Қазақстан Республикасының ІІІ Параолимпиалық ойындары үстіміздегі жылдың 5-9 қазаны кезеңінде Шымкент қаласында өтеді. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 507 спортшы қатысады. Алты параолимпиалық спорт түрі бойынша 523-тен артық медальдар жиынтығы сарапқа салынады: жүзу (СПОДА, көру), пауэрлифтинг (СПОДА), оқпен ату (СПОДА), жеңіл атлетика (СПОДА, көру), отырып ойнау волейболы (СПОДА), үстел теннисі (СПОДА).
Осы жылғы мамыр мен қыркүйек айлары кезеңінде еліміздің барлық өңірлерінде бұл шараның облыстық және қалалық ойындары өткізіліп, оған 2500-ге жуық мүгедек спортшылар қатысты. Сондай-ақ бұл ойындарға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері, параолимпиалық спорт түрлерінің бас жаттықтырушылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ІІІ Параолимпиалық спорт түрлерінің бас төрешілері қатысады. Олардың ішінде халықаралық санаттағы 10 төреші, жоғары ұлттық санаттағы 21 төреші, ұлттық санаттағы 14 төреші және бірінші санаттағы 15 төреші жарысты әділ өткізуге барын салатын болады.
Шымкент қаласында 5 спорттық нысан: «Денсаулық» жүзу бассейні, Қажымұқан атындағы орталық стадион, «Динамо» ату тирі, «Сұңқар» СК, «МОК-2002» ЖШС қатысушыларға қызмет көрсетеді.
2001 жылы Астанада алғаш рет І Параолимпиалық ойындар өткізілген еді. Онда жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының командасы жеңімпаз болып танылды. Алты жыл өткеннен кейін 2007 жылы Талдықорған қаласында (Алматы облысы) ІІ Параолимпиалық ойындар да жоғары дәрежеде өтті. Ойындардың қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Қарағанды облысы, үшінші орында Астана қаласы иемденді.
Бүгінде республикада мүгедектер спорты бойынша 8 спорттық ұйым жұмыс істейді. Маңғыстау, Атырау облыстары мен Астана және Алматы қалаларында мүгедектер спортының 4 спорттық клубы белсенді жұмыс істеп келеді. Сол сияқты Алматы облысында мүгедектерге арналған 1 спорттық клуб ашылып, заңды түрде әділет органдарында тіркелді. Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында 2 арнайы спорттық мектеп жұмыс істеуде. Сол сияқты Петропавл қаласында «Қарасай» стадионындағы жоғары спорттық шеберлік мектебінде мүгедектер спорты бойынша бір бөлімше табысты жұмыс істеп келеді.
Туризм және спорт министрлігі жыл сайын мүгедектердің әртүрлі санатына арналған 70-тен астам республикалық чемпионаттар мен турнирлер өткізеді, оған 5000-нан астам мүгедек спортшылар қатысады, сондай-ақ олардың шетелдердегі халықаралық жарыстарға да қатысуын қамтамасыз етуде.
Қазақстан Республикасы құрама командасының спортшылары мен жаттықтырушыларын – Параолимпиалық ойындардың қатысушыларын ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 ақпандағы № 167 «Параолимпиалық ойындарда жоғары спорттық нәтижелері үшін Қазақстан Республикасы құрама командасының спортшылары мен жаттықтырушыларын материалдық ынталандырудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес мынадай көлемде сыйақылар белгіленген:
1-орын – 50 мың доллар;
2-орын – 35 мың доллар;
3-орын – 25 мың доллар;
4-орын – 14 мың доллар;
5-орын – 6 мың доллар;
6-орын – 4 мың доллар.
Қазақстан Республикасының ІІІ Параолимпиалық ойындары 2012 жылы Лондонда (Ұлыбритания) өтетін Параолимпиалық ойындарға лицензияны жеңіп алуға дайындықтың кезеңі болып табылады.
Аталған ойындарды ұйымдастырушылар: Туризм және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстан Республикасының Параолимпиалық комитеті.
Ойын қорытындысы бойынша спортшылар мен командалар түрлі дәрежедегі дипломдармен, кубокпен, медальдармен және бағалы жүлделермен марапатталады.
Ресми баспасөз конференциясы 2011 жылғы 4 қазанда сағат 17.00-де «Ордабасы» (Шымкент қаласы) қонақ үйінде өтеді.
«Егемен-ақпарат».