның тегеуріні де тегін емес. Сарапшылардың пікірінше, бұл елдегі жоғары экономикалық көрсеткішке бастау болып отырған экспорт көлемінің артуы және соңғы кезде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуал болып отырған көрінеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елдің экспорттық әлеуеті 5 пайызға артқан. Ал Финляндияға тартылған шет ел инвестициясы 3,9 пайызға көбейген.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»