Қазақстан • 21 Маусым, 2017

Студенттер қатары Өзбекстан қазақтарымен толығады

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындарының Өзбекстан еліндегі таны­м­ал­дылығы арта бастады деуге болады. Бұған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұйытқы болуымен 22-23 мамыр күндері Ташкент қа­ла­сында ұйымдастырылған Қазақ­стан­ның білім беру күндері шарасы ықпалын тигізуде.

Студенттер қатары Өзбекстан қазақтарымен толығады

«Өзбекстанда тұңғыш рет өтіп отыр­ған бұл шара­ға Астана,  Алматы, Ақтау, Ақ­төбе, Қарағанды, Қызыл­ор­да, Пав­ло­дар, Семей, Тараз, Түркістан, Шым­ке­­нт қа­ла­ларынан 37 жоғары оқу орны қа­тыс­ты. Көрме жұмы­сы­ның нәти­же­сінде Өзбекстан қазақ­та­рының 1300-ге тарта өкі­лі жаңа оқу жылында қазақ­стандық жо­ғары оқу орындарының студенті атануға қы­з­ығушылық білдірді. Олардың арасында Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, күллі ТМД ау­­мағында тең­десі жоқ Қа­зақ мемлекеттік қыз­дар педа­го­гикалық уни­вер­­­­ситеті де бар. Бұл ж­о­ғары оқу орнын 27 колледж біті­ру­шісі таңдады», дейді Өз­бекстандағы рес­пуб­ли­калық қазақ ұлт­тық мә­дени орталығының білім және ғылым бөлімі төра­ға­сының орынбасары Клара Садырбаева. 
К.Садырбаеваның айтуынша, қазақ­стан­дық жоғары оқу орындарын таңдаған Өз­бекстан қазақтарының саны мұнымен шек­тел­мейді. Алдағы уақытта олардың қатары Қа­зақ­стан­дағы дай­ын­дық бөлімінде оқып жат­­­қандар жастардан бөлек, өз бе­тімен келіп құжат тапсырушылар есебінен де толыға түсуі мүмкін.
Өзбекстанның Науаи облысы қа­зақтарының ұлттық-мәде­ни орта­лы­ғына көп жылдан бері же­тек­шілік етіп келе жатқан К.Садыр­ба­е­ва­ның сөзіне қарағанда, мұндай білім көр­месін таяуда Тараз мем­лекеттік педагогикалық уни­­вер­ситеті Науаи облы­сын­­да өткізуді жос­парлап отыр. Ресми статистика бойынша бұл аймақта 57 мың қазақ тұрады. Аталған аймақта 71 қазақ мектебі жұмыс істейді. 
«Оқушылар өз білімін жалғастыру кезінде түрлі кедергілерге тап болуда. Мә­­­се­лен, олар әлі күнге дей­ін Қазақ­стан­да  жалпы білім бе­ретін ме­кемелерге де,  жо­ғары оқу орнына да бірден түсе алмайды. Бұл үшін алдымен колледж бітіруі керек. Ал көрші елде көп жағдайда ана тілінде білім алу мүмкіндігі шектеулі. Науаи облысы сияқты кейбір аймақтарда бір­де-бір қазақ колледжі жоқ. Бұл мә­се­ле­ден Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі де, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі де хабардар», дейді Клара Садырбаева.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, 
журналист

АЛМАТЫ