
Осыдан он шақты жыл бұрын Қап тауындағы қырғында қаза тауып, Ресей Батыры атанған орынборлық оғлан Жантас Жолдинов жайында мақала жазып, есіл боздақтың есімін елге танытқан едік. Енді, міне, ерен ерлігі үшін РФ Президенті қолынан Алтын жұлдыз алған екінші бір қандасымыз туралы қалам тербемекпіз. Ақыр мақтандық қой, алыстан сермеп орап айналсоқтамай турасын айтайық, ормандай көп орыстың ортасынан ат оздырған осынау бауырымызды қазақстандық ақпарат құралдары өкілдері арасынан бірінші болып іздеп барып, ауызба-ауыз сөйлескенімізді өзіміздің журналистік өміріміздегі сәулелі сәттердің бірінен санаймыз.
***
Бұл оқиға 2014 жылдың 25 қыркүйегінде болған еді.
Ресейдің Свердлов облысы, Лесной қаласы маңындағы ішкі әскер бөлімінің полигонында оқу-жаттығу сабақтары жүріп жатқан. Саптағы сарбаздарының дайындық деңгейін полк командирі, полковник Серік Сұлтанғабиевтің өзі бақылап тұрған. Әскери әзірлік барысы әдеттегідей өтуде. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ секілді көрінген. Кенет... Қисыны келмесе қисая кетуге дайын құбылмалы қу дүниені қойсаңшы бұл. Қырсыққанда қымыран іритінін қайтерсің. Әйтпесе, адам әбден машықтанған үйреншікті әдетінен жаңыла ма? Кезегі бойынша құлашын керіп кезенген жағына қарай енді лақтыра бергенде кіші сержант Алексей Теленин абайсызда қолындағы гранатасын жерге түсіріп алады. Ілгегінен ажырап іске қосылған «бәлекет» әлгі ертегілердегі құмыра ішінде құтырынған жын секілді. Небәрі үш-төрт секундта атылуға тиіс. Айналасына шашырайтын алапат жарықшақтардан ешкімнің аман қалмасы анық. Осының бәрін ойлап үлгерді ме, жоқ па, бізге беймәлім, серіппедей жиырылған Серік секіріп барып, жаңылысқан жауынгерді жанталаса итеріп жіберді де, жарылуға шақ қалған гранатаның үстіне жата кетті. Одан кейінгісін білмейді. Кейін, көп күндерден соң есін жиғанда Алла сақтап, ажал аузынан қайтқанын бір-ақ білді. Қайта үстіндегі бронды кеудеше қамсау болған. Жарылыстың салдарынан сау тамтығы қалмаған өне-бойын қалай ауырсынса да, нағыз қаһармандарша намысын қайрап бәріне шыдап бақты. Көзін ашқанда жан жары Екатеринаның жарқын жүзін көріп, өзінің тірі екендігіне іштей шүкіршілік етті. Ұлы Русланды ойлағанда күдік жайлаған күпті көңілінің түкпірінде түн түңлігін түрген жарық сәуледей үміт оты жылт ете қалды.
Ой, сондағы өлім мен өмір арпалысқа түскен тағдыршешті тайталаста Лесной қаласының қарайған халқы екі дүниенің ортасында жатқан қазақ баласының тілеуін тілегендері-ай. Интернеттегі игі ниеттерге толы жазбаларды оқығанда жанарымыздың жасқа толғанын жасыра алмаймыз. Қалың жұрт қаптап қан тапсыру акциясына қатысыпты. Дәрігерлер де аянып қалмады. Ақыры көп тілеуі қабыл болды. Бірнеше операциядан кейін сарбаздарына ерлік сабағын жеке басының үлгісімен өткізген сайыпқыран сардардың беті бері қарады. Ол өзінің өнегелі іс-әрекетімен ерліктің есеппен жасалмайтынын дәлелдеді.
***
Арада екі ай өткенде Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен полковник Серік Сұлтанғабиевқа Ресей Батыры атағы берілді. Осыған орай РФ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ІІМ ішкі әскерінің бас қолбасшысы, генерал-полковник Виктор Золотов Мәскеу маңындағы бас әскери клиникалық госпитальға келіп, қандасымызды құттықтағанын естіп-білгенде қатты қуандық. Іле-шала Ресей мұсылмандарының мүфтиі Равиль Ғайнудтин бастаған дін өкілдері де сонда барып, батырдың аман-есен аяғынан тұрып кетуіне бағыштап дұға қылды.
***
Батыр бауырымыздың атақ-даңқын алыстан естіп, Астанада тыныш отыра алмадық. Қалайда Балашиха қаласындағы ауруханаға арнайы барып, жаужүрек жампозымыздың хал-жағдайын сұрап қайтудың қамына кірістік. Сол кезде өзім қызмет істеген «Астана ақшамы» газетінің ұлтжанды бас редакторы Аяған Сандыбай мәселенің мәнін түсініп, мені Мәскеуге іссапарға аттандырды. Содан баяғы бабаларымыздың жолымен абыройлы азаматтың арқасына жабар шапанын алып, елдің дәмі есебінде аузына тосар қазы-қартамызды астыртып, артынып-тартына Балашихаға барайын. Ондағы ресейлік әріптестер аяқ-қолымды жерге тигізбей әуежайдан қарсы алды. Бірақ, өздерінің аздаған өтініштерін де айтуды ұмытпады.
Біріншіден, оннан аса күрделі отадан шыққан, әлі де емделу үстіндегі жерлесімізді ұзақ-сонар сұрақтармен шаршатып алмауымыз қажет. Жүздесуге жиырма минут жетеді. Жөн дедік. Екіншіден, екеуара әңгіме-дүкеніміз оқалы погонды офицерлердің қатысуымен әрі орыс тілінде өрбуі керек. Мұнысы көңіліме келіңкірегенімен көнбеске шарам қайсы? Келген ізіммен кері қайтарса қайтем? Келіскен сыңаймен керенау бас изедік.
***
Оңаша отырып ой бөліскенге не жетсін, әрине. Сырт көзден қысылды ма, қайдам кейіпкерім кеңінен көсіле қоймады. Әлде, сөзден гөрі іске бейім әскерилердің әуелден қалыптасқан дәстүрлі дағдысы ма екен? Әйтеуір сауалдарыма тақ-тұқ жауап қайтарған тәрізденді.
– Алдымен ата-анаңыз, туып-өскен ауылыңыз туралы айтсаңыз.
– Мен Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Введенка ауылында туып-өскен кереймін. Әкем Ғазиз ұзақ жыл шаруашылықтың малын бақты. Шешем Балдырған ферманың сиырын сауды. Қаршадайымыздан төрт түліктің жайын біліп өстік. Атқа да міндім, қой да жайдым. Отбасымыздағы алты баланың барлығы қара жұмыстан қайыспайтын. Бүгінде бәрі қарапайым еңбек адамдары. Ағам Еркебұлан қазір қара шаңыраққа ие болып отыр. Апа-қарындастарым үйлі-баранды. Әрқайсысы өздерінің өмірдегі жолдарын тапты.
−Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
- Сыныптас құрбы-құрдастарымнан бәлендей айырмашылығым болған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін оқыдым.
−Батыр біткеннің бала күнінде бұзықтау келетін әдеті болушы еді.
− Ол жағынан «ұяттымын». Қақ-соқпен шаруам болған емес. Оның есесіне спортпен ерінбей айналыстым. Бойым аласалау болғандықтан дене шынықтыруға ден қойдым. Ала таңнан ақшамға дейін алаөкпе болып доп қуатынбыз. Кейін әскерде соның пайдасын көрдім.
−Әскери мамандықты таңдауыңызға не әсер етті?
−Әулетімізде бірде-бір әскери адам жоқ. Тыңнан түрен салған мына мен. Төртінші сыныптан бастап кеңшарымызға астық жинауға келетін солдаттардың киім-кешегіне, жүріс-тұрысына қызыға қарайтынмын. Ол уақытта «соғыс» киноларын құмарта көретінбіз. Әсіресе, «Офицерлер» фильмі қатты ұнайтын. Мектептегі алғашқы әскери әзірлік пәнінің мұғалімі Анатолий Богатырев бізді қару-жараққа үйірсек қылып тәрбиеледі. Кез келгеніміз Калашников автоматын қас-қағымда бұзып тастап, қайтадан жинай қоятынбыз.
−Сонымен, кәмелеттік аттестат алған соң қайда тарттыңыз?
−Үйдегілерді ары-бері үгіттеп, Челябинскідегі танк училищесіне баруға рұқсат сұрадым. Ешқайсысы қарсылық танытпады. Сірә, олар әзер болса емтиханнан «құлап» келіп, ауылда трактор айдар деп ойласа керек. Әкем онда өмірден өтіп кеткен-тұғын. Әпкем Гүлбағи жолыма жүз сом тауып берді. Ең қызығы сол, айым оңынан туып оқуға түсіп кеттім.
−Училищені бітірген соң қандай бөлімдерде қызмет еттіңіз?
−Алдымен Забайкальедегі барлау батальонында, кейінірек Чешенстанда борышымды өтедім. Грозныйды алғаш көргенде төбе шашым тік тұрды. Қирандыға айналған қала, айналамызда тас-талқаны шыққан танктер... Қасыңдағы қандыкөйлек серіктерің оққа ұшқанда аза бойың қаза болады екен. Құдай сақтап, сол қан қасаптың қақ ортасында бірнеше жыл жүрсем де аман-сау қайттым.
Одан кейін, Волгоградта әскери қызметімді жалғастырдым. Артынан Мәскеудегі жоғары әскери академияға жіберілдім. Оны бітірген бойда Ішкі істер министрлігі жүйесіне ауыстым. Челябинскідегі арнайы мотополктің штаб бастығы міндетін атқардым. Екатеринбургте батальон командирі болдым. Соңғы қызметім – Лесной қаласында орналасқан Орал аймағындағы ең ірі полктың командирі.
− Командирге қандай қасиеттер қажет?
- Айналасына абыройлы, ақ жүзді болғаны абзал. Қарамағындағыларды қандай іске баулыса, ең алдымен соның бәрін өзі меңгеріп алуы шарт. Онсыз беделі болмайды. Командир де ұстаз секілді. Шәкірттерінің жүрек отын жаға білуі керек.
−Сіз қатал бастықсыз ба?
−Мұны бағыныштыларымнан сұрағаныңыз жөн. Жалпы, қатты талап қоя білемін. Аталарымыз айтқандай: «қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі». Солай. Үнемі команда беретін қызметтерде болғандықтан, Устав бойынша кейде қаталдық танытуға тура келетінін жасырмаймын.
−Қандай әскери наградаларыңыз бар?
−1995 жылы Чешенстанда сәтті аяқталған аса жауапты әскери операция үшін «За отвагу» медалімен марапатталдым. 1999 жылы екінші дәрежелі «За заслуги перед отечеством» орден-медалін иелендім. Басқа да ведомстволық марапаттарым баршылық. Қысқасы, кеудеге тағар жылтырақтардан кенде емеспін.
−Азаматтық ұстанымыңыз қандай?
− Ең бастысы – мойныңдағы міндетті адал атқару.
− Елді сүйсіндірген ерлігіңіз де осы мақсаттан туындаған болар.
− Менен осы жөнінде жиі сұрайды. Алайда оның егжей-тегжейін айта алмаймын. Бәрі де қас пен көздің арасында болды. Ойланып-толғануға уақыт жоқ еді. Тағдыры маған сеніп тапсырылған сарбазымның өмірін кездейсоқ қауіптен сақтап қалуға күш салдым. Бар болғаны осы. Басқасын білмеймін.
− Атажұртты аңсайсыз ба?
− О, оны айтып жеткізе алмаймын. Жыл сайынғы еңбек демалысымда әйелім мен ұлымды ертіп ауылыма барамын. Ағайын-туыстарымның ортасында алаңсыз аунап-қунап, сағынышымды басамын. Сыралғы сыныптастарыммен тығыз байланысып тұрамын. Анада Атымтай досым сонау Германиядан қоңырау шалды. Жақында ғана осында ауылдасым Талғат Таңатқанов соғып, көңілімді сұрап кетті. Амандық болса, ауылға әлі талай барармын. Ел есіме түскенде кеудемді ыстық сезім кернейді. Тарихи отанымның әрбір табысына қуанамын. Қазақстанның қазіргі әлемдік қауымдастықтағы аса жоғары беделі көп нәрсені аңғартса керек. Өз басым Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың алтын арқауы үзілмегенін қалаймын.
***
Кремльде Президент Владимир Путин қазақтың қайсар мінезді перзентіне Ресей Батыры алтын жұлдызын тапсырғанда «Ішкі әскер полковнигі Серік Сұлтанғабиев өзінің нағыз ер екенін көрсетті. Әскери жаттығу кезінде туындаған қиын-қыстау шақта ол жанкештілікпен ауыр соққыны өзіне қабылдап, жанындағы жолдасын сақтап қалды. Сондықтан да, еліміздің ең жоғары марапатына лайық» дегені сірә, есімізден кетер ме?! Марғасқа ұлымыздың атына айтылған мадақ сөзден төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей тұрған еді ғой, сол сәтте!
Батыр бүгінде өзінің отбасында денсаулығын түзеуге бағытталған ем-шараларды қабылдау үстінде. Жаратқан Иеміз тұлпар мініп ту ұстаған тұғырлы азаматымызға жар болғай!
***
Бұл мақала бұрынырақ жарық көруі тиіс-тұғын. Әртүрлі себептермен әжептәуір кешіктіріп алған жайымыз бар. Құданың құдіреті-ай, осы олқылықтың орнын толтыру сәті бар қазақтың басын қосқан Құрылтайымыз тұсында түсіп тұрғанын қарашы!!!
Талғат Батырхан,
«Егемен Қазақстан»