Семейде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Жоғары партия мектебінің аймақтық филиалы салтанатты жағдайда ашылды. Аталған мектептің алғашқы филиалы бұған дейін еліміздің батыс өңіріндегі Ақтөбе қаласында ашылған болатын. Оның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті партия Төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан-ды. Ал биылғы жылдың мамыр айында осындай филиал оңтүстік астанамызда ашылған еді.
Семейдегі филиал осындағы кезінде саяси ағарту үйі болған, ал қазірде Абай атындағы облыстық кітапхана жайғасқан сәулетті ғимараттың бірінші қабатына орналасты. Осыған орай өткен жиынды ашып жүргізіп отырған Жоғары партия мектебінің директоры, профессор Бақыт Есекина қазіргі қоғамда болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарға дер кезінде үн қата алатын, еліміз бен Елбасының ішкі және сыртқы саясатын біліктілікпен жүргізе білетін іскер мамандар даярлау уақыт талабы екендігін айта келіп, өздерінің тараптарынан қазірде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Айталық, партия мектебінде өткен оқу жылында бір жарым мыңға жуық партия қызметкері өздерінің біліктілігін арттырыпты. Ал алдағы оқу жылында жаңадан ашылған филиалда көршілес Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан жүзге жуық партия қызметкері дәріс тыңдап, тәжірибе жинақтап қайтатын болады.
Жиында сөз алған партияның Орталық аппараты жетекшісінің міндетін атқарушы Құмар Ақсақалов партия өмірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғаса, «Нұр Отан» ХДП Семей қаласы бөлімшесінің төрағасы, қала әкімі Айбек Кәрімов семейліктерге көрсетілген құрметке орай филиал жұмысы жемісті болатындығына сендірді. Еліміздің рухани орталықтарының бірі болып табылатын Семей қаласында оған мүмкіндік мол, деді ол. Осындағы қазақ гуманитарлық-заң және инновациялық университетінің ректоры, профессор Шырын Құрманбаева да мұндағы зиялы қауым өкілдерінің филиал жұмысына қызу атсалысатындығына сенім білдірді.
Бұдан кейін жаңадан ашылған филиалда жергілікті партия қызметкерлеріне арналған «Партияның тиімді сайлау алды жұмысын ұйымдастырудың нысандары мен әдістері» деген тақырыптағы екі күндік семинар өз жұмысын бастап кетті. Филиал басшысы болып бұған дейін қалалық әкімдіктің аппарат жетекшісі, тіл бөлімінің бастығы және басқа жауапты жұмыстарды атқарған Айдар Самаев тағайындалды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.