Қазақстан • 22 Маусым, 2017

Меритократия – ұлттық таныммен тамырлас

650 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – болашақты бажайлап, ертеңімізді екшеп, мәңгілік елдің мұратын айшықтаған стратегиялық маңызға ие ойтолғам. Аталған мақалада айтылған мәселелер мен межеленген міндеттердің қай-қайсысы да маңызды.

Меритократия – ұлттық таныммен тамырлас

Бүгінде өркениет адам таңға­лар­лық қарқынмен дамып, заман күн санап өзгеріп жатыр. Мұндай тұста бойдағы барыңды жоғалтып алмаудың өзі аз сын емес. Дүбір-дүрмегі көп дәуірде қай қоғам үшін де өзгеріс қажет. «Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деді Елбасы. Түсіне білген адамға мұның астарында «салт-санаңның тозығын тастап, озығын дамыт» деген тұспал жатыр.  
Президент діттеген меже – ұлт­тық құндылықтардан бас­тау алған, заманға лайық мерито­кра­тиялық қоғам құру. Бұл дегеніміз, әр адам еңбегіне лайық құрмет көріп, соған сай табысын табатын, қазақы ұғыммен айтсақ, «бар­мақ басты, көз қыстымен» «көтерілуді» көздейтін тайыз ойлы пы­сық­айларды шетке ысыратын, яғни бәсекеге жол ашатын таза, ашық ортаны қалыптастыру деген сөз. Мұндай ұғым қазақ үшін жат емес. Тарихқа көз салсақ, оған мысалды көптеп кездестіреміз. «Қайы­ры жоқ кей байдан, арам өл­ген мал артық»,  «Сақалын сат­қан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген шешендік сөздер дала салтында әділдік, ашықтық қағи­дасының үнемі үстемдік құр­ғанын көрсетеді.  Данышпан Абай да өзінің отыз үшінші қара сөзінде «алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі сол» деп адалдан нәсіп табуды өнеге өтеді. Демек, еңбек әділ баға­ла­на­тын қоғам құру талпынысы халқы­мыздың қанында ежелден бар. Соны ғасырдың тынысына сай түлету парыз. 
Сонымен, меритократиялық қоғамның басты принциптері не десек, ол – білімді, жаңашылдыққа бейім, әрдайым ашық болу және жеке сіңірген еңбектері мен жетіс­тіктерін мойындау, оны қабі­­лет­тері  мен кәсіби даяр­лы­ғы­на сәй­кес ілгерілету. Бұл игі қа­сиет адамды әрқашан алға сүй­­реп, абыройға кенелтпек. Және осы­ның бәрінің іргетасында адалдық ұғымы жатуы тиіс. Онсыз толыққанды тұлғаға айналу, қоғамның сеніміне ие болу мүмкін емес. Біздің қоғам үшін де қазіргі ауадай қажет дүние де осы сенім болса керек-ті. 
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мем­лекеттік қызметкерлерге арты­лар жауапкершілік жүгі көп. Қоғам тарапынан да оларға қойы­лар талап, айтылар сын да аз емес. Осы ретте, көптен көкейде жүрген біраз жайттың басын ашып, ой бөліскенді жөн санап отырмын.    
Мемлекеттік қызметкер – мем­ле­кет­тік саясатты жүргізуші тұлға. Сол себепті де оларға құр­мет­­пен қарауға тиістіміз. Алай­да, қазір­гі таңда біз бар жауапкер­шілік­ті біреуге артып, кемшілік болса оны түзеуге емес, қайта оған өз­ге­лерді кінәлауға бейім м­асыл­дық мінезден арылмай отырмыз. 
Иә, түрлі лауазымдағы шенеу­нік­теріміз парақорлықпен ұст­а­лып, қоғам мүлкін талан-таражға салып, мансабын асыра пайдаланып, келеңсіз қылықтарға ұрынып жататыны жасырын емес. Алайда, зер салып қарасақ, сол жемқор көктен түскен жоқ, ол да өзіміздің ортамыздан «қалыптасып шыққан «өнім». Оған пара беруші де қоға­мы­мыздың бір мүшесі. Егер «пара беруші» болмаса, «пара алушы» деген ұғым туындамас еді. Демек, қоғамның таза, ашық болуына барлық тұлға бірдей жауапты. Мұндай келеңсіздіктің «тамыры» сананың ластануымен байла­нысты деп білемін. Сондықтан, бұқаралық сипат алған мерезден арылу үшін қоғамға рухани жаң­ғыру ауадай қажет. Елбасы мақа­ласының өзектілігі де осында. 
Кеңестік дәуірде «сананы тұрмыс билейді» деген ұғым ай­ны­­мас аксиома ретінде түсінді­р­іл­ді. Қазіргі таңда бұл қағиданы темірқазық санауға болмас. Себебі, тұрмысты өзгерту үшін де сана керек. Бізге қажеті Елбасы айтқан «тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамайтын, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра біле­тін ұлттық сана». Бұл мемле­кет­тік қызметкерлерге тек қана біліммен шектелмей, тарихи, ұлттық, аза­мат­тық санасын кемелдендіру тала­бын қоймақ. Ендеше, ХХІ ғасырға сай қызметкер болуды көксеген әр адам осы қасиеттерді игеруі тиіс. Мұндай бәсекеге қабі­летті тұлғаның қоғамда жүзі жар­қын, қызметте жолы ашық, абы­ройы да, табысы да жоғары болары анық. 


Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­­руымыз мүмкін еместігін де  баса айтты. Бұл прагматизм деген­ді меңзейді. Президент сөзі­мен айтсақ, «прагматизм – өзің­нің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді». Мұны әр адам, әр отбасына арнап айтылған құнды кеңес деп түсінгеніміз жөн.
«Ауруын жасырған өледі» деген ғой, келелі мәселені айта отырып, кемшілікті де жасырып қалу жарамас. Қазір қоғамға сауалдама жүргізіп, «бізді кері тартып тұрған не?» деп сұрасаң, он адамның тоғызы «жемқорлық» деп жауап берсе, таңғалмас едім. Өкінішке қарай, бізде осы кеселді «кінәлау» бар да, оған қарсы іс-қимыл жағы кемшін түсіп жатады. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәдениетін қа­лып­тастыруда бастамашы болып жүргенін айта кеткен жөн. Жаза басқанды жазалау оңай, бірақ, қоғам міндеті оларды қатаң жазалау  емес, індеттің алдын алу, сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою. Бұл мақсатта агенттік оқу мекемелерімен ты­ғыз байланыс орнатып, «Адал ұр­пақ» патриоттық клубтардың жұ­мы­сы қолға алынуымен қатар, жо­ғары оқу орындары арасында «Адал бол» патриоттық іс-шара өткізілді. Осылайша сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі қоғам, ертеңгі келешек үшін қаншалықты зиян екендігі жас ұрпақтың санасына сіңірілуде. Мұндай жүйелі шаралар кезең-кезеңімен тек білім ордаларында ғана емес, сонымен қатар, түрлі әлеуметтік топтар арасында да ұдайы өткізілуде. 
Жалпы, ел бойынша іргелі кәсіпорындарға барып, еңбек ұжым­дарымен жүздесіп, түсінді­ру жұмыстары тұрақты, тиянақты түрде жүргізілуде. Осы тұрғыда еліміздің барлық облыстарында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтардың бел­сен­ділігін айта кеткен жөн. Со­ны­мен қатар, елімізде сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мәде­­ниет­ті қалыптастыруға бағыт­талған «Есіктен есікке» атты іс-шара­сының да атқарар рөлі зор. Агенттік пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы келісімді іске асыру бойынша Жол картасы шеңберінде кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша сыртқы талдау жүргізу бастамасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда кәсіподақтармен бірлескен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыптарына негізделген бірлескен іс-шараларға аса көңіл бөлудеміз. Аталған жұмыста Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер, дін өкілдері де белсенділік танытуда. Сонымен бірге, қоғамдық бірлес­тіктер мен үкіметтік емес ұйым­дардың, «Нұр Отан» партиясы мен басқа да саяси партиялардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмы­сына қосар үлесі зор. Осылай­ша қоғамның санасын тазалауға бағытталған іс-шара өз нәтижесін беретініне сенімдіміз. Өйткені, сана тазалығы – қоғамға серпін беретін бірден бір қуат. Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы зиянды әдеттермен уланбаған жас буын – Ұлы Дала елінің ертеңін өркенді етеді деп үміт күтеміз.  
Қорыта айтсақ, сана түзелмей, кемшілік күзелмейді. Ол үшін кеселмен күресуді әр адам өзінен бастағаны ләзім. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенді Абай бізге тамсансын деп емес, тәлім алсын деп айтқан болар! «Халық» пен «билік» Қазақстан атты алып кеменің жолаушылары! Ендеше, кемедегінің жаны бір, біздің ой-арман, мақсат-мүддеміз де бір арнада тоғысуы тиіс. Ол мұрат – бәсекеде бәсі биік, ұлттық санасы кемел, әл-ауқаты мығым, өндірісі қуатты әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру. Бұл межеге жету үшін бәрімізге қолдан келгенше үлес қосу парыз.
Ендеше, Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – қоғамды кібіртіктетіп тұрған кемшілікті көзге шұқып көрсеткен, дертіміздің диагнозын дәл қойып, одан сауығудың жолын сілтеген құнды құжат. 

Берік БЕКЖАНОВ, 
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы