Білім • 22 Маусым, 2017

Болашақта қандай мамандықтар пайда болады?

33827 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жүргізілген зерттеу нәти­же­лері жұмыс орын­дарының көп­ші­лі­гі­не қауіп төніп тұр­ға­нын көрсетті. Яғни, қазір біз­­ге таныс мамандықтар бол­ашақта қажет болмай қалуы әбден мүмкін.

Болашақта қандай мамандықтар пайда болады?

2020 жылға қарай әлем бо­йынша еңбек нарығында 40 млн жоғары білімді маманға қа­жет­ті­лік болады деген болжам бар. Дегенмен, ірі мемлекеттердің тұр­ғындарында «Білім алған саламыз сұранысқа сай болмай қалмай ма?» деген күдік пен үрей басым екен. Pew Research Center жүргізген зерттеу нәтижесіне сенсек, аме­ри­­ка­лықтардың 87 пайызы жұмыс орын­дарын сақтап қа­лу үшін қо­сымша білім алуға дай­ын екен­діктерін айтыпты.  Со­ны­мен қатар, аталған баяндамада сарапшылардың 48 пайызы бо­ла­шақта робот тех­никасының да­муы салдарынан жұмыс орын­­дары азаятынын айтқан. Олар­­д­ың айтуынша, бір робот мың адам­ның орнын басып, ха­лық­тың жұмыспен қамту деңгейі төмендеуі мүмкін. 

2015 жылы Оксфорд уни­верс­итетінің баспасынан Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскиндтің «Мамандықтар бо­ла­шағы» (The Future of the Professions) атты кітабы жарық көр­ген. Онда болашақта қазіргі ма­ман­дықтарды екі түрлі өз­ге­ріс күтіп тұрғаны айтылған. Бі­рін­шіден, жаңа технология­лар дәс­түрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Мысалы, дәрігер емделушімен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Мысалы, жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманының жұмысын жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар кесірінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін.  

Билл Гейтстің айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі ма­ман­­дықтардың көпшілігі авто­мат­ты бағдарламалармен жаб­дықталып, біліктілігі төмен қыз­­меткерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым генді инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық туралы барлық түсініктеріміз өз­ге­реді. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды», деген еді.  Расымен, Оксфорд сарап­шы­ларының айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі маман­дық­тардың 47 пайызы жойылады. Зерттеу нәтижелері көр­сеткендей, қазір мектепте оқып жатқандардың 65 пайызы бо­ла­шақта енді пайда болатын маман­дық иелері атанады.

Жақында Forbes, Popular Science басылымдары болашақ­та пайда болуы мүмкін 162 маман­­дық тізімін жасады. Онда біздің ойы­мызға кіріп те шықпаған робо­этика бойынша адвокат, қор­шаған ортаны қалпына келтіру менеджері,  криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуал­ды жеке­меншікті бағалау, нейропсихо­лог, медициналық роботтехник, виртуалды өмір архитекто­ры секілді мамандықтар бар. Соның ішінде 2020 жылы эмбрионды емдеу, яғни штегі ұрықтың ауруын анықтап, бала тумай жатып емдеу маманы, 2025 жылы галактикалық архитектор мамандықтары жоғары оқу орындарында ресми түрде ашыла бастайды деп жоспарланғаны айтылған. Әрине, әзірге бұл ма­ман­дықтардың Қазақстанда қа­шан пайда болуы мүмкін екенін дөп басып айту қиын.  Бір анығы, болашақта біз ескі маман­дық­тардың жоғалғанына да, жаңа жұмыс орындардың ашылғанына да куә боламыз. 

Осы орайда «Егемен Қазақ­стан» газетінің ресми сауалына жауап берген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылғанын айтты. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резидентурада – 50, докторантурада  11 мамандық пайда болған.  

ЖОО-да жаңадан ашылатын мамандықтар белгілі бір сатылардан өтеді. Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, кез келген мамандық бойынша білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия алуға Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуіші негіз болады. Қазақстанда бұл құжат 2009 жылы 20 наурызда бекітілген. Ал жаңа мамандықтың ашылуына жоғары білімі бар мамандардың қажеттілігі туралы талдау қоры­ты­ндылары, мемлекеттік орган­дар мен ұйымдардың ұсыныстары әсер етеді екен. 

Қазіргі таңда кадрларды да­йындау Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жік­теуішіне сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 603 мамандық оқытылады. Оның ішінде бакалавриатта – 175, магис­тратурада – 190, резидентурада – 50, докторантурада – 188. Бұл мамандықтар бойынша 2016-2017 оқу жылдарында рес­пуб­ликаның 130 ЖОО-да 472577 адам оқуда. 

Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, беделді жо­ға­ры оқу орнын бітіру әрда­й­ым маңызды бола бермейді. Президент: «Ең бастысы – ең­бек нарығында сұраныс бар маман­дық­қа ие болу. Бұл, әсіресе, ақ­па­рат­тық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компью­терлендіру дәуірінде өзекті бол­мақ. Таяу болашақта қа­зіргі ма­ман­дықтардың 50 пай­ыз­ына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек»,  деген болатын.  

Осы пікірге ұқсас ойлар былтыр Дүниежүзілік эконо­ми­калық форум барысында да ай­тылған. Онда сарапшылар білім беру саласы адамдардың болашақтағы жұмысқа қабілетін сақтап қалу­ға көмектесу үшін өзгеруі керек­тігіне баса назар аударған. «Білім беру жүйесі адамдарды өзгеріп тұратын жаңа еңбек нарығына бейімдеуі керек. Сонымен қатар, қазір ақпараттық технологиялар білімге басқа да жолдар ашты», делінген форум баяндамасында. 

Көптеген зерттеушілер де тек мамандықты игеру аздық ететінін, болашақта жан-жақты қабілет жоғары бағаланатынын ай­туда. «Future Workplace Experience» басылымының са­рап­­тамасына ден қойсақ, маман­дар­дың бірнеше қызметті қатар алып жүруі басты орынға шық­пақ. Яғни, бір мамандық басқа бір­неше мамандықтың қабілетін игеруді талап ететін болады. Мы­салы, қазірдің өзінде тіл білу қажеттілігі айқын байқалады. Қазақстанда 42 ЖОО-да педа­го­гикалық, техникалық, жаратылыстану ғылымдары бойынша үш тілді білім беру жүйесі бар. Бірақ қүндізгі бөлімде оқитын 358 мың студенттің тек 5 пайызы үш тілді еркін меңгергенін айта кету керек. Дегенмен, болашақтағы өзгерістерге дайын болу үшін  Қазақстанда қазірден қажетті шаралар қолға алынған. Білім және ғылым министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стра­тегиялық жоспарында «Назар­ба­ев университет» үлгі­сі­мен ұжымдық басқару артатыны, 19 ЖОО-да бақылау кеңесі құры­ла­тыны айтылған. Қазіргі таңда ЖОО-да 3 технопарк, 4 бизнес-инкубатор мен 500-ден астам ғылыми-зерттеу институты бар. Сондай-ақ, білім, ғылым мен бизнес интеграциясы да мықтап қолға алынбақ.  Мұның өзі кез келген өзгеріске бейімделе алатын маман дайындауға септігін тигізе алатыны анық. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»