Серікжан мырза сонда: «Біздің қазақта ата-баба жолын қастерлейтін, ұрпағын ұлық тұтатын әдемі қасиет бар. «Атадан жақсы ұл туса,елдің қамын жейді; Атадан жаман ұл туса,елдің малын жейді», деген тәмсіл содан қалса керек. Өзім де, інілерім де, балаларым мен немерелерім де бабалар жолын басты бағыт етіп ұстап, барлық тірліктеріміздің бастауын сол кісілердің арман-тілегімен жалғаймыз», – деген болатын.
Тектілік тағылымы, ата-бабалар аманатына адалдық дегеніңіз, міне, осы. Бабалары Меңлібай қажы кезінде елдің ынтымағы мен ырысын ойлап, Шілік ауылынан мешіт салдырған. Қажыңыздың үлкен ұлы Есжан көпір салдырып, диірмен жүргізген. Сейітжан Орталық Азия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін үздік бітіріп, ұрпаққа білім беруге, тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан. Мектеп салдырған...
Бұл бақ қонған әулетті бүкіл байтағымыз біледі. Серікжан Сейітжанов туралы Елбасымыздың өзі ылғи ыстық ықылас танытады. Күні кеше сәуірдің саумал самалы саулап тұрғанда Оңтүстікке, шырайлы Шымкентке келгенде де Президентіміз елшіл ереннің еңбегін жоғары бағалады.
Серікжанның үлкен бауыры Керімжанды да жұртшылық жақсы біледі. Біз де бір кісідей біліңкірейміз. Шымкент көлік және коммуникация колледжін басқарған жылдары Керекең кең көсіліп, керемет істер атқарды. Бірталай іс-шараларына қуана қатысып, Керімжанның кемелдігіне көз жеткізіп, тектілігіне тәнті болғанбыз.
Бұл жолғы әңгіменің арқауы Әлімжан хақында. Солай бола тұра өзіміз өзгеше көретін, бүкіл ел қадірлейтін Серікжан мен Керімжан турасында аз-кем айтпау мүлде мүмкін емес қой.
Әулетті әулеттің Әлімжаны. Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев. Бір әулеттің ғана мақтанышы емес, әрине. Әлімжаныңыз да бүгінде баршаға танымал тұлғаға айналған. Отырардың ғана озық ойлы, озат әрекетті оғланы дей алмайсыз. Ұлысыңыздың ұйытқысы атанған Оңтүстігіңіздің оразды ұлы. Осы қазағыңыз оразды деп осындай парасатты перзенттерін айтқан. Басына жақсылық үйір, бақ-берекелі, ырыс-құт қонған адамды, азаматты, отбасыны, әулетті осылай меңзеген.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Әлімжан Сейітжанұлы Құртаевтың өмірдеректеріне қарасаңыз, көкейіңіз көріктенеді, көңіліңіз толады.
Сексенінші жылдардың басында студенттік жылдарын Жамбылда өткерген. Бертініректе Тараз атанған тарихы терең шаһардың тым ыстық көрінері сондықтан. Қызылордада еңбек жолын бастаған. Ел анасы, жер анасы атанған Сырдың кеңейіп, тереңдейтін, теңізге қарай елеңдейтін өңірінде өзгеше өнегелерден сыр түйген текті ұл түптеп келгенде, өзінің арман-аңсары құрылыс саласында екенін түсінген.
Құрылыс шебері. Ол кезде мастер дейтін. Сонсоң аға инженер. Зертхананың ғылыми қызметкері. «Шымкентпромстрой» тресі құрылыс материалдары комбинатының директоры. Трест басқарушысының орынбасары. Арыс қаласының әкімі. Жалпақ жұртқа жақсы жағынан аян «Оңтүстікқұрылыссервис» ЖШС директоры. Облыстық басқарма басшысы. Республикалық агенттік төрағасының орынбасары. Көші-қон жөніндегі. Отырар ауданының әкімі... Осылайша жалғаса береді.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары ретінде іскерлігін, ізденімпаздығын, салмақтылығын, салиқалылығын, тәжірибесінің тасып-төгіліп жатқандығын, алайда, тектілігіне сәйкес өзінің мінез бен әрекет, сөз бен іс жағынан ешқашан тасып-төгілмейтінін танытып келеді.
Жүріп өткен жолы, атқарып келе жатқан алуан түрлі қызметтері жағынан бағамдап байқасаңыз, нағыз Сенат депутаты болатындай тұлғаны көргендейсіз. Солай сезінесіз. Сенатта отырғанын сенімді елестетесіз.
Кәтта комбинатта, тегеурінді тресте басшы болғанда да, Ұлы ұстаз бабасының топырағын Арыстанбаб кесенесінің алдына әкеліп қосқанда да титімдей шіренбеген. Қарапайым қалпынан, кішіпейіл күйінен танбаған.
Жалпы, бақ қонған бұл әулеттің тұлпар мініп, ту ұстаған қай-қай перзенті де мінезге өте-мөте бай. Әйтпесе, әлқуаттанған, байшыкештенген бірталайлар бұткермелене талтаңдап, кенедейін күпсіп, көздері шелденіп, шіренгенде, шіркін-ой, жүре алмай қалады ғой. Байығанға, бар болғанға не жетсін-ай, не жетсін. Бірақ, байлық пен барлықты көтере алмай жатқандар қаншама...
Әлімжан мырзаның сайлауалды бағдарламасымен таныстық. Нақ-нақ. Қысқа да нұсқа. Нағыз ділгір дүниелер қамтылған. Ұлттық бірлік. Рухани жаңғырудың жөн-жосықтары. Экономика мен жаңа технология және өнеркәсіп қамы. Ауылдың жаны. Білім «культі». Зияткерлік кілті. Денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігі. Туған жерді түлету. Жастарды қолдауға нақтылы серпін беру.
Әлімжан Құртаевтың Парламент Сенатының парасатты депутаты, халықтың шын қалаулысы боларына сенеміз.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, халықаралық«Алаш» және
«Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері