Ат спорты • 22 Маусым, 2017

«Шөген – бабадан қалған бекзат ойын»

799 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары біздің елімізде поло немесе шөген деп аталатын спорт түрі пайда болып, істің қиюын тапқан іскер жандардың арқасында ол бүгінгі күнде кеңінен қанат жая бастады. Бір қызығы, мамандар бұл ойынды бұрынғы өткен бабаларымыздан қалған асыл мұра дегенді айтады...

«Шөген – бабадан қалған бекзат ойын»

Қазақстан Республикасы Шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Абайұлы ҚҰРАНБЕКПЕН сұхбат барысында шөген жайындағы  шөгіп жатқан тарих  пен оның бүгінгі күндегі жанданған берекелі тірлігі туралы мол мағлұматқа қанықтық. 

– Сәрсен мырза, шөген спор­тының түп тамырын көш­пелілер тарихымен бай­ланыстырғанда қандай бұл­тартпас деректерге иек артып, табан тіреуге болады? 

– Халықаралық тілмен айт­қанда «поло», біздіңше «шөген» ойыны қазаққа жат емес. Тарихқа терең үңілер болсақ, бұл ойын туралы деректердің сілемі бізді Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұд Қашқаридің «Диуа­ни лұғат ат-Түрк» сынды еңбек­теріне алып барады. Яғни, бұл шығармаларда біздің ата-бабаларымыз есте жоқ ескі заманда ат үстінде отырып алып осы шөген­ді ойнағаны туралы деректер ұшырасады.
Туысқан Әзербайжан елін­де бұл ойын кеңес заманы­ның өзінде өмір сүрді. КСРО халықтарының спартакиадасы бағдарламасы аясында полодан арнайы жарыстардың өткізіліп тұрғаны осының айға­ғы. Тіпті, әзербайжандар шөгенді өздерінің көнеден келе жатқан ұлттық ойыны ретінде 2013 жылы ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын материалдық емес мәдени мұралардың  тізі­міне енгізіп алды. Бұл ойын әзербайжан тілінде «шоған» деп аталса, өзбектер мұны «шоғбан» дейді екен. Ал парсылар болса, шөгенді біз екі мың жылдан бері ойнап келеміз деп, оны өздерінің ұлттық ойыны ретінде әспеттейді. 

«Шөген» дегеннің өзі көне түркі сөзі. Жалпы, «шөген», осыған ұқсас «шоған», «шоғбан», «чавгон» сөздерінің түп-төркіні «шоқпар» деген сөзбен туысады. «Шөген сөзі шоқпармен түбірлес. Екеуінің де түбірі – соғу (ұру) сөзі», дейді қазақтың қару-жа­рағын зерттеген этнограф-ғалым Халиолла Ахметжан. Ал академик Зейнолла Самашев болса, сақ қорғандарын аршу барысында шөген таяғына ұқсас заттардың табылғанын алға тартады. Яғни, дәлдікті, мергендікті, тура соққы тигізуді, ат құлағында ойнауды бабаларымыз жас өркенге осы шөген ойыны арқылы дарытқан. Шөген ойнау жауынгерлік өнер­дің алғашқы сатыларының бірі болғаны айдан анық. Бір сөзбен айтқанда, шөген – бабаларымыздан қалған бекзат өнер, ойын.

– Олай болса, біздің елімізде бабадан қалған байырғы бұл шөгенді дамытуды қолға алған ұлтжанды азаматтарды спорт­сүйер қауым біліп жүруі керек деген ойдамыз.

– Біздегі шөген спортының өріс алуына Өмірзақ Шөкеев сынды қайраткер тұлғаның сіңірген еңбегі зор. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Өмірзақ Естайұлы 2012 жылы Қазақстан Поло феде­рациясын құруға тікелей мұрындық болды. 

Ал, 2014 жылы федерацияның жаңа президенті болып сол кездегі Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Асылжан Мамытбеков сайланды. Сол жолы маған федерацияның вице-президенті және бас хатшысы болу туралы ұсыныс түскен болатын. 

Біз жұмысты мынадай шаруалардан бастадық: ең алдымен федерация атауын қазақы ұғымға сай қылып, «Шөген федерациясы» деп атадық. Бес облыс пен бір қаладан жергілікті шөген федерацияларын аштық. Одан кейін Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан танылу шаруаларын реттедік. Сонан соң, Халықаралық Поло федерациясына мүше болып ендік. Бұдан бөлек, жергілікті федерацияларды шөген спортының керек-жарағымен толықтай қамтамасыз етуді қолға алдық. 

Жергілікті федерация демек­ші, бүгінгі күнде еліміздің алты облысында, атап айтар болсақ, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Алматы облыстары мен Астана қаласында шөген федерациялары ашылып, қалыпты жұмыс істеп тұр.

– Полоны ақсүйектер ойыны дегенде, ең алдымен бұл шөгеннің мол қаржыны қажет ететін қымбат спорт түрі екендігі тіл ұшына оралады...

– Рас, әлемде шөген ақсүйек­тердің спорты ретінде саналады. Бұл спорт түріне қажетті құрал-жабдықтар өте қымбат тұра­ды. Мысалы, бір ғана ер-тұрманының өзі 2 мың доллардан кем түспейді. Ал шөген ойынына арналған аттардың бағасы тіпті жаға ұстатады. Поло-пони деп аталатын бұл жануарлардың бағасы 5 мың доллардан 250 мың долларға дейін шарықтайды. 

Біз жылқымен көзімізді ашқан елміз. Енді келіп, шөген ойнау үшін шеттен жылқы сатып алғанымыз ақылға қонбас шаруа болады деп ойлаймын. Сондықтан, біз өзіміздің қазақы тұқыммен шағылысқан будандарымызды бұл ойынға баулып, үйреттік. Ал, болашақта біздің алдымызға қойған басты мақсатымыздың бірі – шөген ойынына жарамды аттарды өзі­мізде өсіріп, сыртқа сату. Шет мемлекеттердің сыптықтай аттарын удай бағаға сатып алғанша, сатып пайда тапсақ, несі айып?! 

Сонан кейін, бұл шөгенді дамытудағы көздеген мақсаттың бірі – қазақ аттан ажырап қалмаса екен деген мүбәрак тілек. Бүгінгі күнде біздің федерациямызда 80-нен астам арнайы үйретілген  ат бар. Мұның барлығы өзіміздің жергілікті қолтума жылқылар. Сонымен қатар, алдағы уақытта шөген спортына арналған ат әбзелдерін, киім-кешек пен құрал-жабдықты өзімізде шығару ісін қолға алмақшымыз.

– Шөгенді өрге сүйреудің бір жолы – жарыс өткізу болса керек. Бұл тұрғыдағы жағдайы­мыз қалай? Жалпы, бізде халықаралық ірі додаларда тәжі­рибелі қарсыластарға те­геурін танытатын командалар жа­сақталған ба?

– Шөген спортын қолға алған аз ғана мерзім ішінде біраз белесті бағындырғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Екі жылдың ішінде халықаралық деңгейдегі додаларда шөген тартысына тайсалмай кіретін бірнеше команда жасақтадық. Мысалы, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Арген­тинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарды. Бұдан бөлек, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерінде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді шаң қаптырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додасында да бірінші орын өзімізге бұйырды. Одан кейін  Аргентинаның Лухан қаласындағы халықаралық сайыс­та «Almaty Polo Club» бірінші орынға шығып, дүние жүзіндегі үздік командалардың қатарына қосылды.

Таяуда Германияның Мюн­хен қаласында әлемнің ең мықты шөгеншілері бақ сынаған бәсекеде «Astana Polo Club» командасы «Munchin Gold Cup 2017»  жүйесі бойынша өнер көр­сетіп, жеңімпаз атанды. Ал «Almaty Polo Club» командасы «Munchin Gold Cup» сайы­сында Нидерланды, Швейцария, сондай-ақ, жарыс иелері Гер­мания шөгеншілерін жеңіп, турнирдің чемпионы болды.

Ел ішінде де жарыстарды көптеп өткізе бастадық. Былтыр­дың өзінде Қазақстан чемпионатынан бөлек, жеті бірдей турнир ұйымдастырдық. Ағымдағы жылдың ақпан айында қар үстін­дегі шөгеннен халықаралық турнир өткіздік, одан кейін нау­рызда Алматы маңындағы «Almaty Horse  Polo Club» ат спорты кеше­нінде республикалық ірі жарыс ұйым­дастырдық. Оған еліміз­дің ең таңдаулы алты командасы қатысты.

– Ат үстінде алаңсыз доп қуу үшін арнайы алаң керектігі белгілі. Бізде бұл жағынан жағдай қалай қалыптасқан?

– Жалпы, шөген ойынының алаңы туралы айтар болсақ, ол міндетті түрде көгал үсті – жасыл алаң болу керек деген қандай да бір қатаң талап жоқ. Кейбір елдерде ол құмда ойналады. Мысалы, Қытай мен Швейцарияда қысқы полодан жарыс өтіп тұрады. Жабық аренада өтетін поло ойыны да бар.
Өзімізге келер болсақ, Талғар қаласының маңында Халық­аралық поло федерациясының талаптарына толық сай келетін жазғы алаң бар, сондай-ақ, жабық манеж де салынған. Шөген алаңы Тараз қаласында да бар. Астананың маңынан арнайы жер бөлініп, ол жерге де шөген алаңы салынғалы жатыр. Мұндай шаруалар жер­гілікті шөген федерациясы ашыл­ған облыстардың бәрінде де қолға алынады деп жоспарлап отырмыз.

Сөзімізді түйіндер болсақ, шөген спортын дамытуға мүдделі ұлтжанды азаматтар тұрғанда, бұл істе енді іркіліс деген болмайды деп сеніммен айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»