Аймақтар • 22 Маусым, 2017

Елдік пен ерлік – ата-баба аманаты

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіл елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын меңгеру, түсіну, жүзеге асырудың жолдарын қарастыру жан-жақты қолға алынып жатыр.

Елдік пен ерлік –  ата-баба аманаты

Біле білсек, жаңа қазақстан­дық патриотизмді ұрпақтардың санасына сіңіріп, рухани жаң­ғы­рудың жаңа жобаларын жүзе­ге асыруда әрбір музей өзін­дік үлестерін қосуы тиіс. Біз­дің Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы өз жұмысын осынау мерейлі мақсаттар мен міндеттер аясында ұйымдас­тыруға ұмтылып келеді. «Ер­лік» музейі 2012 жылғы жел­тоқ­санда ашылды. Шырайлы Шым­кент шаһарының «Жеңіс» саябағындағы музей 209 шаршы метр аумақта орналасқан, негіз­гі жәдігерлер 110 шаршы метр көлемді алып тұр. Қазір жәдігерлер үш мыңға жуықтап қалды. Олардың саны да, сапасы да, мән-мазмұны да арта беретін бола­ды. Музейіміздің бірін­ші бөлімі 1941-1945 жылдар­да­ғы Ұлы Отан соғысына ар­нал­­ған. Қабырғаларда алуан түр­лі диа­грам­малар, сұрапыл соғыс жыл­дарындағы алапат ай­қас­тарды айшықты бейнелей­­тін кар­ти­налар мен суреттер, сол кез­дері пай­даланылған қару-жарақ­тар, аянбай шайқасып, ер­лік­тің ерен үлгілерін көрсеткен жауын­герлердің киім-кешектері, орден­дері мен медальдары, түрлі-түсті құжаттары, олардан басқа да от-жалынға шарпылған, оқ тес­кен дү­ниелер зерделі жандарды, жасамыстар мен жастарды терең тебіреніске түсіреді деп ойлаймыз. 
Екінші залымыз тыл еңбеккер­лерінің жанқиярлық еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған. Бүгінгі жас ұрпақ соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің, яғни өздерінің ата-әжелері сіңірген ерлік еңбек­тің маңызын жеткілікті біл­мейді. Мұны түсінудің, ұғыну­дың және санаға сіңірудің түрлі жолдарын табуымыз керек. Үшінші залымыз халқымыздың этнографиялық ерекшеліктері ескеріле отырып жабдықталған. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі бірқатар бағалы дү­ниелер осында әкелінген, жаңа­дан жаңғыртуға бағытталған ізденістер жүргізілуде. «Ерлік» филиалының төртінші бөлімі Ауған соғысының қасіреті мен қайғысын ұғындырады.
Облыстағы, әсіресе, Шымкент қаласындағы әскери бөлімдермен де байланысымыз нығая түсуде. Кітапханалармен тізе қоса жұ­мыс істеудің жемістері нәтижелі еке­ніне көзіміз жетті. «Біз – Отан­ның ертеңіміз», «Ұрпақтар эста­фетасы», «Бала – біздің бола­шағымыз», «Батырлар ерлігі – ұрпаққа өнеге», «Ардагерге құрмет – абзал міндет», «Отты жыл­дардың өшпес шежіре­сі», «Ер­лікке тағзым – елдік­тің бел­гі­сі», «Ерлік білекте емес, жүректе», «Рәміздерім – елдігім, Тәуелсіздігім – теңдігім» сияқты басқа да көптеген тақырыптық шаралар жарасымды жалғасын таба бермек.
 2017 жылдың басынан «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ер­лік, бірлік пен ынтымақ» атты жаңа жобаны қолға алдық. Бұл жобаның аясында тү­рлі тақы­рыптар бойынша «Сәрсен­білік сырласу сағаты» әр ай сайын екі рет өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының рухани жаңғыру туралы мақаласы жарияланғаннан кейін сырласу сағаттарының мәні артып, мазмұны тереңдей түсті. Шымкент, Арыс қалаларының құрметті азаматы, еңбек ардагері Шерім Медеуовпен «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат», тыл және еңбек ардагері, бір­қатар аудандарды басқарған Нұрмахамбет Әжіметовпен «Елді ер таниды, ерлерін ел таниды», жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркінбек Тұрысовпен «Ұлы Дала дастаны. Тарих. Тағылым. Әдебиет.», Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, еңбек ардагері, Алданазар Құрманбаевпен «Қолы гүлді, санасы нұрлы азамат», облыстық «Әжелер алқасының» төрайымы Үрзада Айтөреевамен «Әлемдегі ең сұлу әйел – қазақ әйелі», КСРО кезінде атақты шопан, Жоғарғы Кеңес депутаты болған Фатима Қадырбаевамен «Өмірінің өзі – өнеге» деген тақырыптарда тебіреністі де толғанысты сәрсенбілік сырласу сағаттары өтті. Мамыр айын­да өткізілген «ұрпақтар сабақ­тас­тығы: Рухани жаңғыруға құш­тар­лық» іс-шарасы ерекше әсерлі болды. Қазір бұл жоба­мыздың жұртшылық жан-жақты хабардар болып, қоғамдық пікір­­де едәуір серпіліс тудырып үлгер­ді. Музейге келушілер еселеп, көбейе түскені қуантады. Пре­зи­дент мақаласы парасат биіктеріне бастайды. Елбасы еңбегінде музей­лерді пайдалану жүйесінің арнайы айтылғандығы бізге үлкен міндеттер жүктейді.

Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ерлік» филиалының меңгерушісі

ШЫМКЕНТ